Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі Президенттің Жарлығы бойынша 2013 жылы құрылды. Қазір жаңа ведомствоның қызметі толық күшіне енді және белгіленген жұмыс режімдерін игеруде. Жолға қойылған жұмыстар және жұмыс жоспарлары туралы білу үшін біз аталған агенттік төрағасы Болатбек ҚУАНДЫҚОВПЕН әңгімелескен едік.
– Болатбек Баянұлы, жаңа агенттік қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берсеңіз.
– Агенттік қызметінің бірнеше негізгі бағыттары бар. Біріншісі, ақылы негізде ұсынылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағдарланған. Екіншісі – еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын сақтау және оған кепілдік беру. Біздің қызметтің үшінші маңызды түрі тұтынушыларға сатылатын тауарлардың техникалық регламенттерінің сақталуына бақылауды, сондай-ақ, тамақ өнімдерін өткізу сатысында олардың қауіпсіздігі саласындағы қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.
Бұл ретте санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың сапасын жетілдірудің маңыздылығын бөліп көрсеткім келеді. Ол бойынша жаңа санитарлық нормалар мен қағидалар әзірленуде, олар жеңілдетіледі және кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді болады. Сонымен қатар, біздің еліміздегі өзекті мәселе тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады, мұнда құқықтық оралымдылық пен азаматтық белсенділік жетіспейді. Біз осыған ықпал етуді және тауар сапасы мен көрсетілетін қызметтер үшін өздерінің құқықтарын қорғауға дайын қарапайым азаматтардың білім қорын тұрақты түрде нығайтуды қарастырамыз.
– Агенттік тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қандай шаралар қолдануда?
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес агенттік олардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және мемлекеттік органдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады. Бұдан басқа, агенттік тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар қабылдауда, сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерімен, қауымдастықтарымен жұмыс жүргізуде.
Қазіргі уақытта агенттік бейінді қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтасып «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасын әзірлеуде. Мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру туралы айтқанда үйлестіру кеңесі құрылатынын айта кету қажет, оған орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҰКП, қоғамдық бірлестіктер қосылмақ. Кеңес тұтынушылар проблемаларын шешумен айналысатын болады.
Бұдан басқа, қоғамдық бірлестіктермен бірлескен шараларды және тиімді өзара іс-қимылды дайындау үшін агенттік тұрақты негізде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды шақыра отырып, тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізуде. Нәтижелері бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар дайындалады. Сондай-ақ, агенттік экономика салаларындағы өткір проблемалар мен кемшіліктерді анықтау үшін тұтынушылардың шағымдарына мониторингті жүзеге асырады.
– Бүгінгі күні тұтынушы сапасыз тауардан қаншалықты қорғалған?
– Бұл мәселе өте өзекті. Қазір нарық тауарларға толы, олардың ассортименті үнемі өсіп келеді, бұл ретте олардың арасында шындығында сапалы тауарды табу өте қиындық тудырады. Тұтынушы қандай да бір тауарды, жұмысты және қызметті таңдаған кезде өзі дұрыс, жан-жақты және объективті бағалау жүргізуі тиіс. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері тек сапасыз тауарды сатып алғаннан кейін ғана іске қосылуы керек.
Сондықтан, біздің ұлттық заңнама бүгінгі күнгі барлық талаптарға жауап беруі тиіс – бұл тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді рәсімі, барлық тұтынушылық өзара қарым-қатынастарда тұтынушыларды құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету. Сондықтан, біз тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығын арттыруды және тұтынушыларға тауарлар, жұмыстар немесе қызметтерді сатып алғанға дейін және одан кейін олардың құқықтарын қорғау тәсілдерін түсіндіруді жоспарлаудамыз. Тиісті түсіндірулер алу үшін тұтынушылар әрқашан агенттіктің, не біздің аумақтық органдардың «қауырт желі» телефондарына жүгіне алады.
– Қазақстанда шағымдар нысаны көбіне экономиканың көлік және құрылыс секторы болады. Агенттік осы салалар бойынша қалай жұмыс істеуде?
– Азаматтар құрылыс пен көлік қызметтеріне өз қалталарынан төлейтін болғандықтан, олардың көліктегі сапасыз қызмет көрсетуге немесе құрылыстағы ақаулықтарға шағым айтуларына болады. Агенттік өз тарапынан құрылыс нысандарын пайдалануға беру және көліктегі профилактикалық шараларға санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз етеді. Жалпы, агенттік осы салалардағы тұтынушылар шағымдарына уақтылы ден қоюға жіті назар аударады.
– Тұтынушылардың ұялы байланыс операторлары олардың ақшаларын негізсіз алып қояды деп шағымданған жағдайлары болды. Олар осындай жағдайларда сіздерге жүгіне ала ма?
– «Байланыс туралы» Заңға сәйкес байланыс қызметтері нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау және телекоммуникация қызметтері нарығында басым немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге арналған бағаларын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру байланыс және ақпарат жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне жатады. Алайда, аталған мәселе тұтынушылардың мүдделерін қозғайтын болғандықтан, біз осы проблемаларды зерделейміз және талдау нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар дайындаймыз. Әр мемлекеттік орган өзінің құзыреті шегінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жауапты екенін түсінуі қажет.
– Тұтынушылар тауар бағаларына қатысты жиі шағымданады. Алайда, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес сатып алушы тауардың құнын білуге құқылы. Ол туралы не айтар едіңіз?
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 10-бабына сәйкес тұтынушының тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет туралы, сондай-ақ, сатушы-дайындаушы немесе орындаушы туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 159-бабына сәйкес тұтынушыларды алдағаны үшін айыппұл көзделгенін айта кету қажет. Бұл ретте осы құқық бұзушылықтар бойынша тексеруді ішкі істер органдары жүргізеді. Шағымдарды тексеруге мораторий жарияланғандықтан біз сауда орындары әкімшілігіне шара қолдану туралы тиісті хаттар жіберіп отырамыз.
– Агенттікке тұтынушылардың «халал» өнімдеріне шағымдары болды ма және олардың стандарттарын бекітетін қандай да бір нормативтік құқықтық актілер бар ма?
– Бізде осы стандарттар жөнінде айтарлықтай проблема бар. Міне, қараңыз, қазір кез келген сөреден «халал» өнімін табуға болады. Бірақ осы өнімнің стандарттары жоқ. Яғни, «халал» ұғымы мен стандарты біздің қазақстандық заңнамада жоқ, бұл нормалар еш жерде көзделмеген. Демек, егер олар көзделмеген болса, онда «халал» стандарттары немесе халықаралық қағидаттары сақталған жоқ деп шағымданудың еш пайдасы жоқ. Қазақстандық заңнама соттарға олар бойынша қандай да бір шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді. Заңнамалық нормалар бар, қоғамдық ұйым бекіткен ереже бар, ол нормативтік құқықтық акті болып табылмайды.
– ШОБ-ты тексеру жарияланған мораторий шеңберінде тауарлардың сапасына байланысты ахуалды қалай бақыламақшысыздар?
– Мораторий агенттікке мониторинг жүргізу, тұрғындармен жұмыс істеу және нүктелі зертханалық сараптама жүргізу тұрғысынан ерекше міндеттер қояды. Сондықтан тікелей тексерулерді біз тек Бас прокуратураның бекітуі бойынша ғана және ерекше жағдайларда – халық денсаулығына тікелей қауіпті жаппай уланулар жағдайында жүзеге асыра аламыз.
Бизнеске түсетін жүктемені төмендету үшін агенттік камералдық бақылауға, мониторингке, тұрғындарға өздерінің сапалы тауарларды тұтынуға құқықтарын қорғау ісінде белсенді азаматтық ұстанымның қажеттілігі туралы ақпарат беруді жоспарлауда. Сондықтан біз үлкен ақпараттық науқан мен аумақтық департаменттер арқылы ашықтық акциясын өткіземіз.
Қауіпсіздікке қатысты мәселелерде ешқандай жеңілдік болмауы тиіс деген пікірмен келісетін кәсіпкерлермен бірқатар кездесулер өткізбекпіз. Осыған орай біз, бір жағынан, рұқсат беру рәсімдері мен тексерулерді қысқартамыз, екінші жағынан, санитарлық нормалардың жүйелі бұзылуы үшін жауапкершілікті күшейтетін боламыз. Осылайша, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде босаңдық болмайды.
– Жұмыстарының сапасына тұрғындар жиі шағымданатын көптеген ПИК-ке қатысты агенттіктің іс-әрекеті қалай болмақ?
ПИК проблемалары кеше және бүгін пайда болған жоқ. Сондықтан, біз жинақталған проблемаларды талқылау үшін Астанаға дөңгелек үстел өткіздік. Нәтижесінде ПИК қызметіне және ТКШ саласындағы қатынастарға байланысты жиі талқыланатын он сұрақ анықталды. Бірінші проблема – кондоминиумдарды заңды тіркеудің болмауы және оларды бақылау. Бұдан басқа, дөңгелек үстелге қатысушылардың сөздері бойынша, монополистердің ПИК-пен кондоминиум нысанын басқару органы мен соңғы тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді жеткізетін нарық субъектілері арасында ынтымақтастық шарттарын жасасу бойынша заңнама талаптары орындалмауда.
Қоғамдық ұйымдардың деректері бойынша, тұтынушыларға көбіне жалпы үй қажеттіліктері үшін негізсіз төлем есептеледі. Сондай-ақ, ПИК-тің жазбаша есептерді пәтер иелеріне тоқсан сайын беруі жөніндегі өзінің міндеттерін орындамау фактісі бар. Тұрғындар үшін екінші маңызды проблема «ТКШ-ны жаңарту бағдарламасы» бойынша көппәтерлі үйлерді сапасыз жөндеу болып қалып отыр. Бұдан басқа, көппәтерлі үйлерде сервистік компаниялармен шарттар жасасу бойынша заңнаманың талаптары орындалмайды, салушылар көп жағдайларда ПИК құруға кедергі жасау үшін техникалық құжаттаманы бермейді және олардағы жертөле үй-жайларын заңсыз өткізеді. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйге жер учаскесіне құқық актісін алуға байланысты қиындықтар жиі туындайды.
– Агенттік әлеуметтік шиеленістің өсуіне және тұтынушылардың наразылығына алып келетін коммуналдық қызметтерге бағаның негізсіз өсуімен айналысатын бола ма?
– Тариф жасау мәселелерімен заң бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігі айналысады. Сонымен қатар, шағымдардың көбінің коммуналдық қызметтер тарифтерінің артуына байланысты екендігін ескере отырып, агенттік осы мәселелерді ТМРА, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің басшыларын шақыра отырып, үйлестіру кеңесі отырыстарында қарайтын болады. Жалпы, агенттік тарифтерді қалыптастырудың айқындылығы қамтамасыз етілуі тиіс деп санайды.
– Азаматтардың тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылып жатқан нақты шараларға ауыссақ. Жақында агенттік кедендік шекараның ортақтығына қарамастан, Ресейден және Белоруссиядан құс етін әкелуге тыйым салды...
– Шындығында, әкелуге тыйым салынған жоқ. Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекарадан 2010 жылғы 1 шілдеден бастап барлық бақылау түрлері, оның санитарлық-карантиндік бақылау алып тасталған. Егер құстың еті туралы айтатын болсақ, онда біз Ресей мен Белоруссияның жекелеген өндірушілері өнімдерінің сәйкес келмеу фактілерінің анықталуына байланысты оларды өткізуге тыйым салу бойынша шаралар қабылдадық.
– Қазақстанға құс шаруашылығы өнімдері мен ірімшік әкелуге тыйым қанша мерзімге енгізілген?
– Тыйым Қазақстан қабылдаған нарықта өткізілетін өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы үшін тиісті бақылауды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер шегінде енгізілген. Ол өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкес келмеу себептері анықталғанға дейін уақытша сипатта болады.
– Шетелден және КО елдерінен алкоголь өнімдерінің бірнеше түрлерін әкелуге және өткізуге уақытша тыйым салу қандай себептерге байланысты енгізілді?
– Тыйым салуға дайындаушы немесе импорттаушы туралы ақпараттың болмау, заттаңбадағы бүлінген және анық емес таңбалау, сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі ақпараттың ішінара немесе толық болмауы себеп. Осындай жағдайда азаматтардың өнімнің құрамы мен өндірушісі туралы хабардар болу құқығы қозғалатыны белгілі. Алкогольдің жиі контрафакт нысаны болуын ескере отырып, ол туралы ақпарат толық болуы тиіс. Тыйым салу 1 маусымнан бастап енгізілді және сол уақытқа дейін жақын шетелдегі өндірушілерде таңбалауды 2013 жылғы шілдеде қолданысқа енгізілген техникалық регламенттерге сәйкес жапсыру үшін уақыт жеткілікті болды ғой деп ойлаймын. Алыс шетелдердің арақ-шарап өнімдерін импорттаушыларға қатысты айтатын болсақ, оларға ұзақ уақыт бойы елемей келген талаптардың бұзылуын жою үшін едәуір еңбектенуге тура келеді.
– Енді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға ауысалық. Соңғы уақытта баспасөзде тамақтан уланулар туралы жиі жазылып жүр. Соңғы жылдары осындай жағдайлардың саны өскен сияқты. Агенттік онымен қалай күреспекші?
– Ең алдымен, санын біліп, айқындап алуды ұсынамын. 2011 жылы зардап шеккен адамдар саны 91 болған 6 улану жағдайы, 2012 жылы зардап шеккен адамдар саны 296 болған 11 жағдай, 2013 жылы зардап шеккен адамдар саны 243 болған 8 жағдай орын алды. Ағымдағы жылдың сәуірінің басынан бастап елімізде жаппай тамақтан уланудың үш фактісі тіркелді, олардың нәтижесінде 70-тен астам адам зардап шекті.
Тамақтан уланулардың өршуіне жүргізілген талдау олардың жылы мезгілдің ішінде іс жүзінде бірдей пайда болатынын көрсетті және көбіне қоғамдық тамақтану нысандарында және мектептер мен балабақшалардың асханаларында орын алады. Уланудың 44%-ы тойханаларға, мейрамханалар мен дәмханаларға, 31%-ы мектепке дейінгі және мектептердің ас блоктарына, ал 25%-ы өнеркәсіп объектілерінің вахталық және астаналық нысандарына тиесілі.
Осыларды ескере отырып, өнімдер мен қызметтердің қауіпсіздік жүйесін арттыру мақсатында агенттік қызметінің айтарлықтай эпидемиологиялық маңызы бар субъектілерге қойылатын талаптарды қайта қарау және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі үшін өндірушілер мен иелерінің жауапкершілігін қатаңдата отырып, қауіпсіздікті бақылау жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты бастады.
– Мемлекет басшысы жақында Астана қаласы базарларының қанағаттанғысыз жағдайы туралы айтты. Агенттік осы мәселе тұрғысынан не жасап жатыр?
– Астана қаласында азық-түлік тауарларын сататын 15 базар жұмыс істеп тұр. 2012 жылы базарлардың санитарлық-техникалық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын жасау мақсатында базарлардың санитарлық-техникалық жағдайына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 2012-2013 жылдардың ішінде «Шапағат», «Құлагер», «Әлем» және «Еуразия», «Әсем» базарларының санитарлық-техникалық жағдайы жақсартылды. «Шарын» базары мен «Мерей» шағын базарында белгіленген талаптарды сақтамаудың орын алуы әлі де жалғасуда. Базар қызметін ұйымдастырудағы ең таралған бұзушылықтар азық-түлік тауарларын өткізу және сақтау шарттарын орындамау, базарды күтіп-ұстауға қойылатын талаптардың бұзылуы, аумақты аймақтаудың жоқтығы және тауар көршілестігінің бұзылуы. Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
Жалпы, республика бойынша агенттіктің аумақтық органдарының бақылауында 419 азық-түлік базары тұр, оның ішінде, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емесі – 8. Бұл Қызылорда облысындағы екі базар, ОҚО-да үш, Астана қаласында екі және Манғыстау облысында бір базар.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 13 млн. 41 мың теңге сомасына 13051 айыппұл салынды. Сот органдарына 684 материал берілді, оның ішінде 554 талап-арыз бойынша сот шешімдері қабылданды. 402 сауда нысаны жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды.
– Базарларды мораторий кезінде бақылай аласыздар ма?
– Біз шағын және орта бизнес субъектілерінің ісіне араласпай-ақ, камералды бақылау әдісімен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, сатылатын және әкелінетін өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін құру жұмыстарын бастадық. Агенттік мемлекеттік органдар, аккредиттеу субъектілері және тұтынушылар арасындағы өзара ақпарат алмасу мақсатында ықпалдастырылған ақпараттық жүйені құру мәселесін қарауда, сондай-ақ осы жүйе өнімдердің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды беретін және тіркейтін аккредиттеу субъектілері жұмысының ашық болуын қамтамасыз етеді.
– Республикада жыл сайын тұрғындардың Конго-Қырым гемаоррагиялық қызбасымен (КҚГҚ) сырқаттанушылық жағдайлары тіркеледі, осы инфекцияға қарсы ағымдағы жылы қандай алдын алу шаралары қабылдануда?
– 2012 жылы ауруды 13 адам, 2013 жылы 7 адам жұқтырды. Ағымдағы жылы республикада халықтың Конго-Қырым геморрагиялық қызбамен сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ. Республиканың оңтүстігінде КҚГҚ бойынша эндемиялық өңірлерде малға, мал қораларына, ветеринариялық, санитарлық-эпидемиологиялық және обаға қарсы қызметтердің күштерімен жергілікті атқарушы органдардың көмегімен қолайсыз пункттердің айналасында санитарлық-қорғаныш аймағын құру арқылы буферлік аймаққа кенеге қарсы өңдеу жүргізілуде. Ағымдағы маусымда 146 елді мекеннің айналасына санитарлық-қорғаныш аймағы құрылды.
Әңгімелескен
Сейфолла Шайынғазы,
«Егемен Қазақстан».