Алматыда өткен алқалы жиын осы көкейкесті сауалға жауап іздеді
Қазақта бұрын өзінің төл спортының нешеме түрі болған. Спортпен егіз қозыдай үйлесіп жатқан ұлттық ойындарымыз қаншама. Еуропа мүлгіп жатқанда күміс өмілдірікті аттың құлағында ойнап, үзеңгіні шіреп, адырнасын ала өгіздей мөңірете садақ тартқан біздің бабалар емес пе еді? Ендеше, садақ атудың бүгінгі әлемдік сайыстарынан қазақ оғландары неге көрінбейді? Көкпар тарту, теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, қазақ күресі, хан дойбысы, тоғызқұмалақ. Қазақи спорттың қан базарын қыздырған Балуан Шолақ есімі еліміздің ең үлкен Спорт сарайына берілуі де тегін емес. “Қансонарда бүркітші шығады аңға” деп ұлы Абай жырға қосқан саятшылық. Ежелгі қыпшақтарда “Жылқы театры” болған дейді көне тарих жәдігерлері. Ал енді қазақтың ұмыт болған беймәлім ұлттық ойындары неше сан. Осынау бабадан қалған бекзат өнерлердің бағын ашатын, дем беріп тірілтетін, әлем жұртшылығына насихаттап танытатын да өзіміз емес пе.
Шүкір құдайға, ұлттық спортымыз бен ойындарымыздың іздеушісі бар екен. Оның бүгінгі хал-жағдайы мен болашақтағы дамуына толғанатын мүдделі жанашырлардың жанайқайы жақында өткен “Ұлттық спорт пен ойындардың бүгіні мен болашағы” атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен естілді. Пленарлық мәжілісте – 8, секциялық отырыстарда 53 баяндама тыңдалған алқалы жиынды өткізуге Қазақтың спорт және туризм академиясы мұрындық болды.
Жалпы, конференция ұлттық ойындар (тарихы, педагогикасы, этнографиясы мен психологиясы), ат спорты, зияткерлік ойындар, саятшылық, балуандық пен күш өнері тұрғысындағы бес ғылыми бағытта жұмыс істеді.
Пленарлық мәжілісті ашқан Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, профессор Қайрат Зәкіриянов қазақтардың ұлттық мәдениеті мен төлтума жауһарлары ондаған жылдар бойы ұмыт қалғандығын қынжыла баяндап, енді ғасырлар бойғы мәдени һәм спорттық ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту қажеттігін, оның елдігімізге сын екендігін өрелеп те, шегелеп те айта білді. Онысы жиынға қатысушы пікірлестер тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Айтқандай, талқылау мен пікірталас кезінде осы ғылыми форумды дәстүрлі ету жөнінде орынды тілек-талаптар білдірілді.
Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел: “Менің мақсатым – ұлттық спортты көтеру” деп мәлімдеді. Спорт академиясының вице-президенті Елемес Әлімханов ұлттық спорт пен этнопедагогиканың бірлігі жөнінде салиқалы ой өрбітті. Қазақ құсбегілігінің бүгіні мен ертеңі үшін толғанған “Жалайыр Шора” құсбегілер орталығының бас директоры Бағдат Мүптеке және басқалары бабадан қалған бекзат өнердің жайын билік басындағылардың назарына құлаққағыс қылып, саятшылықты спорт дәрежесіне көтерудің көкейкестілігін тілге тиек етті. Алматы қалалық “Алтын жебе” садақ ату федерациясының президенті Есенгүл Арыс қазаққа тән садақ ату спортының елімізде кенжелеп қалуына жол беруге болмайтындығын баса айтса, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай ертедегі қыпшақ мәмлүктері тұсында жылқы театры және қазақтың көптеген беймәлім ойындары болғандығын анықтайтын тарих жәдігерлерінен сыр суыртпақтады.
Конференциядағы бір ғажап жағдай, Алатау бөктеріндегі “Қаймар” таудағы спорт базасында, сұлу табиғат аясында тәжірибелік сабақтар өткізілді. Онда әркім садақ атып, сахара көшпенділерінің ежелгі дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Ежелгі көшпенділер садағынан атқан конференцияға қатысушы спортшылардың бірі жебені 495 метрге түсірді. Бұл атақты Гиннестің рекордтар кітабында ресми тіркелген көрсеткіштен анағұрлым артық.
Конференцияның екінші күні секциялардағы отырыстарда ұлттық спорт түрлерінің өткені, бүгінгісі мен болашағының неғұрлым көкейкесті мәселелері қызу талқыланды. Бір тамашасы, конференция материалдары бойынша спорттың ұлттық түрлерінің алуан үлгілі сипаттарын кеңінен қамтыған көлемді мақалалар жинағы шығарылып та үлгерген екен. Осы саланың қайраткерлері ұлттық спорт пен ойындарға арналған заң қабылдануы дұрыс деп санайды. Ұлттық спорт түрлерін зерделейтін арнайы ғылыми-зерттеу орталығы ашылғаны құба-құп. Көпшілік қауым туризмді “Жібек жолы” бойында ұтымды өрістету мақсатында Алматы іргесіндегі Нұра ауылына республикалық “Этно-Ауыл” дәрежесін беруді ұсынады. Екі жылда бір рет түркі халықтарының ұлттық ойындары мен спортына арналған халықаралық конференция өткізіліп тұруы да ортақ істі ілгері бастырар аса игілікті қадам болар еді. Қазақ жылқысы, ұлттық ат спортының да шешімін табар өзекті мәселелері өз алдына бір төбе. Қорыта айтқанда, қазақтың ұлттық ойындары мен дәстүрлі төл спорты “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасына арнайы бір тарау болып қосылуы керек-ақ.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
ҚЫЗДАРҒА ҚЫЛЫҚ ҚАНА ЕМЕС, ЖІГЕРЛІЛІК ТЕ ЖАРАСАДЫ
Астанада бокстан әйелдер арасында Азия чемпионаты өтуде. Осы аптаның басында елімізде тұңғыш рет жалауын көтерген сары құрлық бәсекесіне Қазақстан, Ауғанстан, Вьетнам, Үндістан, Иордания, Қытай, КХДР, Тайпей, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, Оңтүстік Корея, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония құрамалары қатысып, ASBC ережесі бойынша 11 салмақ дәрежесінде күш сынасуда.
Әзірше чемпионат басталысымен Қазақстан, Қытай, Үндістан, Жапония мен қос Кореяның командалары үздік нәтижелер көрсетуде. Өзге елдің спортшыларын айтпағанда, біздің құрамада 46 кило салмақтағы Назым Қызайбай мен Оксана Королевадан (57 кг.) басқаларының бәрі бүгін басталатын жартылай финалдық кездесуге жолдама алды. Мұнда Назгүл Боранбаева (48 кг.), Әйгерім Асқарова (51 кг.), Жайна Шекербекова (54 кг.), Гүлжан Уббиниязова (60 кг.), Саида Қасенова (64 кг.), Елена Кольцова (69 кг.), Дариға Шәкімова (75 кг.), Марина Вольнова (81 кг.) мен одан жоғары салмақта қолғап түйістіріп жатқан Юлдуз Маматкулова чемпионат басталысымен жекпе-жектерінің бәрін сауатты өткізіп, жеңіске жетті.
Ал сәрсенбі күні өткен ширек финалдық кездесуде Назым мен Оксананың қарсыластарына есе жіберіп алғанын ұлттық құраманың аға бапкері Л.Тілеубаев қыздардың бойында жарысқа деген жігер болғанымен, олардың қарсыластарының ұстанған тактикасына көп мән бермей, психологиялық шыдамдылық танытпайтын қасиеттерімен байланыстыруда. Оның айтуынша, қазір қай елдің боксшы қызын алып қарасақ, шаршы алаңға шыққан соң олар міндетті түрде жеңіске жету үшін алға ұмтылып, қарсыласының тактикасына көп мән бере бермейді. Осы чемпионатта қос қызымыздың жеңілгенінің себебін осымен байланыстыруға болады. Дегенмен, бокстың білгір бапкерінің пікірі бойынша, бізде өзге елдің өкілдерімен бәсекелесе алатын спортшылар баршылық. Қазір құрамадағы қыздардың көбі әлем чемпионаттары, халықаралық турнирлер мен жарыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері. Астанада өтіп жатқан биылғы бәсекеде Қазақстан командасы Қытай және Үндістан боксшыларынан айласын асырып, бас жүлдені жеңіп алуға мүмкіндігі көп.
Сәрсенбіде Азия чемпионатының ширек финалдық кездесулері өткен күні әйелдер құрамасының тағы бір аға бапкері, ұлттық құрама команданың бастығы Қайрат Манашев та әзірше отандастарымыздың өзге елдерге қарағанда нәтижелі өнер көрсетіп, алтын медальді жеңіп алуға бар мүмкіндіктерін салып жатқанын атап өтті. Мұнда ол Қазақстан құрамасының аталмыш чемпионатқа жақсы дайындықпен келгенін, біздің команданың Щучье мен Алматыда бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткізгенін, осының өзі шаршы алаңда қыздардың қолғап түйістіруіне көп септігін тигізіп отырғанын айтты. Осы жерде Қайрат Манашевті ұлттық құраманың чемпионатқа қандай дайындықпен келгенін және Бокс федерациясы тарапынан оған нендей жағдайдың жасалғанын кеңірек білу үшін әңгімеге тартқанымызда, ол бізге былай деді:
– Қазір әйелдер боксына, заман талабына сай дейміз бе, дүние жүзінің әр түкпірінде зор көңіл бөлініп келеді. Біздің елімізде ол 2008 жылы Олимпиада бағдарламасына енгеннен кейін боксты қайта дамыту ісі басталды. Бүгінде ұлттық құраманың сапында күш сынасып жүрген қыздарымыздың дені сол кезден бокспен айналыса бастаған боксшылар. Осы күндері елімізде әйелдер боксын дамыту үшін де үлкен жұмыстар жасалып жатқанын айтқым келеді. Әсіресе, Қазақстан бокс федерациясы басшылығына Тимур Құлыбаев келгелі республиканың барлық өңірлерінде боксты дамытудың жаңа жобалары іске қосыла бастады. Оған мысал ретінде өзіміз осы кезге дейін өткізуге көп дайындалған әйелдер арасындағы Азия чемпионатын айтуға болады. Қазақстанда бұған дейін мұндай байрақты дода өткізілмегендіктен, оны дүние жүзіне лайықты деңгейде өткізу үшін федерация тарапынан айтарлықтай жұмыс істелінді.
Осы орайда, оның айтуынша, ұлттық құраманың жарысқа дайындалуына федерацияның халықаралық деңгейдегі және республикаішілік шараларды үйлестірудегі атқарушы директоры Данияр Әбілғазин, әйелдер боксын үйлестіруші Берік Мыржықбаев пен мамандардың сіңірген еңбегі зор. Қазір федерацияда осындай бес саусақтың бірігіп жұмыс істеуінің нәтижесінде республиканың барлық облыстарында әйелдер боксымен қатар, балалар және жасөспірімдердің спорттың осы түрімен айналысуына нақтылы жұмыстар істелуде. Арнайы бокс мектептерін ашу, төрешілерді дайындау, жарыстарды халықаралық талаптарға сай өткізу, ғылыми-медициналық жетістіктерді пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ал Қазақстанның намысын қорғайтын ұлттық құрама боксшыларына қазірдің өзінде жақсы жағдай жасалып отыр. Бүгінде ересектер, жастар құрамаларымен қоса әйелдер командасының бірінші нөмірлі боксшылары мен бапкерлері қомақты айлық алады. Осының бәрі Қазақстан боксының мәртебесін көтеруге жасалып жатқан жұмыстар.
Дастан КЕНЖАЛИН.