Бала дейтін аяулы ұғымның ауқымын қалағанша кеңейтіп сипаттай беруге болады. Бірақ өмірдің өзіндей қарапайым түсінікке салсақ, бала – адам үшін де, қоғам үшін де үлкен жауапкершілік. Мұның бүгініміз бен болашағымыз үшін маңызы өте зор. Биыл осы жауапкершілікті сезіндіре түсетін серпінді бастамалар қолға алынып, Балалар жылы жақсылықтың жаршысы болды деуге толық негіз бар.
Иә, биыл жақсылықтың жаршысы болған жаңалықтар жетерлік. Оның басында, әлбетте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірегей бастамасы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы тұр. Бұл балаларды болашағымыз деп білетін әділетті қоғамның қисынды қадамы болмақ. Өйткені ұлт байлығының бір үлесі келешек ұрпақ қамы үшін жиналады. Дәлірек айтқанда, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жиналған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады.
Балалар жылына арналған осы жылы елімізде 6,6 миллионнан аса бала тұрып жатқанын атап өткен жөн. Оның 2,5 миллионы 5 жасқа дейінгі балалар болса, 3,4 миллионы – оқушылар. Бұл қатарды биыл 402 мың бала толтырды, яғни осынша бала дүние есігін ашты. Осы орайда мына жаңалықты да қаперге сала кеткеніміз мақұл: Президент тапсырмасымен 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін жәрдемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Бұл игілікті сәбиі 2022 жылы жылы дүниеге келген ата-аналар да көре алады. Мемлекет басшысы айтқандай, аталған жаңалық балалардың ең маңызды шағы – сәби кезінде ата-анасының жанында көбірек болуы үшін маңызды.
Арнаулы жылдың басында Үкімет қаулысымен іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Бұл жоспар балалардың физиологиялық, зияткерлік, рухани дамуына жағдай жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсартуға, құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталды. Осы ретпен биылғы іс-шаралардың ең негізгілеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.
Денсаулық сақтау
Ана мен баланың амандығы, балалардың денсаулығын күтіп, жан-жақты медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету – ұдайы назарда ұстайтын мәселе. Бұл ретте балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі тәсілі жүзеге асырылады. Амбулаториялық көмекті 5 690 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі көрсетеді. Стационарлық көмек үшін 204 аудандық орталық аурухананың, 10 қалалық және 13 облыстық балалар ауруханасының базасында 8 130 балалар төсек-орны жабдықталған.
Республикалық деңгейде үш негізгі орталықта – Астанадағы Ана мен бала ғылыми орталығында, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Алматы қаласындағы Ақсай университеттік клиникасында 815 төсек-орны бар. Бұл ұйымдар өңірлерге жетекшілік етуді, ұйымдастырушылық-әдістемелік және практикалық көмекті жүзеге асырады. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, диагнозды нақтылау және одан әрі жүргізу тәсілін айқындау үшін балалар республикалық деңгейдегі орталықтарға жатқызылады.
Елімізде 249 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39-ы – перинаталдық орталық. Онда жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету үшін 140 төсек-орын қамтылған.
Сонымен қатар 49 балаларды оңалту орталығы бар. Оның ішінде республикалық деңгейдегі балаларды оңалту орталығының саны – 3. Атап айтсақ, Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы, «Балбұлақ» оңалту орталығы, «Алатау» балалар клиникалық санаторийі
Білім беру
Адам капиталын дамыту бала тәрбиесінен, әсіресе сапалы білім беруден басталатыны түсінікті. Бұл ретте биыл білім беру саласында көптеген іс-шара сәтімен орындалды. Атап айтсақ, «Балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Оның шеңберінде балалар ортасының қауіпсіздігі мен жайлылық деңгейін арттыруға бағытталған нормалар қарастырылды. Осы заңмен Қазақстанда алғаш рет «баланы қорқыту (буллинг)» ұғымы енгізіліп, баланың буллингтен қорғау құқығы бекітілді, сондай-ақ баланы қорқытудың алдын алу қағидаларын әзірлеу көзделген.
Елімізде алғаш рет әл-ауқат индексі әзірленді. Бұл 36 статистикалық және 20 сауалдама индикаторынан тұрады. Талдау көрсеткендей, көптеген аймақтың әл-ауқатының орташа бағасы бар: 3 аймақ – «қызыл аймақта» және 14 аймақ – «сары аймақта». Индекстің барлық индикаторы бойынша балалардың әл-ауқатының орташа бағасы 55,3-ті құрайды.
Сонымен қатар алғаш рет оқушылар арасындағы білім деңгейінің алшақтығын төмендету мақсатында үлгерімі төмен 500 мың оқушы мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы оқушыларды қолдауға бағытталған «Цифрлық мұғалім» жобасы енгізілді. Бұған қоса ата-аналардың есепшотына ақша аудару арқылы көмек көрсету құралы қайта қаралды. Бұл ретте жыл сайынғы инфляцияны ескере отырып, күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен емес мөлшерде киім, аяқкиім, мектеп керек-жарағын сатып алу үшін әрбір білім алушыға 37 мың теңгеден қаражат көлемі айқындалды.
Әлеуметтік қолдау
Елімізде ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бұл қолдау бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 түрінен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 2 түрінен тұрады. Төлемдердің барлығы отбасының табысына қарамастан жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда балалары бар 2 млн-нан аса отбасы жәрдемақы мен төлем алушылар санатына кіреді. 2022 жылы мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің барлық мөлшері 9%-ға индекстелді, оның ішінде 1 қаңтардан бастап 5%-ға, 1 сәуірден бастап тағы 4%-ға көбейді. Биыл осы мақсаттарға жалпы 867,6 млрд теңге бөлінді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,5%-ға жоғары.
Әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастыратын Әлеуметтік кодексте көпбалалы отбасыларды қолдаудың қосымша шаралары көзделген. Кодекс аясында «Марапатталған аналар» атты жаңа тұжырымдама енгізілді. Мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы анаға құрмет ретінде өмір бойы беріледі. Сондай-ақ марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланады. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала босанып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен «Алтын алқа», «Батыр ана» атағы бар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артады. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарға әсер етеді.
Өнерге баулу
Балалар жылы аясында әзірленген жоспардан 69 ауқымды іс-шара көзделген. Оның ішінде 9 іс-шара мәдениет және спорт саласы бойынша ұйымдастырылды. Барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуына, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жалпы, мәдениет саласында 1 млн-нан аса баланы қамтитын бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды.