Құрманғазы атындағы VІІІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауы мәреге жетіп, бас жүлде Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің әртісі Арман Жүдебаевқа бұйырды.
Расын айту керек, бүгінде еліміз өнер байқауы жағынан ешкімнен кем де, кенде де емес. Түрлі өнер бәйгелері республиканың түкпір-түкпірінде жүрген өнерпаз жастардың қанатын қатайту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап-ақ бағуда. Астанада “Шабыт” пен “Жас қанат” байқаулары бар. Алматыда Чайковский атындағы, сондай-ақ басқа да классикалық музыка аспаптарында ойнаушылар мен биші, әншілерге арналған бірталай байқаулар өтеді. Мұнымен қоса кино мен театрға байланысты ұйымдастырылатын шаралар тағы бар дегендей, рухани сахнаның қара қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқаны көңілге көл-көсір сезім ұялатады. Солай дегенмен де, олардың арасынан көңілдің көк дөненін сахна сахарасында ерекше желпінтіп өтетін Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылар байқауының елдік рухы мен өрлік сипаты айрықша екеніне ешкім күмән келтіре қоймас. “Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра” деген бір ауыз сөзге домбыра туралы ой тұтас сыйып кетіп тұрған жоқ па? Қазақ елін өркениетті елдер скрипкамен, пианиномен, виоленчельмен танысын ләйім, бірақ домбыраның орны бөлек. Оларға Бетховен, Моцарт, Бах, Шопен, Чайковский таңсық емес. Оларға Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір... таңсық. Оған талай сапарларда көз жеткізіп те жүрміз. Германияға Қазақстаннан көшкен бір неміс әйелі Берлиннің концерт залында Қазақ елінен барған өнерпаздардың алдынан туысы келгендей құрақ ұша жүгіріп шыққанда, домбыраның қоңыр үнін әбден сағынғанын айтқан. Токиодағы концертте күйшілердің өнеріне ризашылықпен қол соққан жапондар кеш соңында домбыраны бір ұстап көрмейінше кетпей қойған. Бәрін айт та, бірін айт, қазақ өзгеден домбырасымен, күйімен озық. Басқада жоқ сол мұраны қастерлеу бүгінгі ұрпақ парызы десек, Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылар байқауы осы мақсаттағы ұлттық жоба екені сөзсіз. Биыл сегізінші рет өткізіліп отырған байқаудан байқағанымыз – сапалық деңгейі біртіндеп өсіп келеді. “Домбыра, шертер” номинациясында сайысқа түскен жастар үш кезеңде шетел композиторының, қазіргі заман композиторларының шығармаларынан, Құрманғазының “Кішкентай”, “Түрмеден қашқан”, “Сарыарқа”, “Төремұрат”, “Адай”, “Бұлбұл”, “Жігер” күйлерінен, Махамбеттің “Қилы қырғыны” бойынша, сондай-ақ Арқа, Қаратау, Алтай, Тарбағатай және Жетісу өңірінің күйлерінен, Дәулеткерей, Қазанғап, Маңғыстау, Сыр өңірінің шығармаларынан бақ сынасты. Іріктеу кезеңінде Құрманғазының жеребе бойынша төрт күйінен сынға түсіп, күй атасының 25 күйінен күйтартыс өте қызықты өтті. Бірінші орынды Новосібір мемлекеттік консерваториясының опера және симфониялық дирижерлеу мамандығы бойынша 4-курс студенті Руслан Баймурзин мен Маңғыстау өнер колледжінің 4-курс студенті Абылай Тілепбергенов иеленді.
“Қобыз, қылқобыз” номинациясынан өткен сайыс жастардың бұл өнерге ерекше бет бұрып келе жатқанын көрсетті. “Тілеп” сынды шығармашылық үжымдарының ғажайып өнері бүгінде ел аумағынан сыртқа даңқы жайыла бастаған. Бір кездері кеңестік саясаттың салдарынан кенжелеп қалған өнер жанры жанданып, жекелеген небір талантты қобызшылар мен топтарды дүниеге әкелуде. Көптеген күйлер қобызға өңделіп, қазір бұл аспапта орындалатын шығармалардың едәуір көбейгені байқалады. Күйлердің эстрадалық нұсқалары домбыраға арналып шыққанда мұны алғашқыда біреу құптады, ал біреудің құлағына түрпідей тигені рас. Одан кейін “Ұлытау” сынды әйгілі топ дүниеге келген соң, қарсылық үні бәсеңсіп, күй мұндай да үлгімен өмір сүре алатындығына жұрт иланды. Сол сияқты соңғы уақытта қобыз да заманауи, классикалық музыкалық аспаптармен ұштаса орындалуда. Мұны сайысқа қатысушыларға арналған репертуардан айқын аңғаруға болады. Бірінше кезеңде прима-қобызшылар Құрманғазының А.Толғанбаев өңдеуіндегі “Балбырауын” күйін, Қазақстан мен шетел композиторларының виртуоздық шығармасын, екінші кезеңде К.Дүйсекеевтің “Скерцосын”, сондай-ақ дәстүрлі немесе халық композиторының, шетел композиторының көлемді шығармасын, үшіншіде Е.Брусиловскийдің “Бозайғыр” сюитасынан романс орындады. Ал қылқобызшылар Қорқыттың “Қоңыр”, Ықыластың “Жез киік” күйлерін, фортепиано сүйемелдеуімен Қазақстан композиторының шығармасын, Ж.Қаламбаевтың “Маршын” тартып, мәреге жетті. Бірінші жүлде Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Тоқтар Ағыраев пен осы оқу орнының 2-курс студенті Саджана Мырзалиеваға тиді.
Сырнай номинациясында баян мен аккордеон аспаптарының үні Құрманғазы күйлерімен асқақтады. Бірінші кезеңде полифониялық, виртуоздық шығармалармен қатар сайыскер өз таңдауымен Құрманғазының бір күйін орындаса, қалған кезеңдерде Қазақстан композиторларының баян мен аккордеонға жазған қазіргі заманғы шығармаларын, халық музыкасының өңделген жаңа түрін, қалаған шығармасына қоса көлемді үлгідегі туындыны ұсынды. Бірінші орынды Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-курс студенті Руслан Тураев иеленді. Бәйге өндірдей өнерпаздың талайына үміттің сәулесіндей айшуақ сезім сыйлады. Олардың көбі оқу орындарынан келген жастар. Инемен құдық қазғандай білім арнасын кеңейту бар да, көкірекке тоқығанды іс жүзінде көрсете білу деген тағы бар. Бұл салада екеуін қатар алып жүрмей болмайды. Ол үшін әр адамның кәсіби біліктілігін бір жағы таразыға салатын, екінші жағынан шеберлігін шыңдау мектебі болатын бәйгенің орны бөлек. Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылар байқауы сондай міндетті абыроймен атқарып келе жатқан ірі мәдени шара.
Жақында “Қазақтың 1000 күйі” атты жинақ жарық көріп, кеудемізді шаттық күйі кернеген еді. Осынша ғаламат мұраға ие қазақтан бақытты жұрт бар ма, сірә? Қазақтың күйлерін жинау, зерттеу жұмыстары одан әрмен жалғасып жатыр. Сол істің мына жоба жалғасындай, қанатындай болып көрінеді. Енді ол елдік мұратқа айналуы үшін алда қандай істерге көңіл бөлу керек деген сұрақ туады. Жарқылы әлі де жасықтау ма деп қаласың. Сахналық безендірілуі кейбір өнер кештерінен жұтаң көрінеді. Сол кезде шіркін-ай, осындай өнерді насихаттайтын шараны қаржылай демейтін, рухани жебейтін елжанды меценаттар бізден қашан шығар екен деген мұң ториды қабақты. Елордадағы жалғыз бір осы төл байқаудың ашылуы мен жеңімпаздарын марапаттау кешіне кіру өзге жұртқа арман болатын күнге жетер ме екенбіз? Президенттік мәдениет орталығының залын байқаудың ашылу күні қаладағы мектеп оқушыларымен толтырдық. Бұл – бір. Екіншіден, бір ғана Құрманғазы атындағы байқаумен шектелмеу керек, келешекте Дина атындағы бәйгені қолға алсақ та артық болмайды деген ойдың шеті қылтиды. Қалай десек те, халық аспаптарында орындаушылар байқауын келешекте халықаралық ірі өнер сайыстары деңгейіне жеткізу басты мұрат болып қала беруі керек.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
ҚОНАҚ АЗ ОТЫРЫП, КӨП СЫНАЙДЫ...
Алматыда Орталық Азия елдерінің ІІІ халықаралық театр фестивалі өтуде
Сәрсенбінің сәтті күні Алматыда Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі ашылды. Өнер думанына Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның театр қайраткерлері қатысып, осы төрт елдің сахнасында соңғы маусымдарда жүріп жатқан драматургия жауһарлары өзара сынға түсуде.
Дәл осындай фестивальді дәстүрге енгізудің көздегені көп. Бұл шара аталмыш елдердің театр саласындағы ынтымақтастығын арттырып, тәжірибе алмасып, театр майталмандарын ынталандырып, репертуарлардың баюына септесуді мақсат тұтады.
Фестивальдің құрылтайшысы – еліміздің Мәдениет министрлігі болса, оны ұйымдастыруды жүзеге асыратын “Қазақстан халқының рухани даму қоры”.
Фестивальдің ашылу салтанаты М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткенімен, фестиваль аясындағы байқауға қатысатын қойылымдар Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрында жүріп жатыр.
Халықаралық фестивальге өз елімізден Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Оңтүсті Қазақстан облыстық орыс драма театры, Астана қаласындағы Жас көрермендер театры, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстанның қазақ музыкалық драма театрлары қатысуда.
Фестиваль қатысушылары мен қонақтары Алматыға аяғы тиген күні М.Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс академиялық драма театрында “Король Лир” қойылымын байқаудан тыс тамашалап, Орталық мемлекеттік мұражайдағы көне жәдігерлерді тамашалады.
Фестиваль жеңімпаздарын арнайы жасақталған қазылар алқасы 13 атаулы сыйлық бойынша анықтайды. Қазылар алқасының құрамында Орталық Азия елдерінің театр сыншылары, танымал актерлер, режиссерлер, драматургтер мен суретшілер бар.
Бір айта кететін жәйт, театр фестиваліне арнайы келіп жатқан көрші елдердің өнерпаздары Қазақстандағы шараға үлкен мән беріп, оған қатысуды мәртебе көретіндіктерін жасырмайды. Тіпті айыр қалпақты ағайындар өз елдерінде тұтанған тұрақсыз саяси оқиғалардың салдарынан осы фестивальге қатыса алмай қаламыз-ау деп, алдын-алда қам жасап, Астанаға қайта-қайта шекарадан өткізуді сұрап, хат жолдағандарын да білеміз. Тәжік пен өзбек те Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестиваліне әбден дайындалып, соңғы маусымдарда (фестиваль шарты бойынша) қойылған ең үздік спектакльдерін дайындап әкелген.
Дегенмен, аталмыш фестиваль жыл өткен сайын кемелденіп, толысып, танымал бола түсудің орнына, сиырқұйымшақтанып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл БАҚ өкілдерінің бітпейтін базынасы, тырнақ астынан кір іздеген кінәратшылдығы емес.
Жетім қыздың тойындай солғын басталған халықаралық фестиваль да тиісінше насихатталмайды. Тіпті оның аясында жүретін спектакльдердің жарнамасы жоқтың қасы десе де болғандай. Әлде бізге ғана осылай көрінді ме десек, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов төмендегідей пікір білдірді. Бұл жалғыз Жаманқұловтың ойы емес, көптеген театр мамандары тарапынан төмендегідей қынжылыс байқалады.
– Бұл фестиваль мемлекетіміздің абыройын көтеретін, елдігімізге де сын болатын мәдени оқиға. Фестивальді атына сай етіп өткізу өре биіктігін, өркениеттілікті көрсетеді. Алайда, жыл өткен сайын шаралары шираудың орнына, кетеуі кете бастағандай. Сондықтан фестивальдің ашылуы аса көңіл көншіте қоймады. Бұған еліміздің Мәдениет министрлігі аса көңіл бөлуі керек еді. Ұйымдастыру жағынан олқылықтар бар екендігін жасырмау қажет. Халықаралық деңгейдегі фестиваль қала ішінде де жарнамаланған жоқ. Ал көршілеріміз қазылар алқасының құрамына өздерінің ең таңдаулы театр майталмандарын, фестиваль байқауына мықты қойылымдарын іріктеп әкеліп отыр. Қазақстанның қазіргі жетістіктерін мойындайтын бауырлас республикалар бұл фестивальді керемет деңгейде өтеді деп, жүректері толқып, жеңістен дәмелі болып, үлкен оқиға көріп келген. Өзіміздің де, солардың да еңбектері еш, тұзы сор болмауы үшін бастаған ісімізді баянды, қолға алған тірлікті неге сапалы етпеске?! Иә, Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық фестивалі – үлкен мүмкіндік. Фестивальге төрт елден делегаттар келді. Қонақ аз отырып, көп сынайды... – деді Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы олқылықтарды жаба-бүркелемей.
Сонымен, жексенбі күнге дейін жүретін театр фестивалі бір сыдырғы өтіп жатыр. Кеше фестиваль аясында Астана қаласының Жас көрермендер театры Ә.Кекілбаевтың “Ханша-дария” хикаясын, Тәжікстанның мемлекеттік музыкалық-комедия театры Н.Табаровтың “Шөл қандыру” драмасын, Өзбекстанның Сурхандария облыстық М.Ұйғур атындағы музыкалық драма театры “Қырсық шал” драмалық шығармасын, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры жапон халқының аңыз-әфсанасына құрылған “Токуми мен Суру”, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Э.Олбидің “Хайуанаттар бағындағы оқиға” қойылымдарын көрсетті.
Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.