«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөлім мамандары ғасыр жасаған Күлхатша Байболатованың төлқұжатын жаңалап берді. Мамандар тыл ардагерінің үйіне барып қызмет көрсетіп, суретке түсіріп, құжатын рәсімдеген. Кейін құжаты дайын болғанда арнайы барып табыстады.
Ғасырлық ғұмыр иесі 1922 жылдың 1 мамырында дүниеге келіпті. Мамандар төлқұжатын табыстауға барғанда алдына алып отырған Әбдімәлік есімді шөпшегі мен Күлхатша әже екеуінің арасында тұп-тура 100 жыл жатыр.Әже өзіне қалтқысыз қызмет көрсеткен ХҚО мамандарының құрметіне алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Жыл басынан бері филиал мамандары тұрғындардың үйіне барып 1 882 қызмет көрсеткен. Әсіресе электронды цифрлық қолтаңба алу, төлқұжат ауыстыру және мүгедектерді техникалық-көмекші құралдармен қамтамасыз етуге керекті құжаттарды рәсімдеу қызметтеріне тапсырыс көп түсіп отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандар, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілгендер және денсаулығына байланысты жүріп-тұруы шектелген 65 жастан асқандар 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, қызметтің осы түріне тапсырыс бере алады.