• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қаңтар, 2023

Жастар жұмыссыздығы: себеп пен салдар

669 рет
көрсетілді

Елімізде инженер, есепші, орта мектеп мұғалімдері тапшы. Медицина мен өнеркәсіп саласында да мамандар жеткіліксіз. Десе де Астана мен Алматы өңірінде «екі қолға бір күрек таппай» сенделген жастар көп. Яғни Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешімін таппай отыр. Күрмеуі қиын түйткілдің себебі неде? Салдары қандай?

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8% пайызды құрайды. Бұл – 2022 жылдың 2 тоқсанындағы қорытынды. Өңірлер бойынша Алматы – 5,4%, Астана – 4,7% және Қарағанды облысы – 4,3%, Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облысы – 4,1% пайыз көрсеткішке ие. «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Болысовтың сөзінше, мұндай көрсеткішке кей өңірлердегі білім деңгейінің төмендігі себеп. Бұған қоса мектептердің кәсіптік бағдар берудегі осалдығы да кері әсерін тигізіп отыр.

«Кез келген мықты компания білімі мен білігі келіскен маман іздейді. Бұған қоса жақсы университеттердің дипломы керек. Бала 5-6 сыныптан бастап қандай маман иесі болатынын ойлануға тиіс. Оларға мектеп тарапынан кәсіптік бағдар берілуі қажет. Қазір өзекті мәселе – осы. Себебі 11-сыныпқа келген оқушы ең алдымен ата-анасымен, кейін мұғалімімен ақылдаса отырып, олардың ықпалымен экономист, заңгер, есепші сияқты мамандықты таңдай салады. Кейін бала университетте 4 жыл оқып, мамандықты дұрыс таңдамағанын кеш түсінеді. Әрі қарай тұрмыстың қамын ойлап, сатушы, даяшы болып жұмысқа орналасады. Ол жақта көбірек ақша тауып, қызығушылығы ашылып, сонда қалады. Егер әр балаға мектепте дұрыс кәсіптік бағдар берілсе, олар оқуын аяқтаған соң, сол мамандық бойынша жұмыс істеуді жоспарлаушы еді», дейді Т.Болысов.

Батыс Қазақстан өңірінің тумасы Айару Дүйсенбиева мемлекеттік грантпен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша білім алған. Бұл мамандықты таңдауына ата-анасының әсері болыпты.

«Бұл мамандықты өзімнің қалауыммен таңдап, грантқа түстім деп айта алмаймын. Маған бала кезімнен физика пәнінен формуламен есеп шығару ұнайтын. Ата-анам мұны байқаған болуы керек, осы мамандыққа түсуіме бағыт-бағдар берді. Бірақ болашағымды бұл саламен байланыс­тырмаймын. Десе де 4 жыл оқыған соң, гранттың шарты бойынша осы мамандықта жұмыс істеуіме тура келді. Әрі қарай осы мамандықта мансап қуып, кәсіби біліктілігімді одан әрі шыңдаймын деген мақсат жоқ», дейді А.Дүйсенбиева.

Жастар арасында мүмкіндікті қалт жібермей мемлекеттік бағдарламамен білім алып, жұмысын істеп, үй-жайын қамдап алғандар да бар. Мәселен атыраулық Мөлдір Тәжиева 2016 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Алмалы елді мекеніне барған. Мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.

«Алғашында жалпы педагог болып жұмыс істедім. Қазір санатым өсті, педагог-модератормын. Бір бастауыш сынып оқушыларын оқыттым. Бүгінде 1-сынып оқушыларына сабақ беріп жүрмін. Баспана берілген соң отбасым көшіп келді. Бір қынжылтқаны, мен секілді әртүрлі мамандық бойынша қаладан ауылға келген 30 жас маманның ішінен 3 қызметкер ғана баспаналы болды. Бұл бағдарламадағы қаржының тапшылығы салдарынан», деп Мөлдір таяқтың екі ұшы барын жеткізді.

Осы ретте Тоқтар Болысов «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» әлі де талқылауды қажет ететін бағдарламалар деп есептейді.

Жалпы, елімізде жастарды жұмыспен қамту үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба қолға алынған. Бағдарлама негізінде жұмыс берушілердің сұранысына сай оқу ұйымдарында сол дағдыларды оқыту, тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік білімге мән берілген. Мәселен, былтыр осы мақсатта 3,8 мыңнан астам жас қамтылыпты. Курсты сәтті аяқтағандардың 78 проценті жұмысқа орналастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Зылиха Сейітованың айтуынша, министрлік 2021 жылдың шілдесінен бас­тап бірыңғай skills.enbek.kz порталын іске қосқан. Жүйе – еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды онлайн режімде қысқа мерзімде оқуға мүмкіндік береді.

«Маркетплейс маманға қажетті дағды­ларды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген кез келген республика азаматы үшін қолжетімді. Платформада 7 мыңға жуық адам онлайн оқыды. Былтыр Skills Enbek пен Coursera халықаралық білім беру платформасымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ өз идеяларын жүзеге асырып, бизнесін ашу үшін гранттар қарастырылған. Осылайша, оларда өздерін ғана емес, өзгелерді де жұмысқа орналастыруға мүмкіндігі болады. Осыған байланысты кәсіпкерлік негіздерін оқытудан бастап қаржылық көмек көрсетуге дейінгі қолдау шараларының толық спектрі қамтылады. Яғни жастардың және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары өкілдерінің бизнес идеяларын іске асыруға 400 АЕК-ке дейінгі гранттар үлестіріліп жатыр. Гранттар негізінен технологиялық жабдықтар, еңбек құралдары, мал мен құстарды сатып алуға беріледі. Нәтижесінде, жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт және басқа да өндіріс орындары ашылды», дейді З.Сейітова.

Сарапшылар Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейі төмен дейді. Егер жастардың белсенділігі артпаса, мемлекеттік бағдарламалардан нәтиже болмаса, болашақта жұмыссыздық мәселесінің түйінін тарқату қиынға соқпақ.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»