• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

ЕЛДІКТІ ЕҢСЕЛЕНДІРГЕН ТӨР

427 рет
көрсетілді

Кеше “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы: алдын ала қорытындылар және келешегі” атты жыл сайынғы VІІІ Алматы конференциясы болып өтті. Қазақстан Президенті жанын­дағы Стратегиялық зерттеулер инс­титуты, ЕҚЫҰ-ның Астана­да­ғы орталығы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйытқы болған осынау конференцияға қатысу­шы­лардың­ бірауызды пікірі мынадай: ЕҚЫҰ төрағалығындағы Қазақ­стан­ның қызметін әлемдік қо­ғамдастық жоғары бағалайды. Конференцияға өте беделді отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар келген болатын. Оның жұмысына Парламент Се­на­тының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөнін­дегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы басшысының орын­ба­са­ры Жаннет Клетцер, Ерекше тап­сырмалар жөніндегі елші, Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ Департаменті­нің директоры Сержан Әбдікәрі­мов, сондай-ақ елімізде аккре­ди­та­цияланған дипломатиялық кор­пус өкілдері қатысты. – Қазақстанның төрағалығын Президент Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық ұлттық жоба ретінде айқындады, – деп атап көрсетті Қуаныш Сұлтанов. – Мұның біз­дің еліміздің бүгіні мен болашағы үшін маңызы зор. Сонымен бірге, біздің құрметті миссиямыз ЕҚЫҰ-ның өзі үшін де маңызды болса керек. Шынында да, сенатор айтса айт­қандай, республикамыз осы халықаралық Ұйымның қызметіне сүбелі үлес қосуда, жаңашылдық та­нытуда. ЕҚЫҰ-ның барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, көңілдегідей нәти­же­лер­ге қол жеткізілуде. Ұйым тір­шілігіне жаңа серпін берілгендігін бүкіл әлем байқады. Конференцияда АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі  Ричард Хоугландтың біздің республикамыздың ЕҚЫҰ төрағалығы рөлінде өзін айтар­лық­тай жақсы  қырынан таныт­қан­дығы жөніндегі пікірі келтірілді. Мысалы, ол Қырғызстандағы сая­си дағдарысты шешуде негізгі рөл­ді атқарды. Біздің еліміздің бей­бітшілік пен қауіпсіздікті нығай­тудағы бастамалары – Еуразия құрлығында ғана емес, бүкіл Жер шары ауқымында да мойындалған құбылыс. Солардың қатарында ядролық қатерді таратпауды, ұлт­аралық және дінаралық үнқаты­су­ларды дамыту үшін жағдай жаса­луын, энергетикалық, көлік қауіп­сіздігі проблемаларын және Ауған­стандағы ахуалды тұрақтандыру мәселелерін шешуге көмектесуді атауға болар еді. Салиқалы форумда Жаннет Клетцер былай деп мәлімдеді: – ЕҚЫҰ Қазақстан төраға­лы­ғы­мен өзін Еуро-Атлантика және Еуразия өңірлеріндегі қатысушы елдердің бірлескен, ғаламдық ауқымдағы және біртұтас қауіп­сіздігін қамтамасыз ету тәжіри­бесін енгізуге әзір әрі қабілетті қуат­ты үнқатысу тұғыры ретінде танытып отыр. Осы орайда Қазақ­стан төраға­лығы Ұйымның барлық институт­тары­ның өзара тығыз іс-қимыл бір­лігін және олардың мүд­делі тарап­тармен ынтымақтасты­ғын қамта­масыз етіп отырғандығы ғанибет. Конференцияда еліміздің Ұйым төрағасы қызметіндегі қа­жыр-қайраты, сондай-ақ толерант­ты­лық, гендерлік теңдік, адам сау­дасымен күрес мәселелеріне арнал­ған алдағы халықаралық іс-шаралар толық әрі егжей-тегжейлі талданды. Әсіресе, заңның үстем­дік етуі, адамның негізгі артықшы­лық­тары мен бостандықтарының сақталу проблемаларына ерекше көңіл бөлінді. Жиынға қатысу­шы­лар тарапынан Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың Астанада ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бас­тамасы кең қолдау тапты. Конференцияда Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысуды одан әрі өрістету жөнінде бірқатар тілектер мен ұсыныстар айтылды. Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов Ұйымның атын Еуразия­дағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тық ұйымы деп атау жөніндегі ойын ортаға салды. Аз ұлттар іс­тері жөніндегі Жоғарғы комиссар­дың кеңсесін Гаагадан Астанаға, Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының штаб-пәтерін Варшавадан, мысалы, Тби­лисиге немесе Бішкекке көші­ру мәселесін қараған абзал болар еді. Қалай болғанда да, Қазақстан ұсынып отырған ЕҚЫҰ-ны жаңарту үдерісі биылғы жылмен шектелмей, болашақта да жалғаса бермек. Қорғанбек АМАНЖОЛ.