• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қаңтар, 2023

Қуатты армия тірегі – берік тыл

345 рет
көрсетілді

Қарулы күштердің жауынгерлік қабілеті тылының берік, әскери инфрақұрылымының заман талабына сай дамуына тікелей байланысты. Бес қаруы сай, киім-кешегі бүтін, азық-түлігі құнарлы әскер жауынгерлік дайындықтан өзгеге көңіл бөлмесе керек. Сол себепті материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласы мамандарының арқалаған жүгі ауыр, жауапкершілігі салмақты. Осы қызметтің өзіне тән ерекшелігі мен қыр-сыры жайлы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласовпен әңгімелескен едік.

– Отан қорғаушылардың келбетін келістіріп, беделін қалыптастыруда әскери киім үлгілері ерекше орын алады. Қарулы күштердің жеке құрамы үшін қазіргі киім үлгілерін таңдаудағы талғам қандай?

– Әскери адамдар үшін киім үлгісі қай кезде де ерекше маңызға ие болған. Бұл біріншіден, қоғам­да белгілі бір мінез-құлық үлгісін қалыптастыруға оң ықпал ететін фактор. Әскери формадағы адамды алғаш көрген баланың әскери болуды армандап өсуі заңды­лық. Этикалық-эстетикалық тұрғы­дан алсақ та, әскери киім үлгісінің қызметтік мәні зор. Киім іс-қи­мылға, қозғалысқа ыңғайлы бол­ғаны дұрыс. Климаттық жағ­дай­лар ескеріліп, әр маусымға сәй­кес болуы керек.

Сонымен бірге әскери киім мемлекеттің имиджін қалып­тас­тыруға да ықпал етеді. Елі­міз­дің әскери қызметшілері жыл са­йын түрлі халықаралық оқу-жат­тығуларға, халықаралық армия ойындарына, БҰҰ бітімгер­лік мис­сияларына қатысып тұра­ды. Мұндайда шетелдік әріптес­теріміздің назары ең алдымен киім-кешек пен керек-жарақтарға түсетіні белгілі. Әскери киім үл­гісі арқылы елдің тарихи ерекше­ліктері мен халықтың ұлттық дәс­түрлерін жеткізеді.

Бұдан өзге, біз заттай мүлік­пен қамтамасыз етудің отандық жүйесін құруды қолға алдық. Киім­ге, аяқ киімге және оған қа­жет­ті заттарға қойылатын талап­тар жаңаша әзірленді. Бұл ретте климаттық жағдайлар мен ха­лық­тың антропометриялық көр­­сет­кіштері зерделеніп, шетел­дер­дің озық тәжірибесі ескерілді. Әскери қызметшілерге арналған нысанды жасау кезінде Ұлы дала нышандары, қазақ батырларының әскери өнер дәстүрлеріне қатысты элементтер кеңінен пайдаланылды.

2010 жылы Қарулы күштердің Тыл басқармасын басқарып жүр­генімде отандық дизайнер Құралай Нұрқаділованың авторлық үйімен бірлесіп, тек сапалы емес, соны­мен қатар эстетикалық сипатымен ерекшеленетін киім-кешек үлгі­лерін әзірледік. Бүгінде қазақ­стандық әскери қызметшілер осы форманы киіп жүр.

Қорғаныс ведомствосының бас­шысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Қарулы күш­тердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың дала­лық киім нысанын біркелкі үлгіге келтіру туралы ұсынысы Жоғарғы Бас қолбасшы тарапынан қолдау тапты. Онымен арнайы құрылған жұмыс тобы айналысып жатыр. Сонымен бірге әскери қызметшілердің киім-кешек үлесі нормасын оңтайландыру мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.

– Әскери қызметшілердің киі­мін тігумен кімдер айналысады?

– Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушылармен тікелей шарт жасалмағанын айта кету ке­рек. «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заңда нақ­ты­ланғандай, орындаушыны таң­дау мен заттай мүлікті жеткізуге шарт жасасу Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне жүктелген.

Осыған сәйкес, «Шабитекс», «Руми-эн», «Швейный салон «Веста», «Казлегпром-Алматы», «Обувная фабрика «Samhat», «Прогресс», «Kaz arms», «ШФ «Гаухар» ЖШС, «Жетісу», «Тыныс» АҚ және тағы басқа мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберіндегі жеткізуші тізіліміне кіретін бірқатар отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілері киім-кешек тігумен айналысады.

Киім-кешектің сапасына қойы­лар талап өте жоғары. Киюге ың­ғайлы, қысты күндері жылы, жазда ыстыққа төзімді болғаны абзал. Кейде тез тозатын, материалы нашар киімдер кездеседі. Сондық­тан баға мен сапа арасында­ғы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Төмен бағамен қорғаныс тап­­сырысын орындаушының бел­­гілі бір кемшіліктері болаты­ны айдан анық. Бұл тұрғыда Қор­ғаныс министрлігі белгілі бір ұлттық стандарттар әзірлегенін айтып өткім келеді. Мәселен, 2017 жылы заттай мүлікке – 47, 2018 жылы – 23, 2019 жылы – 28 ұлт­тық стандарт әзірленді. Киім-кешек қызметінің мамандары бұл талап­тардың сақталуын қатаң қадағалап, үлгілерді тәжірибеден өткізуге тұрақты түрде қатысып тұрады.

– Тыл қызметінің басты бағыт­тарының бірі әскерді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету екені белгілі. Осы ретте әс­кери қызметшінің рационы қан­шалықты өзгерді, ол ағзаның қажеттілігін өтей ала ма?

– 30 жыл ішінде Қарулы күштер­дегі азық-түлік рационының нормалары төрт рет өзгергенін айта кету керек. 2011 жылы біз бұл жұ­мысқа отандық ғалымдарды тарта бастадық. Осы мақсатта Қарулы күштердің Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы «Қазақ тағамтану академиясымен» азық-түлік үлес­терінің нормаларын әзірлеуге қатысты шарт жасасты. Мамандар шынығуға кететін жүктемелердің, орындалатын тапсырмалардың ерекшеліктері мен әскер түрлерін ескере отырып, жеке тамақтану рациондарын әзірледі.

Ғылыми мекеменің ұсыны­сына сәйкес, азық-түлік пен сусын­дардың 85 атауы бойынша азық-түлік рационы мен жеке тамақта­ну рационының құны есептелді. Қолданыстағы үлес нормалары ағзаның қорғаныш күштерін арттыру мен әскери қызметшілердің денсаулығын нығайтуға оң әсер етеді.

Енді «Әскери қызметшінің ра­ционы қаншалықты өзгерді, ол ағзаның қажеттілігін өтей ала ма?» деген сұраққа келсек, бұрын құрғақ рационда тек бес тағам түрі – печенье, ет және ет-өсімдік консервілері, қант пен шай пайдаланылып келсе, 2017 жылы бе­кітілген тамақтану рационының калория мөлшері мен ассорти­мен­ті сол кездегі құрғақ рационнан едәуір асып түсті. Мысалы, жалпы әскери тағамға жартылай ысталған шұжық, ірімшік, бал, банан және апельсин қосылды. Рационның әрбір нормасын «Қазақ тағамтану академиясы» ғылыми тұрғыдан қарастырды. Жалпы, әскерлерден бөлек, десантшылар, матростар, ұшқыштар және басқа да әскерлер үшін тамақтану нормалары жасалды. Бүгінде жеке тағам рационының пакеттерінде жетіден онға дейін тағам түрлері бар.

Қазақстандық әскери қыз­мет­шілердің бітімгерлік күштер құра­мында БҰҰ миссияларына қатысуы эстетикалық аспектілер тұрғысынан да азық-түлік үлесін жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды да жалғастыра береміз. Сонымен қатар 2022 жылғы 21 қарашадан бастап жалпы әскерлік үлес құны 1 713 теңгеден 2 250 теңгеге, яғни 31 пайызға көтерілгенін айта кетке­німіз жөн.

Сарбаздарға азық-түлік үле­сінің толық жеткізілуін бақылау мақ­сатында барлық әскери бөлім­дердің асханасының кіре­берісіне тағам сапасына баға беру план­шеттері орнатылып, әрбір сарбаздың тағам сапасын баға­лауына мүмкіндік жасалды.

– Әскери инфрақұрылымды дамыту жұмыстары туралы айтып өтсеңіз.

– Әскери инфрақұрылымды дамыту мен Қарулы күштердің негізгі қорларын үздіксіз қамтамасыз ету әскерлерді сапалы даярлаудың маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Бүгінде гарнизондарда әскери қалашықтар үшін жаңа ғимараттар салу мен қолда бар ғимараттарды жөндеу, оларды қажетті коммуникациялармен жабдықтау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді.

Жалпы, 30 жыл ішінде Қор­ғаныс министрлігінің әскери-құ­рылыс бөлімшелері үлкен жұ­мыс атқарды. Тұрғын үйлер, жатақханалар, әскери-меди­ци­на­лық мекемелер, аэродромдар қал­пына келтірілді. Гарнизондарда әскери қалашықтар мен спорт кешендері бой көтерді.

Оларды ұстап тұру, қыз­мет көрсетумен Әскери инфра­құ­­рылым бас басқармасы, 19 аудан­дық пайдалану бөлімі және 6 жол-пайдалану учаскесі айналысады. Бұл мекемелерде он мыңнан астам жұмысшы мен техникалық персонал жұмыс істейді.

Тек соңғы бес жылда 8 744 ғи­марат пен құрылысқа күрделі ­және ағымдағы жөндеу жүргізілді. ­19 әскери қалашықты абаттан­­ды­ру және ауданы 357 940 шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұ­мысы жүргізілді.

2014 жылдан бастап тұрғын үйді жобалау кезінде жиһаз бен жабдықты орнату жоспарланды. Қызметтік үй-жайларда ас үй және жатын гарнитуралар, жұм­сақ жиһаз, тоңазытқыш, кондиционер орнатылды. Бұл өз кезегінде әскери қызметшілерге жауынгерлік дайындықпен айналысу үшін мүмкіндік береді.

2015 жылы пайдалануға бе­рілген Елордадағы Ұлттық қор­ғаныс университетін заманауи әскери қалашықтың үлгісі ре­тінде мысалға келтіруге болады. Ол бес оқу ғимаратынан тұрады. Оқытушылар құрамы, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ тыңдаушылар оқу орнының аумағындағы екі жатақхана мен тұрғын үйде тұрып жатыр. Әскери қалашық соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған және диверсияға қарсы құрылғылармен жарақтандырылған.

Бұдан өзге біздің әскери-құрылыс бөлімшелері шерулерді, «KADEX» халықаралық қару-жарақ және әскери техника көрме­лерін, кең көлемді оқу-жат­тығуларды ұйымдастыруға да жұмылдырылып келеді.

Сонымен бірге «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шеңберінде өткізілетін қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін же­тілдіру жөніндегі кешенді жос­пардағы іс-шаралардың уақ­тылы іске асырылуы да қатаң бақы­лауға алынған. Аталған ұлт­тық жоба аясында әскери қой­малар салу, сондай-ақ сақтау объек­тілерін техникалық күзет құрал­дарымен және автоматты өрт сөн­діру жүйелерімен жабдықтау көзделген.

Осыған сәйкес, Ақтөбе облы­сының Жем қаласындағы әскери қалашықтың, сондай-ақ көпбейін­ді қоймалар құрылысының жоба­лау-сметалық құжаттамасы мен құрылыс-монтаждау жұмыс­тары­ның шарттары жасалды. Әскери қалашық 2024 жылы пайдалануға берілмек. Ал қоймалардың құры­лы­сын алдағы екі жылда кезең-ке­зең­мен аяқтау жоспарланып отыр.

Әскери ведомство қызметі­нің басым бағыты оқ-дәрілерді қауіп­сіз сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Тыйым салын­ған аймақтар мен аудандарға байланысты қатынастар заң­намалық тұрғыдан реттелген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін оқ-дәрілерді сақтау базаларының қазіргі заманғы құрылысын ұйымдастыру жалғаса бермек. Әскери объектілерде өрт қауіп­сіздігі шаралары күшейтілді. Бастысы, мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар мен ережелерді қатаң сақтаған абзал.

Бұдан өзге жаңадан құрыл­ған Абай, Жетісу, Ұлытау облыс­тарында қорғаныс істері жө­ніндегі департаменттердің штабы мен қызметтік-техникалық үй-жайларының құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу мақұлданды.

– Соңғы уақытта әскерлерді «модульдік үй-жайлармен» қамтамасыз ету мәселесі кө­теріле бастады. Осы жайында айтып берсеңіз.

– Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін алғаш рет «модульдік тұрғын үй» ұғымы енгізіледі. Модульдік тұрғын үйлерді сатып алу қысқа мерзімде әскерлерді қызмет орындарында тұрғын үймен қамтама­сыз етуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда басқа өңірлерге көшіруге болады. Осы мақсат үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң «модульдік үй» ұғымымен толықтырылды.

2016 жылдан бері әскерлер модульдік казармалармен, асханалармен, штабтармен, оқу, әкімшілік және техникалық ғи­мараттармен қамтамасыз етіліп келеді. Осы мақсатқа жалпы құны 2,9 млрд теңге болатын 42 ғимарат сатып алынды. Қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде «мобильді тұрғын үйлер» деп аталатын құрылыс арқылы тұрғын үй салуға мүм­кіндік туып отыр.

Сарыкемердегі әскери бөлім­дегі жарылыстан соң қысқа мерзім ішінде модульдік конструкция­лар­ды пайдалана отырып, 13 нысан­ның, оның ішінде асхана, казарма, штаб, медициналық пункт, қарауылдық үй-жай, монша-кір жуу кешені салынып, пайдалануға берілді.

2022 жылы Қарулы күштерге штаб, казарма, бақылау-өткізу бекеті, асхана, медпункт, өрт сөн­діру депосы, оқу корпусы, қа­зандық, бақылау-техникалық бе­кеті, оқу-жаттығу полигоны үшін модульдік мұнара сияқты бірқатар кешен сатып алынды. Алдағы жылы да жаңадан құрылған арнайы бөлімшелер үшін бірнеше модульдік ғимарат сатып алу жос­парда бар.

Өткен жылдан бастап әскери-құрылыс саласы үшін мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік тетігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Осыған сәйкес, әскери нысандар салу мен оларды қайта жаңарту үшін конкурстық негізде жеке инвестициялар тарту мүмкіндігі пайда болды. Солардың көмегімен Түркістан, Маңғыстау облыстарында ірі әскери инфрақұры­лым объектілерін, Ақтауда әскери-теңіз госпиталін салуды жүзеге асыру және талшықты-оптика­лық байланыс желілерін төсеу жос­парланып отыр. Бұл жұмысқа IT-компаниялардың ресурстық және зияткерлік әлеуетін тарту қарастырылып жатыр.

– Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Қазіргі уақытта әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері қызметтік тұрғын үймен және олардың арнайы есеп-шоттарына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы қамтамасыз етіледі.

Бүгінде 41 мың әскери қыз­мет­ші тұрғын үй төлемін алады. 1 556 әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезең­дер үшін мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан біржолғы тұр­ғын үй төлемдерін алды. 1 921 әс­кери қызметші өтеусіз жекеше­лен­діру құқығының орнына ақша­лай өтемақы алса, 451 әскери қызметші қызметтік тұрғын үйле­рін жекешелендірді.

Қазір әскери қызметшілер тұр­ғын үймен қамтамасыз етудің заманауи жүйесіне көшкенін атап өту керек. Атап айтсақ, «От­ба­сы банктің» «Әскери баспана» бағдарламасына тұрғын төлем­дерін аударту арқылы жеңілдікті ипотекалық қарызды пайдалана алады. Осы жерде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, он екі мың­нан астам әскери қызметші ипоте­ка­лық кредит арқылы өз пәтерле­рін сатып алғанын айта кету ке­рек. Сондай-ақ екінші деңгей­дегі ­банктер де тұрғын үй сатып алу үшін көптеген бағдарламалар ұсынып отыр.

Бұдан өзге Қорғаныс министр­лігі запасқа шығарылған және жабық әскери қалашықтарда тұра­тын әскери қызметшілердің тұр­ғын үй мәселесін оң шешуді жалғастырып келеді.

Қорғаныс ведомствосының ­бастамасымен 2018 жылдың бі­рінші қаңтарынан бастап күшіне енген заңнамадағы өзгерістер­дің арқасында еңбек өтілі 10 жылдан асқан, дегенмен 20 жылға жет­пеген бұрынғы әскери қыз­метшілер жабық әскери қала­шықтардағы қызметтік тұрғын үй алаңын қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығын пайдалану арқылы басқа пәтерге айыр­бас­тай алады.

Қорғаныс министрлігі Алма­тыдағы тұрғын үйге деген сұра­ныстың артуын ескере отырып, пәтер үлгісіндегі екі жатақхананың мәртебесін өзгертті. Тиісті қай­та жоспарлау мен жөндеу жұмыс­тары жүргізілгеннен кейін 16 бір бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтер қоныстануға дайын. Жалпы, бұл үйлерден барлығы 160 пәтерді жекешелендіруге беру жоспарланып отыр. Қазір бұл бағытта­ғы жұмыс еліміздің барлық өңір­лерінде жүргізіліп, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Тараз және Абай қалаларында пәтерлер алмасуға ұсынылуда.

Қазірдің өзінде әскери қыз­меттен босатылған және жабық әс­кери қалашықтарда тұратын 700 азаматтың 463-і алмасу құқығын пайдалана алды. Қабылданған шаралардың бәрі бұрынғы әскери қызметшілердің осы санатына тұрғын үйді меншікке алуға және ресімдеуге, ал Қарулы күштер үшін қызметтік тұрғын үй қорын босатуға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»