Оңтүстікке көктем ерте келер еді. Әлсін-әлсін ауа дірдек қағып, ақшулан белдер масатыдай құлпырып сала беретін. Әсіресе он жеті-он сегіз жастағы біздей студент үшін көктемнің келуі мерекемен бірдей еді. Құйқылжыған нәурізек құс айналаны әсем үніне бөлеп, жан дүниеде ақүлпек үміт пен махаббат иірімдері бірге толқитын.
Ұяң ғана иіліп, жымиғанда бетінің шұқыры білінетін көктемкөз арулармен келіншекталдың түбінде әлдебір кітаптар жөнінде әңгіме-дүкен құратынбыз. Әдеміше келген аққұба қыз бірде «Жәмиланы» оқыған-оқымағанымды сұрады. Қапелімде оқымағаныма қысыла қалып, оқыдым дедім көмескі үнмен. Сол түні жалған сөзімізді жасыру үшін «Жәмила» повесін қолға алдық.
Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласы» бала аңсар мен жан дүниенің терең тұңғиығына сүңгіген бөлек тұрпатты шығарма болып шықты. Апыр-ай, осынша тұмалық пен тазалықты, іңкәрлік пен махаббатты адам тіліне аударуға болады екен-ау. Барлық тіршілік иесі өмірінің бір сәтінде сезінетін, бірақ ешқашан сыртқа айта алмайтын алуан күй, алуан иірім бір шығармада қалайша шебер тұтасқан? Әйел болмысы, әйел жаны, әйелдің ар-ожданы – бүтін бір ұлттың сипаты, ұлттың мәдени бедері. Бақсақ, кеңес кезеңінде әйел заты болмысына қайшы келетін еңбектерге салынып, бірі тракторшы, бірі комбайншы атанып, Алла Тағала жаратқан нәзік, сыршыл, ерке сипатына нұқсан келді. Үйлесім заңдылығы бұзылып, қоғам іші, адамдық психология, жүрек пен сезім өзгеріске түсті. Жазушы осы бір табиғат пішімі түрленген алмағайып сәттерді шебер бейнелейді. Мәселен, жер-жерде әйелдерді тыл жұмысына жинап жүрген бригадирге апасы келінін қорғап сөз сөйлейді.
«– Сендердің ондайларыңа ол бармайды! Құдайдан ұялсаңдаршы! Әйел қашан арба айдап еді? Қой, айналайын, келінімді орағыңнан аулақ. Онсыз да жалғызіліктінің азабын тартып, екі үйдің шаруасынан мұрнымнан шаншылып жүрмін. Оның үстіне беліме жел тиіп, бір жетіден бері шойырылып жүрмін, ана жүгерілердің түбі де көмілмей жатыр! – деп, қарағайдай етіп тартқан жаулығының салбыраған ұшын апам әдетінше қайта-қайта омырауына қыстыра берді».
Шығармадағы ерлері майданға кетіп, болмысына салмақ түскен әйелдер, қаһарман әйелдер адамдық негізден ажырамайды. Меніңше, Айтматов әйелдер арқылы тұтас қырғыз ұлтының мозаикасын, ар-намысты ту еткен абзал бейнесін жасаған секілді. «Құс жолындағы» Толғанай мен Алиман, «Бетпе-беттегі» Сейде, «Қызыл орамалды шынарымдағы» Әсел, «Алғашқы ұстаздағы» Алтынай. Міне, бұл портреттердің бәрі – самалалы адамгершілік ұшқынынан, адалдық, махаббат өртінен жаралған жасампаз кейіпкерлер.
Жәмила болмысы – босбелбеу еркектердің қоқан-лоқысына көнбейтін асау, арынды, керексе шідерін үзіп жүре беретін тұлпардай асқақ болмыс. Шығармада Жәмила өзіне көпе-көрнеу тиісе жөнелген Османға налып, «Ондайлар адамның жанын қайдан түсінсін... Ол сезім жүректің терең түбінде жатады ғой...» деп кейиді. Жәмила – ең бірінші адам. Кеңес уақытында барлық адамды тұтастыру, бәрін де бір көйлек кигізгендей тең ету, қандай жарғы болсын жалпылама мүлтіксіз бағындыру саясаты жасалғаны рас. Егер сол идеология көзілдірігімен қарасақ, Жәмила тыл жұмысына жан-тәнімен жегіліп, майданда жүрген күйеуін зарыға күтуі тиіс болатын. Тәртіп пен заңның шекарасына қамалып, өмірін дағдылы қағидаттарға сай сүйреуге тиіс еді. Бірақ Жәмила олай етпеді. Ол өзіне ғана тән әйелдік сезімі, ар-ожданы, тілегі бар жеке адам екенін көрсетті. Адамдық құдіретті, қуат пен рухты ешқандай қара күш басып-жанши алмайтынын ұқтырды. Бойында лавадай тасқындаған қуаты «талайларды таптап өтіп», «қарғаның валетіндей едірейген» қалыпты пенделерден өзгеше өмір сүре білді. Осылайша Сервантестің «Дон Кихоты», Тургеневтің «Рудині» секілді тұтас идеологиядан бөлек өмір сүретін тұлға прототипі жасалды. Айтматов бетіне ұлттық «ірімшік» жағылған астарлы шығармаларымен «кіші халықтардың үлкен қанжарын», асау мінезін көрсетті.
...Оңтүстіктің көктемгі табиғаты су бетінде дірілдеп, тымық түндегі ай жүзінен белгісіз дақтар білінетін. «Жәмила» повесі әрбіріміздің жүрегіміздегі ғашықтық отын қоздатып, бұрынғыдан да сезімтал етіп жібергендей. Жігіттер де Даниярға ұқсап шерін жүрегінде сақтап, ешкімге сыр айтпай, іштен ғана тынатын болып кеткен бе, қалай? Ал қыздар ерке, шолжаң, назды өкпемен ренжи сөйлейтін қылықты, адамгершілікке жұқпас әдеттерді жаратпай тыйып тастайтын тік мінезді болып алған. Оқу орны айналасындағы жидекті, жемісті ағаштар, әуеде қалқыған қозыжауырын бұлттар, бәрі де шығарма әсерінен айықпаған ақеділ сезімімізбен жөңкіп барады. Осы бір мөлдір сәттермен бірге өзім сүйген ақкербез сұлу жылдар өте көзден ғайып болар деп кім ойлаған! Бітпестей көрінген студенттік жылдар ұзаққа көшіп, қазір әрқайсымыз басқа ошақтың түтінін түтеткенбіз. Ауа дымқылданған, тәтті естеліктер жүректі жарып шығардай тулатқан түндері «Жәмила» повесін ашып, мына бір сөйлемдерді қайталаудан еш жалықпаймын...
«Қайдасыңдар сендер қазір, қайсы жолмен кетіп бара жатырсыңдар? Жәмила, менің алтын Жәмилам, сен кеткенде басыңды жоғары көтеріп, қисаймай, тайынбай, кең даламен кеткенсің... Қазір де сондайсың ба? Әлде шаршаған күндерің болды ма? Жаным, Жәмила? Әлде өз күшіңе сенбей күмәнданған күндерің болды ма, гүлім Жәмила? Егер ондай болса, әлсіздікке берілме, Даниярды медет қылып алға бас! ...Сонда көз алдыңда кең дала гүлдеп, біздің тамыз түніндегі найзағайлы дауыл төгіп берсін! Қорықпа, Жәмила, сенің жолың – бақыт жолы, оған күмәнданба!»