Кино сәнді трендке айнала бастағалы аталған саладағы баяу қозғалатын тетіктерге жан бітіп, бар қуатымен қызметіне кірісуді мұрат тұтқан белсенділігі байқалады. Кинематографтың өркендеп, әрі қарай дамуы үшін тетіктердің серпінді жұмыс істеуі қажет те.
Өз тарихы мен мәдениетін, құндылығын көрсетуге жанталасып жатқан жаһандық бәсекеде әрбір жаңашыл шығармашылық идеяны қолдау, кино ісіне инновациялық жобаларды енгізу, нәтижесінде жұрт қызығып көретін фильмді жарыққа шығару мұраты маңызды екені сөзсіз. Отандық киноның осалдығы, оның басындағы күрмеулі мәселелер өмір бойы талқыланып келе жатыр. Жыл сайын режиссерлердің қалың шоғыры әзірленеді, фильмдер жарыса жарыққа шығады. Дегенмен көптің арасында көңілге үміт ұялатар жылтыраған сәулесінің де бар екенін Ұлттық киноны қолдау орталығының жетекшілері жариялады.
Өткен жылы көптеген отандық кинокомпаниялар мемлекеттік қаржылық қолдауға ие болып қана қоймай, жаңа, жас кинематографистер есімінің танылуына өз тарапынан қозғау жасады. Әрине, кез келген жұмыстың нәтижесі статистикамен айқындалатын бүгінгі кезеңде кино ісінің төңірегінде тынымсыз атқарылып жатқан шаруаны шотқа салып, есеп-қисабын шығаратын болсақ, көңіл тоғайтатын көрініске тап боламыз.
2022 жылы конкурстық іріктеуге сәйкес 62 киножоба мемлекеттің қаржылық қолдауына ие болған. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстаннан ұсынылған фильмдер халықаралық кинофестивальдердің 30-дан аса жүлдесін жеңіп алды. 13 шет мемлекетте Қазақстанның кино күндері сәтті өтті – отандық картиналарға Прага мен Париж, Сеул мен Мадрид, Берлин мен Бурса, Ташкент пен Баку көрермендері қошемет көрсетті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген 12 картина прокатқа шықты.
ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, 2022 жылы Қазақстанның прокат нарығы 20 млрд теңгенің деңгейіне жетті, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жақын. Салыстырмалы мысалға жүгінетін болсақ, 2010 жылдары шамамен 9 млн билет сатылатын болса, өткен жылы 15 млн билет сатылған, орташа билет бағасы – 1300 теңгенің төңірегінде, бұл, негізінен, онша қымбат емес.
«Ең қызығы, осы 20 млрд-тың 40 пайызын, яғни 8 млрд-қа жуығын отандық фильмдер жинаған. Биыл прокатқа шыққан 450 фильмнің 64-і отандық. Бұл фильмдердің жалпы санының 14%-ы және олар бізге пайданың 40%-ын берді. Бұл орасан зор көрсеткіш», – деп атап өтті ол.
ҰКҚМО қолдауымен түсірілген фильмдердің ішінде абсолютті рекордтық көрсеткіш «Дос-Мұқасан» фильміне тиесілі. Аты аңызға айналған музыкалық топтың тарихын баяндайтын фильм прокаттан 503 млн теңге қаражат жинады. Бұл – талантты жас режиссер Айдын Сахаманның дебюттік жұмысы.
Бүгінде отандық киноиндустрияда жас кинематографистердің белсенді жұмысы байқалады. 2020-2021 жылдары жас кинематографистер мемлекеттің қолдауымен 33 киножобаны, оның ішінде 14 көркем, 7 дебюттік, 10 қысқаметражды және 2 деректі фильмді жарыққа шығарды. Ал 2022 жылы мемлекеттік қаржыландыру конкурсына қатысушылар арасында жастардың үлесі айқын болды – «Дебют» секциясында (шамамен 90%), «Анимацияда» (шамамен 85%), «Әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдер» секциясында (шамамен 70%), «Деректі фильмдер» секциясында (шамамен 65%) және «Кең аудиторияға арналған көркем фильмдер» секциясында (80%).
Жақында өткен «Еуразия» кинофестивалінде Қазақстан кинематографиясы үшін жеке ұлттық конкурс бөлінгенін және кинофестиваль күндерінің бірі «Жастарға жол!» ұранымен өткенін сарапшылар атап өтті. Конкурстық бағдарламалар аясында дарынды отандық режиссерлердің фильмдері көрсетілді. Көрсетілімдер сәтті өтіп, көрермендер ризалығын білдірді, ал сыншылар бұл жастарды қазірдің өзінде «Қазақстан киносының жаңа толқыны» деп атай бастады.
Әрине, бұл жетістіктердің сыртында «цифрландыру» өлшеміне сыймайтын жетістіктер де бар. Бұған Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығымен ынтымақтастық туралы келісім, жетекші стриминг платформаларына қазақстандық картиналардың шығуы және тағы басқа жаңалықтарды жатқызуға болады. Бастысы, мұның бәрі болашақ жетістіктердің тамаша негізі әрі бастамасы іспетті. Ал бұдан да маңыздысы, көңіл желпіндіретін ауқымды сан-цифр «бәсеке», «сапа» деген биік өлшемнің кепілі бола ма? Мәселе – осында.