Ұлттық кітапханада көрнекті мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай «Өткірдің жүзі» атты кездесу өтті.
Тұлғаның мерейтойына арналған шараны құттықтау сөзбен ашқан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Асылдың сынығы, тұтас Алаш жұртына ортақ ардақты тұлға Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай қара шаңырақта жиналған зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қадірлі қаламгерлермен кездесу ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен дәріптеу, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытуға қатысты мәселелер айтылатын тағылымды кездесуге айналды. Мұрат Әуезовше айтқанда, «Әр адам ұлттың тағдырына қарасты мәселеге жан-жүрегімен берілуі керек». Алматы төрінде өткен алқалы жиынның негізі мерейтой болғанымен, мазмұны ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталды» деп атап өтті.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова мерейтой иесінің халқымыздың рухани дамуы, тарихи-мәдени мұрамыздың сақталуы мен жаңғыруы жолындағы зор еңбегіне тоқталды.
Алқалы басқосуды «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы жүргізіп, ұлт мүддесі жолындағы күрескер тұлға Мұрат Мұхтарұлына жылы лебіз білдіруге келген қауымға сөз кезегін ұсынды.
Қазақстанның және халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз еңбегі бүгінде жоғары бағасын алып, көптеген жобаларға негіз болды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы, «Сорос-Қазақстан» қорының басшысы ретіндегі қайраткерлік бастамалары мен игі істері күні бүгін де жалғасын тауып келеді.
«Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысының ұйымдастырушысы, «Жібек жолындағы сұхбаттар» халықаралық мәдени жобасының бастамашысы ретіндегі және дипломатиядағы қызметі де Мұрат Мұхтарұлының бұл бағыттағы миссиясын толығымен айшықтап тұр. «Уақыт арқауы», «М.М.Әуезов». Телеэссе» телебағдарламаларының авторы және жүргізушісі ретіндегі және өз қаламынан туған «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождения к колодцам времен», «Уйти чтобы вернуться», «Главпочтампт», «Ділім» еңбектері мен 200-ден астам мақаласы қазақ халқының дүниетанымын кеңейтуді мақсат еткен құнды еңбектер ретінде белгілі.
Алқалы жиын барысында «Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының» директоры Олжас Сүлейменов, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты Смағұл Елубай, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қанапиянов, Халықаралық Д.Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төрегелді Шарманов, Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин «Атамұра» корпорациясының президентi Рақымғали Құл-Мұхаммед, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, «Altyn Qyran Foundation» қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері Мұрат Мұхтарұлының ұлттық мүдде жолындағы қызметіне ерекше тоқталып, алдағы игі істеріне сәттілік тіледі.
Кездесу аясында Мұрат Әуезовтің қызметі мен шығармашылығына арналған «Өткірдің жүзі» кітап көрмесі ұйымдастырылып, Қанат Әмірханов «Жас-Тұлпар» ұйымының әнұранын шырқады.
АЛМАТЫ