Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде КСРО Суретшілер одағының мүшесі Иван Стадничуктің «Репин жанымызда» деп аталған жеке көрмесі есік ашты. Экспозицияға Қазақстан бейнелеу өнерінің өрістеуіне елеулі үлес қосқан шебердің 40-тан астам көркем туындысы қойылған.
Суретшінің кескіндеме және сәулет өнерінің ұлы шеберлері Микеланджело мен Рафаэльге арнаған «Ол менен күштірек» кенептері бірден назар аудартады. Сюжетте суретші Микеланджелоның Ватикандағы әйгілі Сикстин капелласының төбесін бояған сәтін көрсетеді. Фрескалардың ең танымал циклін бейнелейтін шебердің қиялына қайран қалған Рафаэль, Микеланджелоның туындысына таңданып тұрып: «Ол менен күштірек!», деп айқай салған. Осы бір сәттің әсерін барынша тірі кейіпте жеткізгісі келген Стадничук өзі пір тұтқан қос дарынның қалам қуатын, ой сәулесін жарқырата жырлайды.
Өнерден өз иірімін тапқан туындыгер бейнелеу әлемінің техникасы мен теориясын қатар меңгерді. Әсіресе портрет жанры оның творчестводағы тынысын ашты. Кейіпкердің сырт келбетінен гөрі ішкі әлемін ақтаруға күш салатын суретші, салған адамының мінезін, болмысын көрсетуді мақсат тұтқан. Сонау алпысыншы жылдары салынған «Дәрігер қыз», «Портрет» секілді кенептері оны бекзат өнердің биігіне алып шықты.
Көрме жетекшісі Шолпан Нұғыман Стадничук шығармашылығы әлі де терең зерделеуді қажет ететінін, оның туындылары жарқын әрі әсем, көп дыбысты, адамды ой тереңіне жетелейтін танымдық дүниелерге бай өнер кені деп есептейді. Акварель техникасын жан дүниесімен сезінген қылқалам шебері түс таңдауда табиғаттан берілген ішкі даусын тыңдайды. Пейзаждарының көркем әрі мәнерлі болуының бір себебі осында жатқан болар.
Иван Яковлевич Стадничук 1913 жылы Украинадағы Бердычев қаласының маңындағы Халаимгородок ауылында дүниеге келген. Ол Бұхара, Самарқанд, Ташкент қалаларында тұрған. 17 жасында жастық жалынын ұрлаған майдан даласынан алған әсерлері шығармашылығына көп ықпал етті. Кейбір деректерде оның суретші болуына әйгілі мүсінші Я.Кучиспен кездесудің әсері мол болғаны айтылады. Ташкент көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін 1940 жылы И.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтына оқуға түсіп, белгілі график-иллюстратор, М.Рудаковтың мектебінде шыңдалды. 1952 жылы Алматыға келіп, белсенді шығармашылық қызмет атқарған ол ұзақ жылдар бойы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, Абай атындағы КазПИ-де сабақ берді, Қазақстан Суретшілер одағы жанындағы «Жұма» көркемөнерпаздар шығармашылық акварель студиясын жүргізді.
Суретші бүкілодақтық, республикалық көрмелердің тұрақты қатысушысы болды. Оның туындылары Ә.Қастеев атындағы ММИ қорларында, облыстық мұражайларда және жеке коллекцияларда сақтаулы.
АЛМАТЫ