Композитор, этнограф А.Затаевич (1869-1936) өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, өзі өмірден өткенге дейін қазақ өнерін үздіксіз зерттеді. Нәтижесінде, 2000 ән мен 50-ге тарта күйді қағазға түсіріп, 1925 жылы «Қазақтың 1000 әні» және 1931 жылы «Қазақ халқының 500 ән-күйі» атты екі іргелі еңбек жазып қалдырды.
Ол заманда қазіргідей диктофон жоқ, айналасын ашаршылық жайлаған, халықтың тұрмысы нашар, ақ пен қызыл тайталасып қырғын соғыс жүріп жатқан кез. Осындай ауыр жағдайда жүріп-ақ қазақ өнерінің жоқшысы болған Затаевичтің атасына мың рахмет.
Бұл кісінің туған жері – Орёл облысының Болхов қаласы. Туған жылы – 1869. Сегіз жасында әкеден айырылған ол әскери гимназияда оқып жүріп, музыкамен айналысқан. Нота жазып үйренген. 1920 жылы Орынборға қызметке келеді. Осында жүріп ұлт қаймақтары: Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Е.Алдаоңғаров, Ж.Аймауытов, Б.Майлиндермен танысады. Бұлардан көптеген әндер жазып алады.
Қазақ әнінің әдемілігіне құныққан Александар Викторович 1926-1927 жылдары Қазақ Халық Ағарту Комиссариаты арқылы Семей, Қарқаралы, Орал, Жетісу өңірлерін аралап, ел ішіндегі қазыналарды жиып-тереді. Қолына түскен ән-күйдің ноталарын жазумен қатар, кейбіреулерін фортепиано сүйемеліне икемдеп, оркестрге түсірді. Орындаушысы өзі болған. Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде алғаш пікір айтқан да осы кісі.
Осы кісінің арқасында «Кенесарының көкбалағы», «Қалмақтың қара жорғасы» дейтін күйлер бізге жеткен. Осы екі күйді 1926 жылы Қарқаралыға барған сапарында ағайынды Түрікбай және Мүрәсіл Меңаяқов деген азаматтардан жазып алыпты. Бұлардың әкесі Оспанқұл дейтін адам ертеде Шұбартау жақта мектеп ашқан екен. Атақты жазушы Мұхтар Мағауин осы Оспанқұлдың мектебінде оқыған. Жоғарыдағы Мүрәсілдің бір ұрпағы қазіргі өнер қайраткері Төлеубек Әлпиев.
Сол сияқты Орал өңірін аралаған сапарында Бөкей ханның тікелей ұрпағы Науша Бөкейханов дейтін күйшіден Құрманғазының «Адайын» жазып алған. Затаевичке Алаш арыстарынан бастап, қазақ оқығандарының барлығы өздері білетін әндерді айтып беріп, жаздырған.
А.Затаевич 1920 жылдары Міржақып Дулатовқа жолығып, «Қанатталды» және «Керзаман» дейтін әндерін жазып алған. «Қанатталды» Жақаңның өзінің әні. 1920 жылдары Қорғалжынға келген сапарында «Қанатым талдыны» Қосымжан Бабақовқа үйретеді. Әнді елге таратқан Қосымжанның ағасы Сейітжан сал. Сондықтан ән осы кісіге телініп келген. Бұл әнді 1934 жылы Иса Байзақов жоғары жақтың тапсырмасымен мәтінін өзгертіп, «Әндердің ұлы атасы «Қанатталды», Арқада аңыратқан Сейітжан салды» деген жолдарды қосқан.
Атақты композитор С.Рахманиновпен таныстығының арқасында қазақ әндерінің жинағын Америкаға жіберіп, ондағы жұртты құлағыдар еткен. Қазақ өнерін шет жұртқа алғаш насихаттаған адам осы – Затаевич.
Александар Викторович қазақ әндерін жазып алумен қатар, оны кімнен жазып алғанын хаттап-шоттап отырған. Кейбір әндердің шығу тарихына да мән берген. Сонымен қатар термелерді де жазып алған. Мысалы, 1934 жылы Алматыда талантты өнерпаздардың слеті өтеді. Осыған Нартай Бекежанов келіп терме айтқан. Оны Затаевич тыңдап, көріп қолма-қол қағазға түсірген.
Қазірдің өзінде айтылып жүрген «Сырдың қараторғайы» дейтін ән бар. Мұны Үкілі Ыбырайдың әні деп жүрміз. Затаевичте осының 9 нұсқасы берілген. Осы кісінің арқасында қазақ өнерінің майталмандары: Біржан, Мұхит, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мәди, Майра, т.б. аттары алғаш рет баспа бетін көрді.
Қайыржан МАХАНОВ,
музыкатанушы
Астана