• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

ӨКТЕМДІККЕ ШЕК ҚОЯР КЕЗ КЕЛДІ

445 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, қазір кәсіподақтар қызметіне қатысты әртүрлі пікірлер айтылып қалатыны бар. Көп ретте кезіндегі қоғам өміріндегі, еңбеккерлердің мұң-мүддесін қорғаудағы белсенді іс-қимылы осалсып кеткен деген тұрғыда сын білдіріледі. Шындығында солай да көрінуі мүмкін. Алайда қалың қауым арқа тұтқан, өз мұқтаж-тілектерін артқан бұл ұйымның жұртпен байланысы бұрынғысынша қалпында екенін айтар едім. Рас, істеріміз көзге көрінбейтін сияқты болғанымен, жүктелген сенім мен үмітті ақтау жолында аянып қалмай жүргенімізді көпшілік біледі. Ашығын айтқанда, өткендегідей қолдау, қамқорлық жоқ. Біраз ұсақ ұйымдар жекеменшік құрылымдар қас-қабағынан аса алмайды. Ал құрамы үлкен, мүшелері көп топтасқан ірі кәсіподақ комитеттері туралы бұлай айтпас едік. Солардың қатарында 20 мыңнан астам мүшесі бар біздің көміршілердің кәсіподағын атауға болады. Бұл шахталарда еңбек етушілердің 99 пайызы кәсіподаққа қамтылған. Шахтерлерге арналған әлеуметтік-тұрмыстық нысандар денінің сақталып қалуы ұйымымыз беделінің бір мысалы. Бүгінде “Шахтер” демалу, “Жартас” сауықтыру орындары, медициналық орталық есігі әдетінше кеншілерге әрдайым ашық. Олар кәсіподақ жолдамасымен демалып, денсаулық­тарын түзеп жатады. Өндірістегі күтпеген жағдайларға сәйкес материалдық жәрдем алады, жеңілдік түрлерін пайдаланады. Осы жайларды атай келгенде, жұрттың көкейін тескен мәселелердің аз еместігіне де тоқталмасқа болмайды. Алдымен атағанда, инфляция деңгейіне байланысты еңбекақыны индекстеу негізгі тілек болып отыр. Бұл туралы кәсіподақ комитеті мен әкімшілік арасында жасалған ұжымдық келісім-шартта да көрсетілген болатын. Өкінішке қарай, “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы басшылығы әзірге оны елеп-ескерер емес. Сонымен қатар, шахталар оның қол астына көшкенде жұмыстан жөнсіз қысқартылған, өндірістік жарақаттан еңбекке жарамсыз болып қалған, өтіл жеңілдіктері қолданылмаған, зейнетақы дұрыс белгіленбеген адамдарға орташа еңбекақыны есептеу арқылы оны қайта қарау жөнінде азаматтар құқын қорғау мақсатындағы ұсыныс-ескертпелеріміз, мінеки, он жылдан астам бойында қозғаусыз қалып келеді. Бұл жәйт Үкіметке де мәлім. Сенаторлар Серік Ақылбаев пен Юрий Кубайчук та бұрынғы шахтерлердің осынау талап-тілегін жеткізіп жүр. Бірақ мәселенің жуыр арада шешімін табатындығы сезілмейді. Сөз ретінде тағы бір жайды айта кетсем деймін. Бізді аса алаңдататыны – шахталардағы кеншілердің штаттық кестесі жыл өткен сайын қысқарып барады. Ал көмір өндіру көлемі өзгеріссіз. Соған қарамастан, бос жұмыс орны болса да жаңа күш қабылданбайды. Соның салдарынан шахтерлер қалыптыдан тыс еңбек нормасын орындауға мәжбүр. Былайша айтқанда, екі кісінің жұмысын атқарады. Мұның өзі денсаулыққа, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына кері әсерін тигізуде. Шағымымыз бойынша құқық қорғау органдары мұны тексеріп жатыр. Амал не, компания құлақ аспаған соң осындай лажға баруға тура келеді екен. Асылы, кәсіподақтардың беделін күшейтетін, құқын кеңейтетін жаңа ережелер қабылдануы қажеттігі уақыт талабы болып тұр. Міне, кәсіподақтардың кезекті жиыны өткізілгелі отыр. Жоғарыда айтылып өткен мәселелер Қарағанды шахталарына ғана тән емес шығар. Сондықтан ірі компаниялар өктемдігіне шек қояр шаралар ашық талқыланып, нақты шешімдер қабылданып жатса, құба-құп болар еді. Марат МИРГАЯЗОВ, көміршілердің “Қорғау” кәсіподағы  қоғамдық  бірлестігінің төрағасы. ҚАРАҒАНДЫ.