Былтыр Қазақстанның халық жазушысы, санаткер, драматург Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл толды. Отандық әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгердің немересі Дина Саянқызы атасының мерейтойына керемет сый жасағанын айтқымыз келеді.
Мектеп жасынан спортқа етене жақын болған Дина түрлі жарыста ел намысын абыройлы қорғап, қазіргі кезде жанкүйерлерінің қошеметіне бөленіп жүр. Солардың арасындағы ең елеулісі – 2019 жылы АҚШ-тың Гавай штатындағы Каилуа-Кона қаласында триатлоннан әуесқойлар арасында өткен әлем чемпионатына («Ironman») қатысуы. Спорттық бұл түрінде аталған жарыста жүлдегерлер санатынан көріну былай тұрсын, жолдама алудың өзі оңай шаруа емес. Осы жайттың өзі-ақ кейіпкеріміздің қандай ауыр сынақтан өткенін аңғартса керек.
Дина Шаймерденованың басқа да табысы аз емес. Былтыр ол Біріккен Араб әмірлігінде ұйымдастырылған «Ironman 70.3 Dubai» додасында күміс медаль иеленсе, Әзербайжанда тұсауы кесілген «IronWind 70.3» турнирінде бас жүлдені олжалады. Сонымен қатар елордада жалауы желбіреген «IRONMAN 70.3 Astana» жарысының абсолютті сайысында үшінші орынға табан тіреді. Ал таяуда ғана Дина АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында жалауы желбірген әлем чемпионатында («Ironman 70.3») қола медальді мойнында жарқыратты. Төрткүл дүниенің кілең мықтысы жиналған жарыста бұған дейін атақты велошабандоз, Олимпия ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров қана жеңіс тұғырына көтерілген еді. Осылайша, Шаймерденова өз есімін осындай дәрежеге жеткен Қазақстанның тұңғыш триатлоншы қызы ретінде спорттық шежіреге тіркеді.
Негізі Дина кәсіпқой спортшы емес. Оның екі жоғары білімі бар. Сөз орайы келгенде, 2021 жылы Д.Шаймерденованың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын айта кеткен абзал. Ол қаржы саласы бойынша басшылық қызмет атқара жүріп, спортты да серік етіп жүр. Ал триатлонға ден қойғанына бар-жоғы жеті жылдай ғана уақыт болды. Соған қарамастан, Дина Саянқызы халықаралық аренада өзінің мықтылығын мойындатып үлгерді. Міне, «тектіден текті туады» деп осындай да айтылса керек.
Дина әр сөзінде әкесі Саян Шаймерденовтің бала жүрегіне спорт пен саламатты өмір салтына деген сүйіспеншілікті қалап кеткенін айтады. Иә, бұл есім жанкүйерге жақсы таныс. Кезінде сырмінез Саянның өнеріне сүйсінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә! Көгалдағы хоккейдің хас шебері болған ол Алматының даңқты «Динамосының» намысын абыроймен қорғап, сегіз дүркін КСРО чемпионы атанды, екі рет күміске қол созды. Еуропа чемпиондары кубогін иеленіп, басқа да байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары кеңес одағының ең мықты ойыншыларының бірі әрі бірегейі болған Саян Сафуанұлының «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атағы бар. Кейіннен бапкерлікке ден қойып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және еліміздің көгалдағы хоккей федерациясының президенті қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Динаның өсіп-өніп, ел ертеңін ойлайтын тұлға болып қалыптасуына атасы – Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Сафуан Шаймерденов те маңызды рөл атқарды.
Атасының ұлт әдебиетіндегі және әкесінің отандық спорттағы жетістіктері Динаны әркез жарқын жеңіске жетелеп, үнемі шабыттандырып отырады. «Асыл атамның жүріп өткен жолына қарап, мен адалдық пен әділдік, ізгілік пен жанашырлық, жауапкершілік және тағы басқа көптеген адами қасиетті бойыма сіңірдім. Алдыма биік мақсат қойып, соған жету үшін тынбай еңбек етуді үйрендім. Отанымды, елім мен жерімді сүюдің маңыздылығын терең ұғындым. Атам мен әкемнің өмірлік қағидаттары бұл күндері маған жұмыста да, спортта да көп көмек беріп жүр», – дейді Дина.
Жыл жабылар тұстағы АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында өткен әлем чемпионатындағы («Ironman 70.3») жарқын жеңісін Дина Саянқызы атасы, Халық жазушысы Сафун Шаймерденовтің ғасырлық мерейтойына арнады.