Дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрама командасы жаңа маусымдағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын Алматы қаласы мен облыс аумағында өткізуді жөн көрген екен. Бір кереметі, осы жиынға атағы жер жарған Тедди Ринер де қатысып жатыр. Екі апта бойы ол біздің балуандармен бірге дайындалып, татамиде жиған мол тәжірибесімен бөліспек.
Ал енді сол әйгілі спортшы жайында қысқаша баяндайық.
1989 жылдың 7 сәуірінде Францияның Пуэнт-а-Питр қаласында дүниеге келген Тедди Ринердің бойы – 204 сантиметр, салмағы – 125 кило. Төрткүл дүниеде одан еңселі дзюдошы жоқ. Ал Ринердің күрес тәсілі тіпті ерекше. Бойы мен қолының ұзындығын ол керемет пайдаланады. Қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып жүрген балуанға Жер-жаһан жанкүйерлерінің құрметі өте зор. Олар оны бұрыннан «Қонжық Тедди» деп еркелетеді. Бұл жанама есім спортшының өзіне де қатты ұнайды.
+100 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Францияның алыбы 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола медальді қанағат тұтты. 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. 2021 жылы Токиодағы додаға ол басты фавориттердің бірі ретінде келді. Олай деуге негіз, 2008 жылы ересектер дуына қосылғалы бері Тедди небәрі үш рет қана жеңілістің кермек дәмін татқан екен. Атап айтсақ, дәл сол жылы Бейжіңдегі ойындардың жартылай финалында өзбекстандық Абдулло Тангриевке, 2010 жылы Токиода өткен әлем чемпионатының финалында жапониялық Дайки Камикаваға және 2020 жылы Париждегі Гранд Слэм турнирінде Күншығыс елінің тағы бір өкілі Кокоро Кагеураға есе жіберді. Тағы бір айта кетерлік жайт – 2010-2020 жылдар аралығында Ринер 154 рет татамиге шығып, сол белдесулердің барлығында жеңіске жетті. Расында да, бұл – адам нанғысыз көрсеткіш!
Токио Олимпиадасында аса ауыр салмақ дәрежесінің бас жүлдесі Теддиге бұйырмады. Ол ойда-жоқта ресейлік Тамерлан Башаевқа жол берді. Одан кейінгі екі қарсыласын ұтып, қола медаль еншіледі. Бірақ даңқты дзюдошының қолаға көңілі толмағаны анық. Есесіне командалық сайыста Франция құрамасы бірінші орын алды. Сол команданың сапында Тедди де болды. Сәйкесінше, ол да алтын медальді мойнында жарқыратты.
Әлем чемпионатының тарихына үңілсек, Тедди Ринердің алдына түсетін бірде-бір балуан жоқ. 2007-2017 жылдар аралығында жалауы желбіреген жарыста ол 11 рет бас жүлдені қанжығасына байлады. Франциялық дзюдошы соның тоғызын жекелеген жарыста жеңіп алса, екеуін командалық сайыста иеленді. Одан бөлек, бір күміс пен бір қоласы тағы бар. Ал Еуропа чемпионатында Тедди бес рет топ жарды.
Жалпы, Ринердің Қазақстанға келуі тегін емес. Қазіргі кезде еліміздің ерлер мен әйелдер құрамасын Нұрбол Сүлейменов пен Ерлан Алпысбаев сынды білікті мамандардың баптап жүргені белгілі. Ал олардың кеңесшілері – Франциядан келген қос жаттықтырушы Ксавье Монденкса мен Стефана Трайно.