Алматыда «Айтұмар» балалар әдебиеті үздік туындыларының байқауы мәреге жетті. Қазылар алқасының ұйғарымымен жас оқырманның жүрегіне жол табуға лайық деп танылған шығарма авторларын марапаттау салтанаты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтті.
Бала көңілдің үдесінен шығатын шығарма жазу кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейді. Десе де бәйгеде бақ сынауға еліміздің әр аймағынан 200-ге тарта үміткер өтінім білдірген. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы демеушілік танытты. Жалпы, жүлде қоры 12 300 000 теңгені құраған байқауға поэзия, проза және драматургия бағыттары бойынша 6 қатысушыдан жеңімпаз деп танылып, әр аталым бойынша І орын (біреу) – 1 000 000 теңге, ІІ орын (екеу) – 800 000 теңге, ІІІ орын (үшеу) – 500 000 теңге табысталды. 14 пен 35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысқан байқау ережесіне сай, әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша шығармалар қабылданып, жалпы алғанда 18 жеңімпаз марапатталды.
Атап айтқанда, проза жанры бойынша І орын Арман Әділбекке, ІІ орын Мейіржан Жылқыбай мен Нұрасыл Зиядибекке және ІІІ орын Айсәуле Мереке, Дана Әбдіманап, Қарлығаш Сарбаеваға табысталды.
Поэзия жанры бойынша І орынды Мерей Қарт, ІІ орынды Айдана Бейсен, Асылан Тілеген және ІІІ орынды Мұқағали Кенжетай, Айдана Сегізбай, Нұрбибі Аязбай иеленді.
Драматургия жанрында Назерке Құмарғалиева көш басынан көрінсе, ІІ орын Әлібек Байбол мен Жансерік Құттыбаевтың, ал ІІІ орын Жәнібек Қойтай, Әлішер Рахат, Ықылас Шалғымбайдың еншісіне бұйырды.
– Аталған байқау Балалар жылының ең озық іс-шараларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айтылып жүр. Мұнымен қоса «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоқтығына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамыту бағытында ауқымды жобалар ұйымдастырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Марапаттау рәсімінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров, «Айтұмар» балалар әдебиеті сайысы жас қаламгерлерге шабыт, балдырған оқырманға рухани азық сыйлағанын, игілікті істі қолдау мемлекеттік тілді дамытуға, ұлт руханиятына қосқан компанияның аз-кем үлесі екенін атап өтті. Өз кезегінде бәйгеге қазылық еткен әдеби қауым келіп түскен шығармалардың мазмұны мен сапасы жоғары болғанын атады.
«Мен бәйгеге «Тарихта қалған тұлпарлар» деп аталған циклді шығармамды ұсындым. Бұлар негізінен кезіндегі Ертарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубас аты, Кенесарының – Ақтабаны сияқты ел арасында аңыздай айтылатын арғымақтарға арнап жазылған өлеңдер. Қазір қазақи қалыптағы ұлттық контенттердің аздығына байланысты, балалар өткен тарихымызды біліп жүрсін әрі батырларымызға рух беріп, сенімді серік болған сәйгүліктерді білсе, олардың тарихи таным көкжиегі кеңейе түсер дегенді маңызға алдым. Оларға арналған үлкен поэмалар, аңыз-әпсаналар болғанымен жеке поэтикалық шағын шығармалар жоқтың қасы. Мәселен, Қубас атты Қабанбайға Боранбай бидің таңдап бергені, олардың өскен жайлауы, батырға сай болу үшін оны қалай баптағаны турасында мол мәліметтерді қамтуға тырыстым», дейді «Поэзия» аталымының жеңімпазы Мерей Қарт.
Жоба барысында ұйымдастырушылар байқауға келіп түскен шығармаларды балаларға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына көбірек насихаттауға басымдық беріп, шығармалар оңай оқылу үшін аудио, электронды нұсқалары әзірленетінін жеткізді. Сонымен қатар жеңімпаз атанған шығармалар жинақталып, кітап болып жарық көреді. Кітап еліміздегі 200-ге тарта кітапханаға, инклюзивті орталықтар мен балалар үйіне таратылмақ. Жеткіншектерді кітап оқуға баулу, оларға арнап өміршең шығармалар жазу жауапты іс. Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында ғана емес, балдырғандар әлемін баурайтын туындылар қоржыны жыл сайын тартымды дүниелермен толыға берсе игі.
АЛМАТЫ