Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тақсай ханшайымы» және «Үржар сәуегейі» ескерткіштерінің көрмесі ашылып, «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру және реконструкциялау» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің 70 жылдығына арналған шара аясында ғалымдар еліміздің археология реставрация саласындағы озық жетістіктерді саралап, Қазақстан Суретшілер академиясының президенті Амандос Ақанаев, Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғар және Орталық мемлекеттік музейдің, «Таңбалы» қорық-музейінің, «Есік» музейінің, «Берел» музейі ғалымдары мазмұнды баяндамалар жасады.
Конференция қатысушылары Қырым Алтынбеков жаңартқан тарихи-мәдени жәдігерлер көрмесін тамашалады. Еліміздің ежелгі және ортағасырлық тарихынан сыр шертер археологиялық құнды жәдігерлерді «Қырым аралы» ғылыми зертханасы мамандары асқан шеберлікпен заманауи сипатта көпшілік назарына ұсынып келеді.
Көркем-тарихи жәдігерлердің арасынан «Тақсай ханшайымы» мен «Үржар сәуегейі» ерекше көзге түседі. 2012-2013 жылдары Орал қаласынан он бес шақырым жерде Тақсайдан табылған қорымнан ханшайыммен бірге көптеген жәдігер аршылып алынып, отандық археологиядағы тың жаңалық әрі маңызды экспозиция ретінде мәлім болғаны белгілі. Біздің заманымызға дейін IV-III ғасырларда өмір сүрген «Үржарлық сәуегей әйел» 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы аумағында археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылып, «Қырым аралы» мамандары сәуегей әйелдің сырт киімі мен бас киімін толықтай қалпына келтірген болатын. Әшекейлер ішінде сәукелеге ұқсас бас киім де ерекше назар аудартады. Ғалымдар алтын «мүйіз» ою-өрнекпен безендіріліп, бағалы тастармен көмкерілген құнды жәдігер ханшайымның бас киімі болған деген тұжырым айтады.
АЛМАТЫ