Кеше Қатардағы әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалдық сайысы өтті. Лусаилдағы 90 мың көрермен сыятын ұлттық стадионда ине шаншар бос орын болмады. Барша жұртты мазалаған сұрақ: «Аргентина жеңе ме, әлде Хорватия ма?», «Месси мықты ма, әлде Модрич пе?», Міне, осы іспеттес сауалдарға жауап алу үшін сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні жер-жаһанның жанкүйерлері көгілдір экранға көз тікті.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қос команда бұған дейін өзара бес мәрте кездескен екен. Екеуі де екі реттен жеңіске жетіпті. 1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында аргентиналықтардың асығы алшысынан түсті – 1:0. 2018 жылғы Ресейдегі мундиальда хорваттар қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол салды – 3:0. 2006 жылы өткен жолдастық кездесуде қарт құрлықтың өкілдері (3:2) басымдық танытса, 2014 жылы Оңтүстік Америкадан келген оғыландардың (2:1) айдарынан жел есті. Ал 1996 жылы ұйымдастырылған тағы бір бәсекеде есеп ашылған жоқ – 0:0.
Лусаилдағы ойын өте сылбыр өтті. Қос команда ұзақ уақыт бойы аңдасып, арбасудан аспады. Сол уақыт аралығында не бір жақсы комбинацияны, не бір ұтымды шабуылды көре алмадық. Осы «көрініс» жарты сағатқа созылды. 32-минутта жағдай күрт өзгерді. Хорватия қорғаушысы Деян Ловерннің өрескел қателігінен кейін доп Хулиан Альварестің аяғына тиді. Ол бірден алға ұмтылып, қақпашымен бетпе-бет қалды. Өз командасын қауіпті жағдайдан құтқармақ болған Доминик Ливакович Хулиан Альваресті теуіп құлатты. Төреші пенальти белгіледі. Лионель Месси 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 1:0. Ол аздай, Даниэле Орсато ережені бұзған қақпашымен қоса, төрешімен сөз таластырған жартылай қорғаушы Матео Ковачичке де сары қағаз көрсетті.
Одан кейін Хорватия құрамасын мүлдем танымай қалдық. Олар жиі-жиі қателікке бой алдырып, білгендерінен жаңылды. Сондай бір сәтті тағы да Альварес ұтымды пайдаланды. 37-минутта алаңның ортасынан құйындай жүйткіген ол бірнеше ойыншының арасынан сытылып шығып, екінші допты қақпаға тоғытты – 2:0.
Үзіліс кезінде және екінші тайм басталған бетте Златко Далич үш бірдей ойыншысын алмастырып, ойынға өзгеріс енгізгісі келді. Борна Сосаның орнынан Мирслав Оршич, Марио Пашаличтің орнына Никола Влашич және Марцело Брозовичтің орнына Бруно Петкович шықты. Бірақ одан еш нәтиже болмады. «Баяғы жартыс – сол жартас» күйінде қалды. Хорваттар өте баяу қимылдап, бәсекенің басынан аяғына дейін, ең болмағанда, жөні түзу бір шабуыл да ұйымдастыра алған жоқ. Аргентиналықтар да керемет бір ойын көрсетті деп айту қиын. Десек те Лионель Скалони командасының есебі түгел еді. Қарсыласының ұнжырғасы түсіп кеткенін аңғарған олар 69-минутта тағы бір гол соқты. Хорватия құрамасының айып алаңына оң қапталдан енген Месси қорғаушылар қыспаққа алғанына қарамастан, дәл сызықшаға келгенде Альвареске дәл пас берді. 22 жастағы Аргентинаның жас жұлдызы өз мүмкіндігін қалт жібермей, дубль авторы атанды – 3:0. Одан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, Аргентина құрамасы өз тарихында алтыншы рет әлемдік доп додасының финалында өнер көрсетеді. Олар 1978 және 1986 жылдардағы мундиальда бас жүлдені олжаласа, 1930, 1990 және 2014 жылдары шешуші тұста сүрінген еді. Енді аргентиналықтардың үшінші мәрте чемпион атануына тамаша мүмкіндік туындап отыр. Хорватия футболшылары 17 желтоқсанда қола медаль үшін таласады. Финал келесі күні өтеді. Ал бұл командалардың қарсыластары кім болатыны Франция мен Марокко арасындағы бәсеке барысында анықталады.