• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Желтоқсан, 2022

Поэзия падишасы ұлықталды

363 рет
көрсетілді

Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының мәжіліс залында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсыноваға арнал­ған «Ақын жүрегіндегі елорда» атты еске алу кеші өтті. Шараға Парламент Мәжілі­сінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев, әдебиеттанушы-ғалымдар Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп, ақындар Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара басында ақын өмірінен сыр шерткен қойылым қойылып, өмірге келген сәтінен ел қошеметіне бөленген тұсына де­йінгі шежірелі өмірі өрнектелді. Мұнан соң академик, жиынның модераторы Кәрім­бек Құрманәлиев келген қонақтарға сөз берді.    

Қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев өткен шаққа көз жүгіртіп, Фариза – жырдың болашақпен қауышқанын айтты.

«60-жылдары, студент кезімізде, жас­тарда әдебиетке деген ерекше құштарлық болатын. Газеттің бетіне жақсы өлеңдер шықса, іздеп жүріп оқитынбыз. Фариза апамыздың өлеңдерін ә дегеннен-ақ оқып, сүйсініп жүретінбіз. Халқымыздың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаевтың Фариза туралы «өлеңшімен емес, ақынмен кездестім, кездестім де шексіз қуандым» дейтін сөзі бар. Біз бүгін болашақпен жүздескен ақын апа­мыздың шарасында отырмыз», деді.

Ал танымал қаламгер Сауытбек Абдрах­манов еліміздің есесі кеткен сындарлы уақыт­та ақынның дәтке қуат болғанын жеткізді.

«Біз бұл күнге оп-оңай жеткен жоқпыз. Осы қаланың аты Целиноград еді. Бұл қалада жалғыз ғана қазақ мектебі бар-тын. Оның көшесі «Казахская» деп аталатын. Тіпті республикамыздың сол кездегі астанасы Алматыда жалғыз қазақ мектеп-интернаты болатын. Сондай замандар болған. Ағаларымыз «біз осы қалада автобуста қазақша сөйлеп келе жатсақ, бізді тоқтатып орысша сөйлеңдер деп айтатын, қорыққанымыздан түскенше орысша сөйлейтінбіз» дейтін. Осындай қытымыр заманда Фаризадай ерлер шыққан. Біз неге Фариза апамызды осыншалық аялаймыз, ардақтаймыз, құрметтейміз? Өйт­кені кешегі қысталаң заманда қазақтың есесі кетіп, ұпайы ұтылып жатқан кезде сіздердің мектепке аты берілген, аңызға айналған қазақтың қайсар қызы ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. Фариза апамыздың еңбегін тек қазақ поэзиясына сіңірген еңбегімен бағалауға болмайды. Жалпы, Фариза – жалғыз әдебиет пен мәдениеттің аумағына сыймайтын адам» деп салмақты ойын сабақтады қаламгер.

Ақын Оңайгүл Тұржан поэзиядағы ұстазының махаббат лирикасына өзгеріс әкелгені туралы толғады.

«Фариза ақынның махаббатты нәзік, мұңайған, әлсіз, жарымжан, түртіп қалсаң, еңіреп қоя берейін деп тұрған жылауық ұғым шекарасынан асқақ та өр сезім дең­гейіне алып шыққаны шынында да ұлы өзгеріс еді. Шынында да революция еді. Ал қандай төңкеріс болса да, қашанда қарсылыққа тап болып отыратындығын тағы білеміз. Сосын, сынға ұшырайды. Өзіндік оппозицияны қалыптастырады. 

«Жаным-ай, өзің бе бұл,

бармын ба мен?

Қанша күн бұл сәт жайлы өртеді үміт.

Кеудемді жанағанда балғын денең,

Дүние кетті-ау деймін төңкеріліп», –

дегенін өлеңін газет бетінен оқыған кезде, 70-жылдардың сыншылары шошып кетті. Тек мұның ғажап поэзия екендігін алғаш мойындаған бір адам болды. Ол қазақ поэзиясының классигі Әбділда Тәжібаев еді. «Адамның шартты түрдегі ережелерге, канондарға, ескірген әдет, дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын, өз сезімін ұрламай, жасырмай, бүкпей сөйлеуін қазақ поэзиясында батыл жырлаған осы Фариза», деді ақын.

Шара барысында қонақтарға «Фари­затану» бөлмесі таныстырылып, «Мектеп тынысы» атты оқушылардың шығар­ма­шылық жұмыстары көрсетілді. Сонымен қатар мектептегі ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен күй орындалып, кештің көркін кіргізді.