Жақында Қуат Бораштың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ақ піл синдромы» атты мақаласы оқырмандар арасында қызығушылық туғызды. Қазақ оқырманын піл несімен қызықтыруы мүмкін дейсіз ғой. Мәселе сол «пілді» қазақ ұғымына үйлестіре білуде ғой.
Сөйтсе, ағылшындарда «ақ піл» (white elephant) деген идиома бар көрінеді. Оның бастау тарихы Таиланд, Бирма сияқты Оңтүстік Азия елдерінде монархтардың қол астындағы қызметшілеріне молшылықтың белгісі саналатын ақ піл сыйлау дәстүрімен сабақтасып жатыр екен. Яғни қожайын өзінің көңілі құлаған адамына ақ піл сыйлап, құрмет көрсетеді. Бірақ әміршісі сыйлаған әлгі пілді не сатуға, не атуға немесе басқа біреуге сыйлап жіберуге тыйым салынады. Аталған елдер үшін киелі саналатын бұл хайуанды күтіп-баптау дегеніңіз қыруар шығын. Қысқасы, ақ піл молшылықтың бастауы емес, жаңа иесін тақырға отырғызатын «сыйлық».
Қуат «ақ пілді» алға тарта отырып, елордада салынған зәулім сарайларды ұстап тұру қыруар қаржыны талап ететінін, сол себепті бұл ғимараттарды уақыт сұранысына сай инновациялық, ақпараттық технологиялар, білім беру орталықтары ретінде пайдалануға үндейді. Сондай-ақ журналист мерейтой иелеріне сыйға тартылатын сансыз шапан «азиялық ақ пілдің» күйін кешпес үшін оларды заманауи дизайн үлгісімен күнделікті киетін сәнді пальто, күртеше түрінде дайындаса, бір жағы ұлттық киім жаңаша жаңғырар еді әрі тұрмыста игілікке жарар еді деген ой айтады. Түсінген жанға «ақ пілден» туындаған ойдың айтары көп. Қуаттың әрбір жазған дүниесінде осындай тосын ой менмұндалайды.
Ол талайғы Тараздан таяқ тастам жер демесе де, қалаға жақын орналасқан ауылдың баласы. Қала іргесіндегі ауылға әуежай жақын орналасқандықтан «аэропорттағы Амангелді» атанып кеткен әйгілі ауыл. Әйгілі ауыл демекші, Амангелді ауылының балалары тоқырау жылдарында басқаларға есесін жібермейтін «ерекше ерлігімен» аты бір дүркіреген. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалды Қуат өз басынан өткізген. Құлын-тайдай тебісіп өскен бөлесі Алтаймен ауылдағы бөлініс кезінде екеуі екі жақта шайқасуға тура келген. Бір-екі ай үлкендігі бар Алтай Қуаттан туыс болып қалғысы келсе, шайқас алаңын тастап кетуді сұраған. «Майдандастарын» тастап кету деген масқара ғой, ал Қуат қақтығыс алаңын тастап кетуді ар санаған. Ол бала кезінен-ақ намыс қайрағында шыңдалған-ды.
Бір ерекшелігі, Қуат кішкентайынан солақайлардың сапына енген. Ол мектеп табалдырығын аттаған кеңестік кезеңде құдай ұрған бір ғадет бар-тұғын: солақай баланы қалайда оң қолымен жазуға мәжбүрлейтін. Бәлкім, бұл араб әліпбиінің ырғағына түсіп кетпесін дегені ме, әйтеуір мектеп босағасынан аттаған солақай балдырғандардың жазуымен мұғалім біткен алысып жүретін.
Задында солақайлардан талантты жандар көп шыққаны белгілі. Жаһанға танымал солақайлар арасында Альберт Эйнштейн, Исаак Ньютоннан бастап әлемнің талай тұлғалары бар. Алаштың солақай ұлы тұлғалары да алдыңғыларынан әсте кем түспейді. Сол қолындағы дирижерлік таяқшасымен тұтас оркестрдің ырғағы мен иірімін бір арнада түйістірген Нұрғиса Тілендиев, сан түрлі бояумен ұлттық дәстүрді суретте таңбалаған Гулфайрус Исмайлова, кеңестік кезеңнің өзінде ұлттық журналистиканың мерейін асырған редактор Сейдахмет Бердіқұлов, Бейжің Олимпиадасының қаһарманы боксшы Бақыт Сәрсекбаев төрткүл дүниенің тұлғаларымен иық тірестіре алады.
Қуат та бірінші сыныпқа барған сәттен мектепте мұғалімнің, үйде әкесінің оң қолмен жазу машығын меңгеруге кірісті. Қатаң қадағалаудың арқасында оң қолы «икемделіп» дегеніне бағына бастады. Әйтсе де, «кеңестік» жазуға көндіккенімен, кейде сол қолы бар болғыр туабітті әдетіне басып, «төте жазуға» жүйтки жөнелетін-ді...
Амангелді орта мектебінде оқып жүргенде Қаһарманның баласы қос қолымен де қаламды сенімді ұстап, журналистика ауылына бет бұра бастаған. Сегізінші сыныпта оқып жүргенінде Жамбыл облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетіне «Жалған баға жарға жығады» деген тақырыпта жазған мақаласымен облысқа танылды. Мақаласы газеттің бірінші бетінде «менмұндалап» тұр. Бір мұғалім апайымен пікір таластырдың деп, мұғалім ағайлары Қуаттың бағасын қасақана төмендеткен. Қуат Бораш мұндай әділетсіздікке төзбеген. Тасқа басылған дүниенің қалтарыста қалмайтын кезі ғой. Журналист жазса да, оқушы жазса да. Анық-қанығы тексерілуге тиіс. Содан ауылға күн сайын комиссия ағылады. Бір күні ауданнан, келесі күні облыстан дегендей. Әйтеуір алқалы жиынның ақыры бейбіт түрде аяқталды, мектеп директоры Айша Бердешқызы «бүкіл жұртқа жария салмай-ақ, өзіміз шешетін мәселе еді ғой» деп көрегендік танытып, ушыққан мәселеге нүкте қойылды. Әділетсіздік атаулыға қалам арқылы көрсеткен алғашқы қарсылығы еді бұл Қуаттың.
Кездейсоқтық па, заңдылық па, әдетте өмірде болатын кейбір жайттарды ажырату қиынға соғады. Әйтсе де, кездейсоқ ештеңе болмайды ғой. Адам баласының талғамы, таңдауы, дүниетанымы, керек десеңіз мамандығы да сол саладағы озық ойлы тұлғалармен кездесіп, әңгіме-дүкен құруға дәнекер болуы заңдылық емес пе. Қуаттың «адамзаттың Айтматовымен» кездесуі де осындай заңдылықтың санатына қосуға тұрарлық. Оқиғаның ұзын-ырғасы төмендегідей. Атақты жазушы Шыңғыс Айтматов 80 жылдығы қарсаңында Астанаға ат басын тіреп, Мемлекет басшысының қабылдауында болғаны бар. Сол сапарда Әйгілі тұлғаны күтіп алушылар қатарынан Қ.Бораш та болды.
Мемлекет басшысының қабылдауынан шыққаннан кейін қадірлі қонақтың құрметіне дастарқан жайылған. Дастарқан басындағы емен-жарқын әңгіме барысында Қуаттың Жамбыл облысынан екендігі (Шыңғыс Айтматов Жамбылда техникумда оқыған), оған қоса оның Шыңғыс ағасы сияқты 12 желтоқсанда дүниеге келгендігі де сөз болады. Күтушінің кішілігіне риза болған жазушы жас азаматқа батасын беріпті. Біздің білетініміз, Қуат Қаһарманұлы өскен, араласқан, қызмет еткен ортасы арқылы рухани дүниетанымы өсіп, шығармашылығында да елдік мақсаттағы көптеген туындыны дүниеге әкелді.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған Қуат еңбек жолын Тараздағы «Райхан» телеарнасынан бастап, Мұса Рахманбердиевтің арнайы шақыртуымен Жамбыл облыстық телекомпаниясында жалғастырды. Күн сайын қала өміріне арналған екі сағаттық эфирге шығып отырды. Ақпараттық-музыкалық, публицистикалық бағдарламаға «Ақнұр» атауы берілді. Осы хабар барысында түрлі тақырып қозғалып, көрерменмен тікелей байланыс, викториналық сұрақтар қою сынды көрерменнің қызығушылығын туғызатын озық идеялар жүзеге асты. Қуат Бораштың журналистикадағы алғашқы ізденістері алдағы шығармашылық табысының іргетасын қалады. Ал оның журналистік шеберлігін жан-жақты танытқан ортасы – «Егемен Қазақстан» газеті.
Өйткені ол осы газетке «тарыдай болып келіп, таудай болып» шықты. Үздіксіз ізденісінің, алғырлығының арқасында. Газет тілшісі ретінде Мемлекет басшының шетелге сапарларынан ел-жұртты хабарландырып, егемендік жылнамасын жасауға үлкен үлес қосты. «Саламатсың ба, Сакура елі», «Армысың, Америка, есенбісің, еңселі ел», «Ежелгі көрші, етене ел» (Қытай мемлекеті туралы), «Түбірі ортақ түрікмен елінде» деп тақырыптары айтып тұрғандай, жолсапар очерктерінде оқырманды баурап алатын талай дерек қамтылды. Талғамы биік санаткер-журналист Сауытбек Абдрахманов ағамыздың: «Қуат Бораш қаламына кең құлаштылық, нені болса да әлемдік ауқымда қарастыруға тырысушылық тән» деп баға беруі осының айқын дәлелі.
Қуат Бораштың қаламынан шыққан «Ұлттық сана тәуелсіздігі», «Жұмыр жердің жұмағы», «Барыстар бауырластығы», «Жаңалық жаратқанның сыйы» сынды тақырыбының өзі айқындап тұрған оқылымды мақалалар да «Егеменнің» еншісіне тиді. Қаһарманның баласы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілігінен басылымның бас редакторы лауазымына дейінгі жолды абыройлы еңсерді. Соңғы кездері мемлекеттік қызметте, ұлттық идеология саласында еңбек етіп жүрсе де, ұшқан ұясын ерекше ілтипатпен еске алады.
«Қазір ел арасында есіміміз жақсы жағынан естіліп қалып жүрсе, оған «Егемен Қазақстандағы» ұлттың ұлы қасиеттерін бойына сіңірген ағалар дәстүрінен алған тәлім-тәрбиенің қосқан үлесі өлшеусіз деп білемін» дейді бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш.
Қуаттың журналистика саласында еңбек еткен кезеңде түйген өзіндік қағидасы да бар. «Айтар ойың, кесімді байламың болмаса, сусаған сөздер тізбегі ешқашан рухқа қуат, ойға нәр бере алмайтынына да көзіміз жетті» дейді ол. Қуат Бораштың қуатты қаламынан туған «Жұмыр жердің жұмағы», «Өз елім – өркениетім» атты кітаптары рухқа қуат, ойға нәр беретін шығармалар қатарында екені айқын.
Ұлт руханиятына мемлекеттік қызметте жүріп те үлес қосуға болады. Қазіргі әдебиет, мәдениет саласында елімізде оң өзгерістер, жаңашыл идеялар жүзеге асып жатса, онда Қуат Қаһарманұлының да қолтаңбасы бар. Біз оны қай уақытта да ұлттық журналистиканың сапындағы сардар деп білеміз.