• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 01 Желтоқсан, 2022

Андрей Шин: Этномәдени бірлестіктер - елдегі барлық этностың даму формуласы

433 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы корей орталығының басшысы Андрей Шин Қазақстанда тұратын түрлі этностардың этномәдени бірлестіктерінің мәні мен мағынасы жайлы, сондай-ақ халық бірлігін одан әрі нығайтуға қатысты пікір білдірді.

- Андрей Антонович, сіз белгілі «Шин-Лайн» компаниясымен қатар Алматыдағы белсенді ұлттық-мәдени орталықтардың бірін басқарасыз. Қазақстанда 110 000-нан астам корейлік тұратыны да белгілі. Қазақстандық корейлердің дамуында және өмірінде Корей мәдени орталығының рөлі қаншалықты маңызды?

- Нақтырақ айтқанда, біз - еліміздің ірі қаласының корейлері атынан өкілдік етеміз. Барлығы 30 мыңнан астам адам. Дегенмен, дұрыс айтасыз, барлық қазақстандық корейлердің мәдени өмірі біздің мәдени орталығымыздың төңірегінде өрбиді.

Алматыдағы Корей орталығы 1989 жылы, КСРО-ны реформалауға жақын қалғаны айқын болғанда құрылды. Міне, осы радикалды және драмалық процестің аясында бір сұрақ туындады: көпұлтты елде тұратын этностар не істеу керек? Біртұтас мемлекетте өзіндік ерекшелікті қалай көрсетуге болады? Ресей - ұйымдастырылуы бойынша федеративті ел, сол кезде этникалық топтар үшін мәдени автономиялар құру жолымен жүргенін еске түсіруге болады. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Біз бәріміз бірге өмір сүріп жатырмыз, этникалық тегімізге қарамастан біртұтас халықпыз, сондықтан сол жылдары біздің қоғам үшін үйлесімді этносаралық саясатты қамтамасыз етудің оңтайлы формуласы табылды. Бұл – ұлттық мәдени орталықтар. Кейіннен олар «этномәдени бірлестіктерге» айналды.

- Бұл – этносаралық қатынастардың қазақстандық моделінің көрінісі ме?

- Дәл солай. Белгілеп өтейін, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен біздің бірлігіміз үшін әрекет ететін этномәдени бірлестіктер – елімізде тұратын барлық этностардың даму формуласы.

- Демек «Бірлік әртүрлілікте» қағидасының мәні осыда ғой?

- «Бірлік әртүрлілікте» қағидасы Қазақстан халқының біртұтас екендігіне негізделген және ол этностардан тұрады, олардың әрқайсысы өз алдына ерекше. Бұл қағида біздің еліміздегі этносаралық қатынастарды реттейтін конституциялық нормаларда бекітілген. Ал біздің қоғамдағы осы саланы үйлестіру институты Қазақстан халқы Ассамблеясы болды. Көптеген елдерде сарапшылар көпұлтты мемлекетте қоғамдық қатынастарды құрудың осындай моделінің артықшылығын бірнеше рет атап өтті. Тәжірибенің өзі оның өмірге қабілеттілігін растады.

Егер тарихты еске түсіретін болсақ, КСРО ыдырағаннан кейінгі барлық посткеңестік республикалар этносаралық қатынастардың прогрессивті формаларын жариялады. Олардың барлығы өз конституцияларында этностардың, тілдердің, мәдениеттердің тең құқықтығын жариялады. Бірақ кейінірек байқағанымыздай, бұл елдердің көпшілігінде декларацияларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері жасалмады. Біздің еліміздің Президенті, ал өңірлерде әкімдер жоғары деңгейде басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай тетікке айналды. Этникалық топтардың мүдделері ел Парламентінде ұсынылды. Осындай нақты тетіктердің арқасында Қазақстандағы этносаралық қатынастар саясаты оны институттандыру деңгейіне шықты.

- Қазақстан корейлері мен Алматы қаласында тұрып жатқан корейлерінің этномәдени бірлестігі қалай өмір сүріп жатқанын айтып беріңізші?

- 5-6 қаңтарда Қазақстанда өмір жаңа бағдар алды. «Жаңа Қазақстан» ұғымы, яғни әділдікке, барлық азаматтардың теңдігіне, заңның үстемдігіне негізделген мемлекет пайда болды. Конституцияның өзіне 30-дан аса түзетулер енгізілді, олардың мақсаты – билік институттарын реформалау. Бірақ мұнда ең бастысы – азаматтық қоғамды дамыту.

Біздің этномәдени бірлестігіміз – бұл оның этникалық құрамдас бөлігін көрсететін азаматтық қоғам институты. Елде 100-ден астам этнос бар. Олардың мүдделері, сұраулары мемлекет қызметінің барлық аспектілерінде, заң шығарушы және атқарушы билік органдарында, мәдениет саласында және басқаларында ескеріледі. Біздің орталықтың алдында басқа этностар арасында өз орнын алуы үшін Алматы қаласы корейлерінің мүдделерін білдіру міндеті тұр. Келесі міндет – Корей мәдениетін сақтау. Қарапайым корей азаматы корей тарихы, дәстүрі, ән өнері, би, тіл мәселелері бойынша ақпаратты, араласатын ортасын қайдан таба алады? Сол үшін ол корей этномәдени орталығына келеді. Біздің қалада 35 этномәдени бірлестік бар. Достық үйінде олар тілдесіп, өзара әрекеттеседі, осылайша, мәдениет өзара байытылады. Барлық ниет білдірушілер өз этностарының тарихын, дәстүрлері мен тілдерін үйренеді. Олар сондай-ақ басқа этностардың мәдениетімен де жақынырақ танысып, бір-бірін жақсырақ түсіне алады.

Тағы бір маңызды мәселе: нақты бір этностың өміріндегі әлсіз тұстарын өзінің қауымы білмегенде кім біледі?  Біз Алматының корей орталығында қандастарымыздың барлық мәселелері мен үміттері жайлы білеміз.

Орталықта 20-дан астам түрлі бөлімшелер бар, олар әр түрлі топтарға, жас ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына байланысты бөлінеді. Мәселен, қалада Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтілгенде, біздің орталық 50, 70 адамнан тұратын шығармашылық ұжымдарды ұсынады. 

- Айтыңызшы, басқа этномәдени бірлестіктермен өзара әрекеттесу қалай жүреді? Басқа қазақстандықтар сіздерге қандай да бір сұрақтармен жүгіне алады ма?

- Біз барлық этномәдени бірлестіктермен тығыз әрекеттесеміз. Ковид пандемиясы кезінде медициналық маскалар жетіспеген кезде біздің корей театрының әртістері сол маскаларды тігіп, бірнеше мың масканы қаланың қажеттіліктері үшін, ауруханаларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, балалар мекемелеріне таратқан еді. Қалада 35 этномәдени бірлестіктер бар екенін айттым, оған қоса бір отбасындай тұратын аймақтық, республикалық бірлестіктер де бар. Біз араласып тұрамыз, бір-біріміздің мәселелерімізді, соның ішінде айтарлықтай күрделі мәселелерді де бірлесіп шешеміз.

Бізде Қазақстан халқының қалалық Ассамблеясы бар, оның төрағасы – Алматы әкімі. Оның екі орынбасары бар, екеуі де – этномәдени бірлестіктердің төрағалары. Жыл сайын орынбасарлар сайланбалы негізде өзгереді. Осындай ротация процесі бүкіл республика Ассамблеясы төрағаларының орынбасарларымен де жүріп жатыр. Сонымен қатар ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі деген орган бар. Осы арналар арқылы мемлекеттік органдарға ең өзекті және қиын мәселелер жеткізіледі. Яғни, бізде билікпен өзара әрекеттесудің тікелей арнасы бар.

- Бүгін қазақстандық корейлер үшін қандай өзекті міндеттерді бөліп көрсетер едіңіз?

- Басты міндеттердің бірі - сабақтастықты сақтау. Біздің көз алдымызда ұрпақтардың тез ауысуы байқалады және бұл мәселеге мұқият қарауымыз керек: ешбір жағдайда заманалар жалғастығын жоғалтуға болмайды. Қазір қазақстандық корейлердің төртінші буыны сталиндік жылдардағы қайғылы ұмытылмас депортациядан бері өмір сүріп келеді. Біздің тарихымыз өте қиын болған және оны есте ұстауға тиіспіз. 1937 жылы бізге көмек қолын созып, аталарымызға, әкелерімізге аман қалуға көмектескен қазақтарға алғыс айтуымыз керек. Депортацияның барлық ауыртпалықтары мен сынақтарын абыроймен еңсерген, жанкешті еңбектерімен Қазақстан корейлерінің оң имиджін қалыптастырған және бұл естелікті жас ұрпаққа жеткізіп жүрген аға буынға алғыс айту керек. Жылдар өтіп жатыр және өкінішке қарай мұның бәрі ұмытылуда, ал бұл қазіргі жастарды тәрбиелеудегі үлкен мәселе.

- Әсерлі сұхбатыңызға рақмет!