• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қаңтар, 2023

Алғашқы қазақ календары

1193 рет
көрсетілді

Алғашқы қазақ календары 1923 жылы Орынбор қаласында жарық көріпті. Биыл бұл оқиғаға ғасыр жыл толып отыр. Осы күнтізбенің қасбетіне төте жазуымен «1923 жыл. Қазақ календары» деп таңбаланса, оның астына «Киргизский Календарь» деп орысша жазылыпты. Ал мұқабаның төменгі жағында «Оренбург. Государственное издательства. КССР. 1923» деген жазу тұр (1-сурет). Бұл календарьды басып шығарған мекеме атауы.

Қазақ тарихындағы алғашқы календарь туралы әр кезде, әр жерде қадау-қадау айтылғаны болмаса жүлгелеп, жүйелеп жа­зылған зерттеу жоққа тән. Де­сек те Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, педагогика ғы­­лым­дарының кандидаты, мате­ма­тик-жаратылыстанушы Мыңбай Исқақов­тың пайымына қарағанда, 1923 жылы журнал стилінде жарық көрген аталған календарь зор тарихи рөл атқарған екен. Яғни бұл календарь танымдық мақала­лар жиынтығынан құралған. Басты ерекше­лігі – демалыс күнін жұма болдырған. Сонымен қатар жыл басын 22 марттан (наурыз) бастауды ұйғарған. Оған дәлел – календарьдың ішкі бетінің бірінші жолында: «Биыл ит жылы бітіп, доңыз жылы 22 марттан басталады» деп жазылған. Сондай-ақ күнтізбеде ай атаулары орысша һәм қазақша: январь – дәлу, февраль – хұт, март – хамал, апрель – сәуір, май – зауза, июнь – саратан, июль – әсет, августь – сүмбіле, сентябрь – мизан, октябрь – ғақырап, ноябрь – қауыс, декабрь – жидді деп жазылыпты. Күн атаулары: сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма деген ретпен беріліп, жыл бойы атап өтелуге тиіс даталар көрсетіліпті:

22 январь – қанды жексенбі күні;

12 март –  патша тақтан түскен күн;

18 март – Париж коммуна­сының күні;

22 март – қазақша жыл басы;

1 май – Интернационал күні;

9 сентябрь – Жастар күні;

4 октябрь – Қазақстан кеңес­терінің І съезі ашылған күн;

7 ноябрь – Октябрь мейрамы.

Бұлардан басқа ораза жә­не Құрбан айт мейрамының мерзімдері көрсетіліп, «Оян қарғыс таңба басылған», деп басталатын дүние жүзі проле­тариаттарының гимні «Интер­национал» жыры тұңғыш рет қазақша аударылып беріліпті.

«Бұл шын мәнінде тұңғыш толық қазақ календары. Бір жыл бұрын Қазақстан­ның мемлекеттік баспасөз бөлімі араб әріптерімен дайындап, 1923 жылы Қазақ мемле­кет­тік баспасы Орынбор қала­сын­да басып шығарды. 146 бет, 6 бөлімнен тұрады. Кален­дарьға республикамыз­дың геог­рафиялық сипаттамасы, әкімшілік бөліктері, шаруа­шылығы жайлы 34 ма­қала енгі­зілген», деп жазыпты қазақ күн­тізбесінің білгірі М.Исқақов 1980 жылы Алматыда жарық көрген «Халық календары» атты көлемді еңбегінің 292-бетінде.

 * * *

Алғашқы қазақ календарын құрасты­рушылар ең әуелі ағартушылық һәм танымдық бағыт ұстанғаны байқалады. Сол заманда Орынборда шығып тұрған Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің органы – «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 14 қаңтар күнгі санынан бастап, бірнеше нөміріне «Қазақ календары» жайлы жаршы (жарнама) беріліпті (2-сурет).

Осы жаршыда календарьдың 6 бөліміне бөліп-бөліп енгізіл­ген мақалалар тізімі беріліп, кейбір жазбалардың авторы көрсетіліпті. Мысалы:

Бірінші бөлім мақалалары:

Сөз басы. Календарь тарихынан қысқаша мағ­лұмат (авторы Ерғали Алдоңғаров) 1923 жылдың календары. Әр айда болған зор оқи­ғалар.

Екінші бөлім мақалалары:

Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер! (авторы Ғ.Асыл­беков). Таптар күресі деген не нәрсе? Күнбатыс һәм күншы­ғыстың бостан­дық жолында күрестерінің тарихы (авторы Смағұл Сәдуақасов). Русияда 1917 жылға дейін бостандық жолындағы күрестер тарихы. Русияда 1917 жылы болған зор төңкеріс. Тап һәм партия (авторы «Кедей баласы» – Бейімбет Май­лин) Кәмөнес партия тарихы (авторы «Кедей баласы» – Бейімбет Майлин) Ортақшыл жастар ұйы­мы (авторы Әбдірахман Байділдин). Қазақ әйелдері арасындағы жұмыс. Жұмыскерлер табының атақты көсемдері. Қазақстанда автоно­мияның түзелуі (авторы А.Кен­жин). Қазақстан үкіметінің бастықтары. Интернационал өлеңі.

 

Үшінші бөлім мақалалары:

Оқу. Қазақ тарихынан (авторы Елдес Омаров). Кеңес үкіметінің заңы.

 

Төртінші бөлім мақалалары:

Тәні саудың – жаны сау (авторы А.Байтұрсынов). Ананың һәм баланың саулықтарын сақтау (авторы Айнуз Исметова). Ауырудан сақтану жолдары (авторы Айнуз Исметова).

 

Бесінші бөлім мақалалары:

Қазақстан Республи­касында мал өсіру жайы. Жұқпалы мал аурулары (авторы Сейдалин). Егіндікті сұрыптау (агроном кеңесі). Жұт (авторы Сейітқали Меңде- шов). Жұт һәм онан сақтану шаралары (авторы Мадияр – Міржақып Дулатов)

 

Алтыншы бөлім мақала­лары:

Қазақстан Республика­сының түзілісі (авторы Ә.Әйтиев). Үшінші жалпы Қазақ кеңестер жиы­лысының қаулы­лары. Метр өлшемдері.

 * * *

Қазақтың алғашқы календарын құрас­тырған кімдер дегенге келсек, жоғарыда тізімі берілген мақала автор­­ла­рының бәрі­нің үлесі бары анық. Бұ­лар­дың арасында халқымыздың бетке ұстар тұлғалары да жүр. Оның сыртында шыға­рушылар календарь жарық көргеннен кейін оны сатуға шығарған көрінеді. Бұл сөзімізге дәлел газеттің бірнеше санына жарық көрген жарнамада: «Календарь Орынбордағы һәм басқа үлкен қалалардағы мемлекет баспасының «Знание – Білім» кітап дүкен­дерінде сатылады», деген сілтеме беріліп, яғни календарь қайта сатылып жатқаны айтылыпты.