Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғибратты ғұмыр» сериясымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариевтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті.
Кітапқа ақынның ғылыми зерттеулері, танымал әндері, әріптестері мен жақындарының естеліктері енген.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, жары Жұмагүл Сариева мен ұлы, Президент Кеңсесінің бастығы Бақытжан Шөмішбайұлы, қалалық әкімдіктің өкілдері, ақын-жазушылар қатысты.
«Қаламға жүйріктігімен өз ортасына ерте таныла бастаған Шөмішбай Сариев ұстазы Зейнолла Шүкіровтің қамқорлығымен ұлттық университеттің журналистика факультетіне оқуға түсті. «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды. Өз ортасына қарымды қаламынан туған жырларымен тез таныла бастаған Шөмішбай Сариев қазақ журналистикасында ерекше қолтаңбасын қалдырып, төл әдебиетімізді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеуге өлшеусіз үлес қосты. Ғалым ретінде 50-ші, 60-шы, 70-жылдардағы қазақ ақындарының шығармашылығын талдады. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының жаңа буын өкілдері туралы да зерттеулер жүргізді. Бүгінде өлеңдері әнге айналып, тыңдарман қауымның жүрегіне жетті» деп атап өтті жиынды ашқан ректор Жансейіт Түймебаев.
Зерттеуші-ғалым, Бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, Тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медалінің иегері, қазақ поэзиясында, әдебиеттану ғылымында ерекше қолтаңба қалдырған Шөмішбай Сариевтің шығармашылығы хақында Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып: «Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған», деп ақын Ғафу Қайырбеков жоғары баға берген. М.Мақатаев, Қ.Мырза Әлі, Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, С.Жиенбаев, Т.Айбергенов, М.Шахановтың шығармаларына терең талдаулар жасады. «Шөмішбай Сариев – ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақ поэзиясын жоғары көтерген тұлғалардың бірі. Болмысы бөлек болатын. Ақынның қаламынан туған өлеңдері мен әндері халық жадында мәңгі сақталады. Сондықтан да Шөмішбай Нағашыбайұлының есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылып қалды», деп ой толғады.
Ақынның музыкалық мұрасы 300-ден астам әсем әуезді әнмен, ел жадында қалар жақұтты шығармалармен толықты. Талай әннің де, әншінің де бағын ашқан әндері әлі күнге үлкен сахналарда шырқалып келеді.
Осы жиында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер диктор Сауық Жақанова қатысушыларға Шөмішбай Сариевтің өлеңдерін мәнерлеп оқып, әуезді үнімен әр берсе, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда ақынның ғылыми шығармашылығы туралы естелігімен бөлісті. «60-70-ші жылдар поэзиясынан кандидаттық диссертация қорғап, Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетті зерттеуге кірісті. Абай дәстүрінің, Махамбет дәстүрінің қазіргі поэзиядағы жалғасына қатысты үлкен зерттеулерге құлаш сермеді.ХХ-ХІ ғасыр поэзиясы туралы тыңғылықты зерттеу жасаған ғалымның атамекен, туған жер, ел туралы өлеңдері Қазақстан деген кең ұғымға жалғасып, қазіргі қазақ поэзиясынан өзіндік орнын алды», деп атап өтті Г.Орда.
Ақын шәкірттерінің естеліктерімен жалғасын тапқан жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Әлікеев ұстазына деген арнауын оқыса, Медеу Арынбаев «Атамекен», «Дәурен-ай» және жас әнші Ермек Берекет ел арасында танымал болып кеткен «Қарағым-ай» әнін орындап, қатысушыларды тәнті етті.
Ақынның жары Жұмагүл Сариева әсерлі кеш ұйымдастырған ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, қара шаңырақтың ақын өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Бүгінде ақын шығармашылығына арналған 30-дан астам кітап жарық көрген, ал «Ғибратты ғұмыр» сериясымен басылып шыққан бұл кітаптың орны тіптен ерекше. «Қазақ ұлттық университетін бітіріп, мықты оқытушылардан сабақ алды. Өмірінің соңына дейін ҚазҰУ-да өткен студенттік кездерін сағынышпен еске алып, есінен еш уақытта шығарған емес. Шөмішбай үнемі аузынан тастамай айтып отыратын білім ордасы бүгін үлкен кеш өткізіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітапты жарыққа шығарып отыр», деді Жұмагүл Қаженқызы.
Қазақ әдебиетінде өз поэзия әлемін қалыптастырған ақынның өлеңдері тыңдарманын тәнті етіп, оқырманын ойға жетелеп келеді. Бүгінде ұлт руханиятында өзіндік орын алған ақын мұрасы жүректен-жүрекке жете беретіні сөзсіз.
АЛМАТЫ