Қаламгерлік жауапкершілікті терең сезінген нәзік жанды арулар қатарын биязы мінез, сырбаз талғаммен толтырған Шәрбану Бейсенованың алғашқы туындысы «Тойға келген келіншек» атты әңгіме еді...
Сөз өнерінің тынысын тынымсыз ізденісімен, талмас еңбекқорлығымен кеңейтіп келе жатқан Шәрбану Қонақбайқызы қазақ журналистикасы мен көркем прозасы саласына аз еңбек сіңірген жоқ.
Шәрбану Бейсенова – Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданының түлегі. Қазақ тіл білімінің қара нары Сәрсен Аманжолов, қазақтың қаһарман ұлдары Төлеген Тоқтаров пен Қасым Қайсенов, әдебиеттанудың көрнекті өкілі Зәки Ахметов дүниеге келген топырақта Шәрбанудай қаламгер қыздың да кіндігі кесілген. Еңбек жолын журналист ретінде бастап, өз жазбаларында әу бастан-ақ нәзік жанды әйел тағдырын қаузаған қаламгердің көркем проза жанрындағы туындылары да әдебиетші қауымның назарын бірден аударды.
Еңбек жолын республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында бастап, «Қазақстан әйелдері» журналында адамгершілік тәрбие бөлімінің меңгерушісі болып ұзақ жылдар қызмет етті. 1998-2005 жылдар аралығында Мәдениет және ақпарат министрлігінде баспа ісі департаментінің бас маманы, «Қазақ әдебиеті» газетінің «Кітап әлемі» қосымшасының редакторы қызметін атқарып, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды насихаттау саласында да белсенді жұмыс атқарды.
Шәрбану Бейсенова көркем аударма саласында да өз талантын танытқан жазушы. Ол «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әлем әдебиеті үлгілерінің қазақ тіліне аударылуына атсалысты. Латын-америкалық жазушы Жорж Амадудың «Құм жағалаудың капитандары» романын, неміс жазушысы әрі драматургі Вольвганг Борхерттің «Жабық есік алдындағы жалғыз» атты пьесасы мен «Нысанаға тігілген бастар», «Осы сейсенбіде», «Ас үйдегі сағат», «Жібектің қиығы», т.б көптеген әңгімесін, армян, латыш, эстон, әзербайжан, украин қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Көркем проза мен журналистика жүгін қатар арқалаған жалғыз өзі болмаса да осы бір екі саланың салмағын барынша терең сезініп, салиқалы сабыр, парасатты пайыммен көтеріп келе жатқан жазушының туабітті қабілетіне ізденімпаздығы, еңбекқорлығы қосылып, қазақ әдебиетінің керегесін әйел-ана, әйел-қайраткер, әйел-әмірші, әйел-жар образдарымен кеңейтті.
Ш.Бейсенованың ұлт тарихындағы қайраткер арулар туралы көркем баяндарының бастауында тұрған «Сүзгенің соңғы күндері» (екінші атауы «Сүзге-дастан») атты хикаят. Повестің басты кейіпкері – Сүзге ханым.
Сүзге ханым кім еді? Оның есімі не себепті ел жадында сақталып қалды? Жазушы бұл сауалдың жауабын тарихи шындықты көркем кеңістікте жаңғырта отырып беруді мақсат етеді. Сүзге – ұлт азаттығы жолында құрбан болған қайсар да парасатты ару. Сүзге ханым жайлы сөз оның құдай қосқан қосағы, Сібір ханы Көшімнің тағдырымен тікелей байланысты. Олай дейтініміз, Сүзгені сол уақыт түсінігіне қарама-қайшы, мұсылмандыққа жат әрекетке баруға, яғни өзін өзі мерт қылуға мәжбүрлеген жайт Көшімнің Ресей патшалығы отаршыларынан жеңілуі себепті орын алған еді.
ХVІ ғасырда Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін Сібірдің оңтүстік және қазіргі Қазақстан аймағының Солтүстік аудандарының жерін қамти Есіл, Ертіс, Тобыл өзендерінің арасын еркін жайлап, құлашын кең жайған Сібір хандығы құрылғаны тарихтан белгілі. Оны Шыңғыстың қаһарман ұлы Жошының ұрпағы – айбары мен атағы алысқа жеткен Көшім хан билеген.
Сібір хандығының орталығы – бүгінгі Тобыл қаласына жақын Тобыл өзенінің Ертіске құяр сағасына орналасқан Ескер қаласы. Ол ескі (байырғы жұрт) жер деген ұғымды білдірсе керек. Бұл қаланың көне жұртының бір жағы әлі күнге сақталған деседі. Екінші жартысын арынды, асау Ертістің суы шайып, алып кеткен сияқты. Қаланың сақталған бөлігіндегі көне тас қабырғалардың бекемдігінен, көне жұртты қоршай терең қазылған орлар мен тұрғызылған қорғандардан Сібір хандығының өз заманында күшті мемлекет болғаны байқалады. Ал оның орталығы болған Ескер қаласы бүкіл Сібірдің мәдени-сауда орталығы саналғаны анық.
Өз заманында қалыптасқан үрдіспен Көшім хан да көп әйел алған адам. Оны орыс жылнамашылары да жазып кеткен. Он жеті ұлы, он шақты қызы, көптеген немере-шөбересі болған. Әйелдерінің арасында қазақтан басқа, татар, ноғай, өзбек, қалмақ, башқұрт, ханты қыздары да бар екен. Көшім ханның басқа әйелдері туралы дерек жоқтың қасы. Тек Сүзге ханымға байланысты аңыз ел аузында әлі күнге дейін сақталған. Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» хикаятына арқау болған ел аузында сақталып, жадымызда жатталып келген сол аңыздың оқиғасы.
Сүзге Есіл бойында ғұмыр кешкен қазақ сұлтандарының бірінің қызы екен. Көшім ханға ақылымен, парасатымен сыйлы болған жас ханым өз қалауымен үлкен ордадан бөлек тұруға ханнан мұрсат алады. Сөйтіп, бүгінгі Тобыл қаласынан бес-алты шақырым жерде Ертіс өзенінің кілт бұрылыс иірімінде бір биік шоқы басына өзіне арнап жай салдырады. Басында шағын қорған болып салынғанымен, ол ұлғая келе қалаға айналады. Осы көне қала орны әлі күнге дейін сақталған. Оны жергілікті жұрт «Сүзге-тұра» деп атайды. «Тұра» сөзі көне мағынада кент, шаһар деген ұғымды білдіреді. «Тұрақ» деген өзімізге түсінікті сөздің бір қолданысы ертеректе осылай болған болар... Сол арада кезінде Сүзге ханымның қаласы қоныс тепкен. Қала өзеннің кілт бұрылысына таяу орналасқандықтан, екі жағынан да биік жарқабақты Ертіске тіреліп тұрған. Қалған екі жағынан терең ор қазылып, қоршалған. Қорған осылай жан-жағынан қоршалып, мұнараларына берік сақшы қойылады. Қала орталығындағы ханымның қамалы жұмақтан бір кем емес делінеді аңыз-жырларда. Бізге жеткен аңызда хан мен жас ханымның бейбіт өмірі жайлы емес, Сібір хандығы құлаған кездегі Сүзге ханымның әрекеті мен тағдыр талайы туралы сыр шертілер еді... Міне, жазушы қаламынан туған көркем баянға осы оқиға желісі арқау болған. Терең психологизм мен нәзік лиризм шебер үндескен бұл хикаяттың сахна мен кино өнеріне сұранып тұрған дүние екенін айта кеткен жөн болар.
Тарих қойнауынан сыр іздеп, ел басына күн туған сын сағатта өз басын қатерге тіккен аяулы арулардың тағы біреуі әрі бірегейі – Сүйінбике-ханбике.
Қаламгер Бейсенова қазақ хандығының ыдырап, өзге елге бодан болуының басы сайын даланы еркін жайлаған бабаларымызды екі қабырғадан қысып, қыспаққа түсірген басқыншылардың Қазан хандығы мен Сібір хандығының құлатуы деп біледі. Қазақ хандығына көз алартқан қара ниетке бұл екі хандық үлкен кедергі еді. Осы екі үлкен хандықтың құлауы басқыншылардың қазақ даласына кіруіне жол ашты...
Көшім хан билеген Сібір хандығында Сүзге сынды күрескер ару шейіт болса, Қазан хандығының билігін жауға бермеу үшін аянбай күрескен Сүйінбике ару да шейіт кетті. Әу бастан шығармашылығының алтын өзегіне әйел тағдырын арқау еткен жазушы сол қаһарман арулардың көркем әрі деректі бейнесін ұрпақпен қауыштыруды өзінің міндеті деп түсінді. Сөйтіп, Сүзгенің көркем бейнесін сомдаса, Сүйінбикенің тарихи-деректі тұлғасын қазақ оқырманының санасында қалыптастырды. Сүйінбике мен Сүзгені «азаттықтың алғашқы құрбандары» деп бағалап, олардың ісін бүгінгі ұрпаққа үлгі етті.
2012 жылдың қыркүйек айында Шәрбану апайымыздың бастауымен Қазан қаласына сапар шектік. Мақсат – қалыңдық болып ұзатылып барып, кейін қадір тұтар ханбикесіне айналған Сүйінбикедей қайсар арудың елі мен жерін көру, рухына тағзым ету еді... Қазан татарлары ханбикелерінің рухына әлі күнге тәу етеді, ертегінің ерекше кейіпкеріндей қастерлейді. Тіпті іздеуші болып барған бізден «қызғанып» та қалғандары бар... «Ау, ұзатылып келген біздің қыз. Ата сойы әйгілі Едіге деген ер еді», деп уәж айтқан Шәрбану апайымызға келіскілері келмей біраз бұртаңдады. Бұл – Сүйінбикедей сүйікті аруға деген тұтастай бір елдің шексіз сүйіспеншілігі еді... Осы сапарда Шәрбану апай татардың белгілі жазушысы, Сүйінбике туралы роман жазған Рабит Батулламен кездесіп, сұхбат жүргізді, белгілі ғалым Фатих Урманчымен жүздесті, архивте, кітапханаларда болып, тарихи мәліметтермен танысты. Ел аузында айтылатын Сүйінбикенің бәйіттерінің сырына үңілді. «Сүйінбике» журналының редакциясында болып, татар жұртының қаһарман аруға деген ерекше ілтипатын көрді. Сүйінбикенің орманы бар еді деп, орнын іздеді. Сүйінбике мұнарасына келіп, рухымен сырласты... Ақ Кремльдің ішінде, Ханбике мұнарасының іргесіндегі құлпытасқа есімдері қашалған жеті ханның рухына тәу етті. Нәтижесінде «Ұлы дала арулары» жобасын қолға алып, осы серияның алғашқы кітабы «Сүйінбике» дүниеге келді... Онымен тоқталмады, Астана көшелерінің бірін Сүйінбикенің атымен атауды сұрап, тиісті орындарға өтініш жолдады. Бұл өтініші қолдау тауып, Астана қаласындағы Family Village коттедж қалашығының бір көшесіне Сүйінбике есімі берілді. Көшенің ашылу салтанатына Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов қатысып, қаламгерге ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті...
Шәрбану Бейсенованың әйел тағдырын арқау еткен тағы бір хикаяты – «Бір махаббат баяны». Бұл повесте жазушы кешегі кеңестік саясаттың қысымын көріп, қуғынға түскен, сөйтіп ауыр да азапты күндерді басынан кешірген отбасының тағдырын баян еткен. «Халық жауы» деген қара таңбаны жазықсыздан жазықсыз мойнына іліп, Сібірдің түкпіріне жер аударылған жарының соңынан барып, жанына демеу болған Марғуа атты әйелдің тағдыр-талайы суреттелген. Ерінің алдындағы жұбайлық парызын шынайы махаббатымен өтеген қарапайым әйел-ананың қайраты мен жігері, қандай сынаққа да сынбаған рухы қаламгер бейнелеуінде жан-жақты танытылады. Азаттық жолында шейіт кеткен Сүйінбике мен Сүзге, кеңестік жүйенің зобалаңына ұшыраған шаңырақтын шырақшысына айналған Марғуа – Шәрбану Бейсенованың қазақ көркем және деректі прозасына әкелген тың сипатты күрескер кейіпкерлер.
Қаламгер ізденісі бұл айтқандарымызбен шектеліп қалған жоқ. «Бозоқ аруы» (автор кейіннен бұл повеске «Бану-Шешек хикаяты» деген қосымша ат берді) бағзы тарихымызбен, көне күндердің бізге жеткен көмбесі – археологиялық қазба нәтижелерімен байланысты туындаған дүние. Сарыарқа төсінен орын тепкен Астана тарихының ежелгі дәуір мәдениетіне сабақтастығы талассыз ақиқат. Оған дәлел – бүгінде елордамыз орналасқан мекенде сонау бір замандарда бой көтерген Бозоқ атты қаланың табылғаны.
Көне Бозоқ қаласының орнын тауып, баяғының шындығын топырақтан аршып алған археолог ғалым Кемел Ақышев. Ғалым қазба жұмыстары кезінде табылған әйел адамның мүрдесін зерттеп, бас мүсінін жасатқан. Оған «Інжу» деген әдемі ат қойған. Ол – ортағасырлық жауынгер қыз. Көне дүние аруына әдемілік те жат емес. Мүрденің бассүйегінің жанынан сегіз жүз тал інжу моншақ тізілген ерекше үлгідегі сәукеленің жұрнағы табылған. Қазбадан табылған қыз туралы ғылыми, әдеби ортада түрлі зерттеу, талдау, болжамдар өрбіді. Соның бір парасын автор өзінің суреткерлік қиялымен «Бану-Шешек хикаятына» өзек еткен. Оқиға оғыз дәуірінде өмір сүрген Бану-Шешек атты арудың археологтің түсіне кіріп, өз тағдырын баяндауы арқылы суреттеледі.
Жазушының соңғы кезде жазылған туындыларының бірі – «Қызай ана» хикаяты. Ұлт тарихында елдік, ел бірлігін сақтау жолында тер төккен абзал да ақылман аналар баршылық. Солардың бірі – әулие Домалақ ананың перзенті Қызай. Қызай ана тарихын арқау еткен бұл хикаяттың тарихи-деректік сипаты басым. Ел жадында аңыз болып сақталған, ұрпағына ұран болып, ерекше құрметке бөленген, ру атын иеленген Қызай ананың елдікті, бірлікті сақтау, ұрпағына тағылым беріп, өнеге үйретудегі кемеңгерлігі аталған туындының алтын тініне айналған.
Жазушының әр жылдары «Тойға келген келіншек» (Әңгімелер. Алматы: «Жалын», 1980), «Топжарған қыздар» (Деректі проза. Алматы: «Жалын», 1985), «Сезімтал жүрек» (Әңгімелер. Алматы: «Жазушы», 1988), «Тағылымды тағдырлар» (Деректі проза. Астана: Елорда, 2000), «Мизамшуақ» (Әңгімелер. Алматы: «Өлке, 2006), «Сүзгенің соңғы күндері» (Повесть және әңгімелер. Алматы: «Ан-Арыс, 2008), «Бір махаббат баяны» (Повесть және әңгімелер. Алматы: «Ан-Арыс, 2009), «Туған үйдің түтіні» (Астана: Фолиант, 2011) кітаптары жарық көрді. Шығармалары түрік, орыс тілдеріне аударылып, беделді басылымдардан жарық көрді.
Жазушының «Тағылымды тағдырлар» атты деректі прозалар жинағына Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Туысқан түрік елінде Шәрбану қаламынан туған көркем дүниелер зерттеу нысанына алынды.
Шәрбану Бейсенованың бастамасымен және авторлығымен «Ұлы дала арулары» атты жоба қолға алынып, осы серия аясында «Сүйінбике», «Бозоқ аруы», «Ұрпағына ұран болған аналар» кітаптары жарық көрді. Өнерпаздығымен ел жадында сақталған Сара Тастанбекқызының тағдыры, шығармашылығы туралы «Сара саңлақ» кітабының жарық көруі де – қажырлы, ықтиятты қаламгердің жанкешті еңбегінің жемісі.
Қатал да қаһарлы заманда ғұмыр кешіп, қайраткерлік көрсеткен, жауынан қаймықпаған, елі мен еріне деген құрметінен танбай құрбан болған ару әйелдер тағдыры – жазушы шығармашылығының алтын өзегі. Өнердегі арулар, аңызға айналған, ел бірлігі жолында парасаты мен мейірімін аямай, азаматына сенімді серік, елге тұтқа болған аналар туралы талмай ізденіп, олар туралы әрбір деректі мұқият зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде ыждағаттылықпен еңбектенген қаламгерді өзін де қазақтың ақ маңдайлы айымы десе де болады.
Ш.Бейсенова шығармашылығы әдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің ерекше назарына ерте ілікті. Көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова, академик Серік Қирабаев жазушы прозасы туралы тұщымды ойлар айтып, жоғары бағасын берді.
Академик Серік Қирабаевтың: «Шәрбану шығармаларының көркемдігі де көңіл тойдырарлық. Ондағы суреттер мен баяндау құралдары жақсы жымдасып, характер ашуға, оқиға өткен ортаның шындығын тануға мүмкіндік береді. Суреттер де жарқын... Журналистік қызметте жүріп өмір таныған Шәрбанудың шындықты терең түсінуі мен адамдарды тануы оның жазушылық қаламына жел бергені шығармашылығынан анық байқалады. Қаламгерге тән байқағыштық, құбылысты сурет күйінде көру де оған көмектескен. Сөйтіп, Шәрбанудың сәтті шығармашылық еңбегіне жол ашқан. Оның характерлері де дара, суреттейтін оқиғалары (сюжет, фабула) да нанымды, тілі де құнарлы, ойлы. Айтары бар, ұсынар сабағы мен ғибраты да мол. Оны қазақ әйелі табиғатының жыршысы деуге әбден болады», деген пікірі Шәрбану Бейсенованың шығармашылық келбетін аша түседі.
Өткен тарихтан бүгінгі күнге дейінгі қазақ айымдарының өнердегі, ел басқару ісіндегі, алмағайып замандағы, соғыс өрті лапылдаған қан майдандағы күрделі де өнегелі тағдырын ұрпаққа өнеге етуді мұрат тұтқан, сөз өнерінің қадір-қасиетін жан-жүрегімен түйсініп-түсінген, шығармашылығымен әдебиетші қауымның назарын аударып, оқырманының ықыласына бөленген Шәрбану Бейсенова туралы айтылар сөз, жазылар дүние көп болмақ.
Сөз соңында айрықша тоқталып айтарымыз – құдай қосқан қосағы, көрнекті сыншы, қайраткер тұлға Сағат Әшімбаевтың аманатын ұрпаққа табыстауы. Кеңестік жүйенің бұғауын үзбекке талпынған Желтоқсан көтерілісінің шындығы бейнеленген таспаны көзінің қарашығындай сақтап, уақыты келгенде тиісті адамдардың қолына тигізуін қаламгердің үлкен жауапкершілікті, ел алдындағы парызды терең түсінген биік парасаты, еліне деген ерекше сүйіспеншілігі деп білеміз. Өзінің бір туындысын «Аманат арқалаған сапар» деп атаған екен. Қаламгерлік жолда арқалаған аманатына қиянат жасамаған жазушы дәл осы еңбегі үшін де ерекше құрметке лайық.
Жанат АЙМҰХАМБЕТ,
ақын, филология ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры