• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2022

Мая мен Дэнсмаа

434 рет
көрсетілді

Жуықта «Egemen Qazaqstan» газетінің 1 желтоқсан күнгі №230 санында «Моңғолды мойындатқан Тұрар» атты көлемді жазба жарық көрді. Мақалада мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың Коминтерн өкілі ретінде 1924 жылдың қазан айынан бастап, 1925 жылдың шілде айының аяғында дейін Моңғолияда атқарған саяси қызметі туралы баяндалыпты. Десек те, газет оқырмандарын елең еткізген дүние мақалада айтылған Тұрардың туған қызы туралы оқиға.

«Моңғолияда Тұрардың туған қызы бар екен». Бұл сөз айтылғалы қашан. Бірақ ешкім мұны тап басып, дәлелдей алған жоқ. Рысқұловтың өмір-тарихын ине-жібіне дейін жүлгелеп роман-хамса жазған жазушы Шерхан Мұртаза марқұм да «Тұрардың қызы» туралы «мифтің» шет жағасын білген. Тіпті, шағын ортада ауызекі айтып та жүрген. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне жұқалап жазды да. Бұл жайлы кейіндеу сөз қозғаймыз.

Ал жоғарыдағы мақала авторы Сұ­ра­ған Рахметұлының айтуынша, 1968 жылы ел астанасы Ұланбатыр қала­сы­нан Бай-Өлке аймағына бір топ өнер адамдары ат басын бұрады. Бұлар­ды ақылына көркі сай танымал сазгер Мая деген әйел бастап келеді. Осы кісі әредікте Өлгей қалалық қазақ музыкалы драма театрының бастығы Қайын­жамал Бақышқызы деген замандасына сыбырлап: «Менің туған әкем Турар Эрискулов атты қазақ» депті (мә­тіннің толық нұсқасын газеттен оқуға болады). Және қазақтың кең етекті бүр­мелі көйлегін киіп, басына үкі таққан дөңгелек тақия қойып түскен фотосы сақталған (бұл фото «Egemen Qazaqstan» газетінің 1 желтоқсан күнгі №230 санында жарияланды). Осы мақаладан кейін біз пақырыңыз Мая мен оның анасы Дэнсмаа жайлы білетінімізді ортаға салуды жөн көрдік.

Әңгімені Маяның анасы Дұғырқызы Дэнсмаадан бастайық. Мақалада бұл кісіні 1906 жылы қазіргі Бурятия республикасының аумағындағы Қияқты (Троицкосавск) қаласында туған депті (кейбір деректерде 1908 жылы туған делінген). Ол заманда Қияқты қаласы Боғда хандық Моңғол елінің (Богда-ханская Монголия) шекара бекеті болатын. Тұрар Моңғолияға осы бекет арқылы келген. Бұлар қалай танысқаны жайлы газеттегі мақалада айтылған...

Дэнсмаа ару туралы моңғолиялық басылымдарда бірқанша дерек жария­ланыпты. Осыларға үңілсек, бұл қыз Ұланбатыр қаласында орыс консулдығы ашқан бастауыш мектепті бітіріп, 1925 жылы Шығыс еңбекшілері комму­нистік университетінде (КУТВ) білімін жалғастырады. Оны 1928 жылы бітірген. Осы жылдан бас­тап Моңғол Халық партиясы орталық комитетінде әйелдер ісіне жауапты нұсқаушы, Орталық парк директоры, Қаржы техникумының бастығы қатарлы қызметтер атқарған. 1935 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан ашылып, жеделдетілген түрде кіші дәрігер даярлайтын оқу орнына қабылданады. Оқуды орыс мамандары жүргізетіндіктен орысша жақсы білетін адамдар қабылданған сыңайлы. Осылай дәрігерлік жолға бет бұрған Дэнсмаа апай 1950 жылы Моңғолия университетінің дәрігерлік факультетін «Табиғи арасан суларымен емдеу-сауықтыру ісі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

1954 жылдан бастап, мамандығы бойынша елдің арасан сулары Құжырты, Жанчивлан, Оргил емдеу-сауықтыру орталықтарын құрып, алғаш рет арасан сулары арқылы заманауи емдеудің медициналық тәсілін ойластырып, осы саланы игерген мамандар даярлайды.

Нәтижесінде, 1962 жылы медицина ғылымы бойынша докторлық диссертациясын кеңес одағында қорғайды. Халық арасында бұл адамды арасын емдеу-сауықтыру ісімен көп айналысқандықтан «Арасан Дэнсмаа» деп атаған. Медицина саласына қатысты «Қан қысымы ауруын арасан суымен емдеу», «Жүрек қан-тамырлары және асқазан ауруларын емдеу жолдары», «Моңғол жеріндегі арасан сулары» атты бірнеше кітаптың авторы. Оның сыртында Моңғолияның алғашқы «Еңбек сіңірген дәрігері» атағын алғандардың бірі екен.

Дэнсмаа апамыз Тұрардан кейін Ядамсүрэн деген адамға тұрмысқа шыққан екен. Бұл кісі халық жауы ретінде ұсталған соң, Самбуу деген әскери саланың білікті қайраткері, корпус командирімен көңіл қосыпты. Ауызекі естеліктерде «корпус командирі Самбуу асқан сұлу Дэнсмааға үйлену үшін оның күйеуі Ядамсүрэнге жала жауып ұстатқан» деген әңгіме әлі күнге дейін айтылып жүр. Бір қызығы, Самбуу мен Ядамсүрэн екеуі бір күні, яғни 1937 жылы 2 қарашасында қатар атылыпты. Сөйтіп, 31 жасында жесір қалған Дэнсмаа Раднаабазар деген адаммен отбасылық өмірін жалғастырған көрінеді. Тағдырдың тауқыметін қа­рамайсыз ба, Тұрарды қосқанда төрт күйеуінен бес бала сүйіпті. Тұңғышы Мая Самбууқызы деп аталса, Самбуудан тапқан ұлының аты – Зориг екен. Соңғы күйеуі Раднаабазардан Энхбаяр, Энхтуяа, Нарантуяа есімді балалары болыпты. Осылардың ішінде Мая мен Зориг халыққа танымал тұлға. Мая атақты сазгер болса, інісі Зориг бокстан Моңғолияның 11 дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған спортшы. Зоригтің Алтай деген ұлы танымал журналист һәм дипломат. 2012-2016 жылдары Моңғолия атынан Швецияда елші қызметін атқарған.

Айтпақшы, енді еске түсіп отыр, бұл оқиғаны білетін адамның бірі – түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Үлкен жазушы Шерхан Мұртаза кейіпкері Тұрар Рысқұлов жайында дерек жинап 1979 жылы Ұланбатыр қаласына барады. Осы сапарында жазушы қасына жас ғалым Қаржаубайды ертіп алып, архивке кіреді. Қаржекең ұйғыр-моңғол жазуының маманы болғандықтан, 1924 жылы Күре қаласында Тұрардың басшылығымен өткен Моңғолияның алғашқы құрылтай материалдарын түгелдей дерлік архивтен алып, Шерағаңа қазақшаға аударып ұстатады. Бір әредікте Шерхан аға Қаржаубайдан «Ұланбатырда Тұрардың қызы бар дейді білесің бе?», деп сұрайды. Қаржаубай Сартқожаұлы «білем» дейді. «Қайдан естідің?». Қаржаубай бұл қыз туралы алғаш моңғолдың атақты ғалы­мы, археолог-тарихшы, 1911 жылы ту­ған Дамдины Пэрлээден естіген екен. «Пэрлээ өтірік айтпайтын адам, Тұрар­дың жесірі Дэнсмаа көзі тірі, осы қалада тұрады» деп Шерағаңа баяндайды.

Қысқасы, Қаржекең Шерхан Мұртазаны Дэнсмаа жеңгесіне ертіп барып, жолықтырған. Ана кісі орыс тілін жақсы білетіндіктен екеуі еркін сөйлескен. – Иә, мен Турар Эрискуловты жақсы білем, ол кісі Күреге келерден бес ай бұрын мемлекет билеуші Боғда хан қайтыс болып, ол мініп жүрген «Шилэн форд» жеңіл көлігі иесіз қалғандықтан моңғолдар оны коминтерн өкілі Тұрарға мінгізді. Екеуміз сол машинамен бірге жүретін едік,  деп Дэнсмаа жеңгей әңгіме бастаған сәтте, Шерағаң Қаржекеңе «шығып кет» деп иек қаққан екен. Одан кейін Шерхан мен Дэнсмаа не жайлы әңгімелесті ол жағы беймәлім. Бірақ қайраткер жазушы Дэнсмаамен қоштасып шыққанда мұрты көкке шаншылып риза кейіпте болды дейді.

Бұл жерде ескеретін оқиға: 1938 жылы Дэнсмаа жеңгей де «халық жауы» деген желеумен түрмеге қамалған. 2021 жылы Ұланбатырда жарық көрген «Қуғын-сүргін және ақтау» («Хэлмэгдэл ба цагаатгал») атты кітапта: «Мен ұсталғанда ішімде екі айлық балам бар еді. Тергеуші Ценде маған көрсетпегенді көрсетті. Осы қорлықтың салдарынан түсік тастадым» деген Дэнсмааның естелігі жарияланыпты. Оны оқып көп жайға қаныққандай болдық.

Біздің ойымызша, Рысқұлов 1937 жылы 21 мамыр күні «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылы 10 ақпанда атылуы Дэнсмаа аруды айналып өтпеген. Оның сыртында кейінгі екі күйеуіне де осы жала жабылған. Демек, Дэнсмаа басын аман алып қалу үшін Тұрарға қатысты оқиғалардан бас тартқан болуы әбден мүмкін. Яғни Шерағаңа да осыны айтқан. Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Бұлай болуы моңғолдар үшін де, Дэнс­мааның абыройы үшін де қажет екені анық. Басқа жол жоқ.

* * *

Дэнсмаа жеңгей осымен тұра тұрсын, енді Мая қыз жайлы сөз қозғайық. «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақалада бәрі жазылған. Бұған алып-қосарымыз жоқ. Өйткені мақала авторы бұл тақырыпты көп жыл зерттеген, алды-артын бажайлай алатын тұлға. Осы орайда, моңғол баспасөздерінде Мая жайлы не жазылды екен деп іздеп көрсек, баршылық көрінеді. Соның ішінде 2016 жылы Ұланбатырда жарық көрген «Халқының атақты арулары» («Халхын сайхан хүүхнүүд») атты кітапта: – Моңғол өнеріне соның ішінде музыка саласына қолтаңбасын қалдырған әйгілі қыздардың бірі – Мая Самбууқызы,  деп басталып, ол жас кезінде мемлекеттік циркте акробат, керілген арқан үстінде құламай жүретін әртіс және жануарларды үйрететін ұстаз қатарлы бірнеше қызметті қатар атқарғаны жайлы баяндалыпты. Мая жас ортасына келгенде сазгерлік өнерді кәсіп қылды. Жан жолдасы танымал дип­ломат Дэндэвийн Шаравтың етегінен ұстап, Африка құрлығында орналасқан Алжир, Гвиней елдерінде және «мың арал елі» ұлысы Индонезияда өмір сүріп, осы мемлекеттің премьері Джоуандай және вьетнам көсемі Хо Ши Мин, Камбоджа ханзадасы Сианух қатарлы қайраткерлермен дәм-тұздас болған екен. Ал Маяның сазгерлік талантына келер болсақ, 1970-80 жылдары хит болған әндер «Ала такси», «Жолайрық мұңы», «Кездесу», т.б. әлі күні көпшілік көңілінен өшкен жоқ.

Мая апамыз өзінің естелігінде: «Әкем Самбуу ұсталғанда мен 12 жаста едім. Келесі 1938 жылы бейуақта екі адам үйге кіріп келіп, анамды тұтқындады. Өзімнен кейінгі бауырым Зориг екеуміз еңіреп келіп етегіне жабыстық. Сөйтіп, інім екеуміз иесіз қалдық. Сол күндері ешкімге керексіз далада қалған бізді Лянхуа атты бастауыш мектептің музыка мұғалімі паналатты. Анам түрмеде көп қорлық көріпті...» деген екен.

* * *

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, пенде баласында тағдыр деген болады. Аталарымыз «маңдайыңа жазылғанды көрмей, көрге кірмейсің» деген. Расында солай. Ал біз сөз етіп отырған оқиғалар Тұрардың да, Дэнсмааның да, қызы Маяның да тағдырына жазылған өмір-тарихы. Қазір бұл адамдар өмірде жоқ. Дэнсмаа Дұғырқызы 1985 жылы бақилық болса, қызы Мая 2002 жылы дүниеден өткен екен.