Адамзат қоғамы алға дамыған сайын жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Мемлекеттердің алдына жаңа міндеттер қойылады. Ғарыштық қарқын алған жаһандық даму барлық елдердің де стратегиялық жоспарларына үнемі өзгерістер енгізуді қажет етеді. Жаңа заманға бейімделе білген мемлекет қана экономикалық даму деңгейінің тұрақтылығын ұстап тұра алады.
Еуразиялық одақ құру, еуразиялық интеграциялық байланыстар орнату туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жиырма жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан болатын. Бірақ та ол кезде бұл бастаманы іске асыруға қоғам да дайын болмады, егемендігін жаңадан алып жатқан тәуелсіз мемлекеттер де өздерінің ішкі мәселелеріне көбірек мән беріп кетті. Енді жаңа ғасырдың екінші онжылдығында Еуразиялық экономикалық одақ мәселесі өзінің дұрыс жүйесін тауып, оны іске асыру жолында 2011 жылдан бастап нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. 2011 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь – үш ел арасында құрылған Кеден одағы жұмыс істеп келе жатыр. Кеден одағының тиімділігін уақыт көрсетіп отыр.
Енді Еуразиялық одаққа көшу жағдайы қарастырылып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде осындай 300-ге жуық ұйым жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы біздің әріптестерге 2050 жылға қарай әлемнің 300 бірлестігінің ішінде ең мықты интеграциялық ұйымдардың үштігіне ену мақсатын алға қою қажеттігін ұсынды.
Жаһандық экономиканың өзі нақты бәсекеге бағытталған. Ал бәсекелестік өнімнің сапасы мен халыққа тиімділігінің артуына, оның өзіндік құнының арзандауына, сол арқылы тұтынушыларға қолжетімді бағамен жетуіне алып келеді. Ал осыған қалай қол жеткізуге болады? Мысалы, біздің бидайымызды әлемдік саудаға шығару үшін ең бірінші инфрақұрылым қажет. Яғни, Азия елдеріне және әлемнің басқа да елдеріне астығымызды сату үшін транзиттік тасымалдау мәселесін шешіп алғанымыз жөн. Теміржолдың транзиттік бағыттарын пайдаланамыз, сондай-ақ, теңіздерге шығу үшін порттар және басқа да құрылымдар керек. Соның барлығын есептей келсек, тауардың бағасы шарықтап шыға келеді. Өйткені, транзиттік тасымалдауды жолға қойып алған елдердің осы мәселемен айналысатын ұжымдары бар, олардың ішкі тәртібі, өз көзқарасы бар, өздерінің тауарларына жасалатын жеңілдіктері қарастырылған. Ал біз үшінші тарап ел болып оған кіру үшін өте қомақты деңгейде қаражат салуымыз керек. Ол тауардың өзіндік құнын бірнеше есеге шарықтатып жіберетіні белгілі. Басқа шығындарды есептемегеннің өзінде осы тасымалдың өзі көп қаражатты талап етеді.
Осы орайда, Еуразиялық одақтың тиімділігі зор. Мысалы, еліміздің тұрғындары 17 млн. болса, енді тұтынушыға айналып отырған үш елдің халқын қосқанда, 170 млн. болады. Сондықтан біздің кәсіпкерлердің өз өнімдерін нарыққа шығару көлемі арта түседі. Тауар өндіру көлемі артатыны анық. Ол – табыс көзі және жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Соның нәтижесінде көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер жақсара түсетіні белгілі.
Қазір Кеден одағының өзінде тауарларымыз бірнеше есеге өсіп отыр. Бұл бірінші меже ғана. Ол әрмен қарай өсе беретіні сөзсіз. Ал өнімнің артқаны біздің экономикамыздың тұрақтылығы, халықтың жағдайы жақсарып, еліміздің әлеуеті нығая түседі деген сөз. Егемендік алған кезімізден бері қарай бізге Ресейдің теміржолын пайдалану қымбатқа түсетін-ді. Қазір шекара ашылғаннан кейін, екі ел арасындағы кеденге қатысты көптеген мәселелер шешімін тапты.
Әлі де қалған кедендік рәсімдеу процесіндегі шаралар түрі азаятын болады. Бүгінгі таңда әр адам үшін, әрбір мемлекет үшін уақыт қымбат! Бұрын Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің тауар өндірушілері өз өнімдерін кеден арқылы өткізу үшін қаншама уақыттарын ысырап қылатын. Қазір соның бәрі азайды. Қандай жол ашылып отырғанын осының өзінен де түсінуге болады.
Еуразиялық одақтың тиімділігін көрсететін тағы басқа да факторлар көп. Бізде үш ел арасында құрылған Кеден одағына әлемнің бірқатар елдері қызығушылық танытуда. Мысалы, одаққа алыс шетелдердің де қызығушылығы артуда. Олардың қатарында Түркия, Вьетнам, Үндістан және басқа елдер бар.
Біздің қоғамның, халқымыздың «бұрынғы Кеңес өкіметі қайта құрылып кетпей ме?» деген күмәні болды. Бұл одақтардан сескенетін ештеңе жоқ. Тек қана экономика және өндіріс мәселелері алынған. Бұған саяси, денсаулық сақтау, білім беру мәселелері кірмейді.
Сондай-ақ, адамдарда «Кеден одағына үш ел қосылды, тағы басқа елдер осы одаққа кірсе, соның бәріне Ресей үстемдігін жүргізіп кетпей ме?» деген және бір күмән болды. Ал жасалған келісім бойынша «бір ел – бір дауыс». Оның басымшылығы немесе халқының көптігі әсер етпейді. Мысалы, үш ел – үш дауыс. Соның біреуі қарсы шықса, ол мәселе өтпейді, шешім қабылданбайды. Сондықтан бұл мәселе де шешімін тауып отыр.
Сонымен қатар, «Ресей мен Беларусь тауарлары біздің нарықты басып кетпей ме?» деген күмән болды. Қазіргі қалыптасқан жағдайда қай елдің болмасын кәсіпкерлерінің және тауар өндірушілерінің сыртқы нарыққа шығуына тиімді жол ашып отырған одақтың бірі болып отырғанына көз жеткізіп отырмыз. Бұл дегеніңіз одаққа кірген қай ел үшін де, жаһандық дамудағы өз экономикасын өркендетудің ең бір тиімді бағыты болатыны анық.
Сонымен, күмәнді болып көрінген үш мәселенің де біздің елге алып келетін қиыншылығы, кедергісі болмауы тиіс екендігі осыдан-ақ байқалады. Басты мақсат – Еуразиялық одаққа кірген елдердің экономикасын дамыту, халқының жағдайын жақсарту.
2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз. Біздің таяудағы мақсатымыз – Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді», деп нақты айтты.
Экономиканың қарқын алған бағыты, өсуі тұтынушылар нарығының көлеміне байланысты. Егер нарық көлемінің деңгейі неғұрлым ұлғая берсе, кедергілер келісімдер арқылы шешілген болса, кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге өз тауарларын шығаруға мүмкіндік жасалады және елдің экономикасы мейлінше тұрақты болады және дами береді. Экономиканың дамуы – қоғамның берік болуының негізі, халықтың жақсы жағдайда өмір сүруінің кепілі. Бұл – бір.
Екіншіден, осы еуразиялық интеграция ішіндегі бәсекелестік біздің біраз мүмкіндіктерімізді ашады. Біздер бұл іске білімді жастарды тартуымыз керек. Ол үшін өз елімізде білім беру және ғылым саласын дамытуымыз қажет. Бәсекелестікке төтеп беруде өндірісті дамытуға, кәсіпкерлікті алға бастыруға, оны басқару үшін білімді және денсаулығы мықты азаматтар болуы тиіс.
Үшіншіден, ішкі нарығымыздағы азық-түлік тауарларын өндіруді ұлғайта түсеміз. Өнімнің өзіндік құны тұрақты болып, халыққа тиімділігі арта түседі. Бәсекелестік неғұрлым көп болған сайын соғұрлым тауардың өзіндік бағасы төмендеп, сапасы жақсарады.
Өзімізбен өзіміз қалып, әлемдік бәсекелестікке шыдау – мүмкін емес. Нарық экономикасы жағдайында жаһандық байланысқа түспей отыра алмайсың. Ол бүгінгі таңда дәлелденіп отыр. Ал шекарасын жауып алып, өзіммен өзім өмір сүремін дейтін ел болса, ондай мемлекеттің болашағы жоқ.
Сондықтан біздің Президентіміздің бастамасымен құрылып отырған Еуразиялық экономикалық одақ келешегі зор құрылым. Бұл – Елбасының көрегендік саясатының арқасында жасалып отырған ауқымды интеграциялық жоба. Осындай батыл қадамдардың нәтижесінде біздің еліміз одан сайын нығая түседі, экономикасының тұрақтылығы мен дамуы арта береді.
Осы орайда, Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттерінің қатысуымен қол қойылған тарихи интеграциялық шарттың түпкі мәні – еліміздің серпінді дамуын және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңғыруын қамтамасыз ету мақсатында «мүмкіндік терезесін» айқара ашатын өте маңызды құжат болып табылады.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты.
Астана.