• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Қаңтар, 2023

Аштық жылдарының айғақтары

1480 рет
көрсетілді

немесе швейцариялық жиһанкез Элла Майардың Қазақстаннан түсірген суреттері туралы

Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуда «Архив – 2025» бағ­дар­ламасы аясында отандық архив қорлары тың деректермен толы­ғып келеді. Осы орайда алыс-жақын шетел архивтеріндегі қазақ халқының тарихына қатысты деректерді елге жеткізу, ғылыми айналымға енгізу осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсетіні анық.

Еліміздегі көне мұрағат қор­ларының бірі – Орталық мемлекет­тік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві директорының орынбасары, тарих ғылымда­ры­ның кандидаты Сәуле Сатаева елі­мізде дереккөздерді жаңарту, архив ісінің жандануына «Архив – 2025» бағдарламасы серпін беріп келеді, дейді. Оның айтуынша, тарихи жады сабақтастығының кепілі ретінде әлемдегі мұрағат­тар қоры маңызды рөлге ие. Осы ретте құпия құжаттар қорының қолжетімділігі, күні бүгінге дейін құжаттардың ауқымды қорының ғылыми айналымға енуі де архив ісіндегі жетістіктерімен байла­нысты. «Батыс саяхатшыларының визуалды құжаттары осы уақыт­қа дейін арнайы зерттеу тақыры­бы болған жоқ. Қазақстан мен Орталық Азия географиялық орналасуымен, табиғи ресурстарымен, ежелгі мәдениетімен Батыс Еуропа саяхатшыларының қай кезде де назарын аударып келгені белгілі. Олар жинаған дерек­көздерден белгісіз фактілерді, бел­­гілі оқиғаларды нақтылау және салыстыруға мүмкіндік беретін сирек деректерді кездестіруге болады. Осындай мұрағат қорлары­на қол жеткізу арқылы өткенімізді зерттеп, анықтау арқылы біз тарихи деректер базасын байыта аламыз. Ресей және шетел деректерін салыстырып қарағанда, Батыс фотографтары мен саяхатшылары­ның жеке қорларынан алынған фото­құжаттарды олардың шығу тегі мен мазмұны жағынан, табиғилығы, ғылыми дәлдігі тұрғысынан және геосаяси бейтараптықты ұстанатын сенімді дереккөздерге жатқызуға болады. Дереккөз қаншалықты Қазақстаннан алыстаған сайын ол соншалықты шынайы келеді. Еуропа мен АҚШ елдерінен келген ғалымдар, саяхатшылар мен фотографтар еліміздің тарихы, мәдениетіне қызығушылық та­ны­туының нәтижесінде кино, фото­құжаттар қоры жинақталды.

Осы орайда Сәуле Сатаева швейцариялық жиһанкез, жазушы, фотограф Элла Майар тү­сір­ген суреттермен таныстырды. Бұл суреттерді тарихшы ар­хив қо­рына қабылдау үшін емес, конферен­ция, форумдар, бұқара­лық ақпарат құралдарында жа­рия­лау мақсатында ғана әкелген. Элла Майар 1930 жылдары кеңес одағына алғашқы сапарын жасап, халықтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты суреттер түсіріп, деректер жинастырғаны белгілі. Еуропаға оралғаннан кейін өзінің саяхаты туралы француз тілінде «Аспан таулардан Қызыл құмдарға дейін» кітабын шығарды. Кітаптан түскен қаламақысын жаңа сапарға, бұл жолы көшпенділер еліне – Орта Азияға салуға шешім қабылдаған Элла Майардың кейінгі сапарлары туралы жазған кітаптары да жиһанкездің саяхатқа толы өмірін суреттейді. Альпі тауларында шаңғы теуіп, экстремалды саяхат түрлеріне әуестеніп, 94 жасында өмірден өткен Элла Майардың Непал, Тибет, Үндістан, Түркия, Иран, т.б. әлем елдеріне саяхаты бүгінде көптеген зерттеулердің дереккөзіне айналған.

«Орта Азияда 6 айдан астам сая­хаттаған батыл әйел Элла Майар суреттер мен негативтерді Ели­сей музейінің архивіне қалдыр­ған. Польшалық әріптестеріміздің қо­лдауымен Швейцарияның Лозан­на қаласындағы Елисей музейі қо­рындағы мазмұны терең тарихи құ­жаттармен танысу мүмкіндігі туды. Бір аңғарғанымыз, музейде Қазақстанға қатысты деректер өте сирек. Мұнда Қазақстанға қатысты 50 шақты сурет сақталған болса, Өзбекстан, Қырғызстанға қатысты деректерді көптеп кездестіруге болады» дейді С.Сатаева.

Орталық мемлекеттік кино-фото­құжаттар мен дыбыс жазба­лар архивінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы жыл­дарынан бастау алатын 200 мыңнан астам фотоқұжаттар қоры жинақталған. Бүгінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві қоры­ның 40 пайызға жуығы цифрлық жүйеге көшірілген. Әр дәуірдегі оқиғаларды айғақтайтын суреттер TIF форматында сақталған. «Құжаттардың сандық жүйеде сақталуы түпнұсқаның өміршең­дігін сақтауға ықпал етеді. Архив құжаттарының мазмұны күрделі келетіндіктен арнайы режімде сақ­тауды талап етеді. Құжаттың датасы қаншалықты көне болған сайын оның құндылығы да арта түсетіні сөзсіз. Мұрағатта құпия құжаттар жоқ. Ал цифрлы жүйе зерттеушілер сұранысын жылдам қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда техникалық жарақталуы жағынан отандық, шетел архив саласында жетекші архивтердің бірі ретінде алдымызда заман үдесінен шығу, қордағы бай мұрағатты келер ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуде серверлер мен штат санын ұлғайту міндеті тұр, дейді С.Сатаева.

 

АЛМАТЫ