Абайды сәл ғана атүсті оқысаң, өлеңінің де, қара сөзінің де мағынасы ауысып, басқа ой-идеяға жетелеуі мүмкін. Ол Абайдың сөз қолдану ерекшелігінде жатса керек. Ақын жазғанда оқырман түсінбей қалады-ау деп қауіптенбеген, оқырманның өресін өз дәрежесіне тең көріп жазған. Оны Ахмет Байтұрсынұлы «Ол Абайдың кемшілігі емес, оқырмандыкі» дейді. Оның үстіне Абай лексикасының өз ерекшеліктері бар.
Содан болар, контекстен жұлып алып, белгілі бір сөзге аздаған өзгеше реңк берсе, әркімнің ақын сөзін өз мақсатына пайдалануына мүмкіндік туады. Кеңес дәуірінде Абайдың сақталып қалуы, сол дәуірдің қасаң идеологиясының шеңберіне сыйуы, тіпті сол идеологияның қаруына айналуы да оның ойларының әрі кең (масштабты), әрі терең болғандығынан, мәтіні қысқа болса да салмақты келетіндігінен десек, қателесе қоймаспыз.
«Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінің бір жолы жайында, «Махаббатсыз дүние бос» па, әлде «дүние дос» па деген дау жүріп жатқанына біраз жыл болды. Осы талас туралы өз ойымызды бөлісуді жөн көрдік. «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінде жалпы Абайдың өзі «махаббат, дүние, дос» деген ұғымдарға не сыйғызып отыр? Контекст, тақырып не жайында? Жалпы мұндағы «махаббат» адамға тиесілі ме, әлде құдайға ма? «Шын дос» деген ше, адам ба, әлде құдай ма? «Дүние» деп байлықты, қазына-малды айтып отыр ма, әлде өмірді, фәниді айтып отыр ма? Өлеңнің әрбір жолын талдауға талпынып көрейік.
Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат – өмір көркі, рас,
Өлген соң, ол да үндемес.
Махаббатсыз – дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
Өлеңнің басы
«Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар» – деп басталады. «Есер көңіл», яғни есіріп отырған адамға қандай махаббат керек? Әрине, құдайды қоя тұрып, дүниелік қызық іздейді.
«Ішем деп бейнет сусынын», махаббат – «бейнет сусыны», өйткені махаббат – құрбандық. Аз дегенде уақытың, қажыр-қайратың соның жолына жұмсалады. «Сейфіл-Мәлік Жамалдай, бейнетіңе көнсем-ай» (Әсет). Ал құдайға деген махаббат биік иманнан, парыздан туындайды сірә, оны Абай бейнет көрмесе керек.
«Асау жүрек алқынар», Асау жүрек адамға ғашықтықтан алқынады, құдайға ғашықтықтан тыныш табады.
«Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес».
Жан бар, ес жоқ жастық шақта, «махаббат-қызық мол жылдарда» сол махаббат деп тартқан бейнет, ішкен шарбат сусын, көңілде қалған жылы естелік, кезіндегі алаулаған сезім жүрегіңе от, жаныңа қуат беріп, ол қуат «есер көңіліңе» дем беріп, егде жүректі елпілдетіп, махаббат отын қайта маздатып жаққысы келетіндей. (Өлең 1890 жылы жазылған, Абай 45 жаста.)
«Махаббат – өмір көркі, рас,
Өлген соң, ол да үндемес».
Махаббат – өмір көркі екендігіне дәлел керек емес, сірә.
«Өлген соң үндемейтін махаббат», яғни бұ дүниелік махаббат, адам баласына деген махаббат. Сонда өлмейтін махаббат бар ма? Бар екен. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деген өлеңінде ақын «Әділеттік, арлылық, махаббат пен –Үш жолдасың қабірден әрі өткенде» – дейді. Бұл құдайға деген махаббат иманның бір бөлігі ретінде рухыңмен бірге «қабірден әрі о дүниеге өтеді».
«Махаббатсыз – дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар».
Жалпы өзі хайуан атаулыға дүние-мүлік керек пе? Оның жейтін – жем-шөбі, жататын жері болса болды, дүние-мүлік жинаған хайуан бар ма? Адам түсінігінде инстинктімен жүретін «оттаған хайуан», ол қалай дүниеге дос болмақшы?
Сондықтан бұл өлеңдегі «дүние» деген «ғұмыр» – өмір деген ұғымның синонимі, қазына-мал, ақша емес.
«Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар».
«Қызық» деген сөз Абайда «махаббатпен» қоса жүрсе, оның күшейткіші, әм синонимі ретінде жүре береді, мысалы «Махаббат-қызық мол жылдар». Біреуге ғашық болмасаң, бола алмасаң да «Қатының, балаң, досың» бар, махаббатыңды соларға арна деп отыр ақын. Өлеңде «Дос» деген ұғым «Қатын, баламен» қатар тұрғандықтан Жаратушы емес екендігі тағы анық.
«Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас».
«Жүрегі жұмсақ білген құл» деген кім? Жаман мен жақсыны парықтай білетін, әрі мейірімді «есті адам», қоғамның үлгілі мүшесі,
«Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас».
Пайда, мақтан тұл болатын себебі олар «жарым адамға», надандыққа тиесілі үлес, сырт қана, сымбат қана, есті адамның жан қуаты, рухы күшеюге мүдделі болғандықтан сырласатын, «шын күлетін» өресі биік жақсы дос керек. «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер», (Кітап-тасдиқ).
«Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат».
...«Жолдастық, сұхбаттастық –
бір үлкен іс»
«...Өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады», (Кітап-тасдиқ).
Ойымызды қорытындылай келе, Абай бұл өлеңінде «махаббат» деген ұғымға досқа, қатын-балаға, отбасыға деген махаббатты сыйғызғанын, ол екіжақты, қайтарымды болатынын, сонымен өміріңе шынайы мағына бітетінін, «дүние бос» болмайтынын, отбасының, достардың маңызын білдіргені деген пікірдеміз.
Адамның негізгі құндылығы – оның отбасы, туыстары мен араласатын ортасы. Отбасындағы махаббат – сол отбасының берекесі мен бақытының, жақсы тәрбиенің кепілі. Мұндай отбасы жасампаз ұрпақ тудырады. Ұрпақ – елдің болашағы.
Ал тілек-ниеті бір, сыйласатын шынайы доссыз есті адамның, елдің ертеңін ойлайтын азаматтардың рухани өсіп-өнуі, ой-пікірдің дамуы жоқ. Яғни елдің жақсылыққа өзгеруі, дамуы жоқ.
Ендеше Абайдың сөздері әдеби тартыс, сараптама деңгейінде қалып қоймай, оның шын мағынасын тауып, оған ойымыздан орын беріп, бойымызға сіңдіріп, күнделікті өмірде қолдана білу әлдеқайда маңызды.
Сұлтан Ыбырай,
абайтанушы