Сурет өнерінде ұлттық тақырыпты жазатын авторлар көп болса да, әрқайсысының қаламы әртүрлі жыр айтады. Ұлттық деген нақыштың өзі суретшінің көзқарасында сан бояуда түрленіп, бөлек қалыпта тууы мүмкін. Кәсіби шебер, Қазақстанның халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның шығармашылығында да туған жер – туған дала, біздің адамдар, біздің дәстүр, біздің тау өзінше бір мақаммен өріледі. Аты аталғанда «тұңғыш» сөзі қатар жүретін тұлға ой-қиялындағы ұлттық элементтерді тек таза кенеп бетінде қолданып қойған жоқ. Киносуретші атанып, қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған шеберге айналды.
Айша Ғалымбаева 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет-безендіру бөлімін аяқтағаннан соң, Алматы көркемсуретті және хроникалық фильмдер киностудиясында еңбек етті. Оның кино өнеріндегі алғашқы жұмысы Абайдан басталады. «Абай әндері» киносценарийіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздерін дайындады. Бұл ізденіс суретшіге оңайға соққан жоқ: Абайға бару, оған қатысты кез келген іске қатысу, ақын туралы бір ауыз сөз айтудың мехнаты ауыр. Енді бір жағынан, өнердегі жолыңды алып ақыннан бастауда да бір белгісіз ғажайыптар мен күштердің қатысы бардай. Хакімнің топырағына барған суретші материал жинауда үлкен жұмыс атқарады. Сол елдің табиғатынан, тұрмыстық көріністерінен, ұлттық киімдерінен сурет салды. Бұл сапардан екі жүзден астам эскиз жасалды. Оған қоса сол дәуірдің, сол уақыттың көрінісін шынайы, нақты беру үшін мұрағаттық материалдарды, сақталған фотосуреттерді зерттеп, Алматы және Мәскеу қалаларының кітапханаларында отырды.
Кез келген кинокартинада суретшінің көзқарасы, талғамы маңызды. Ондағы бар кейіпкер, тіпті фильмнің тұтас бейнесі киносуретшінің көзімен беріледі. «Абай әндерінде» де Айша Ғалымбаева әр кейіпкердің мінез-құлқын, оқиғаның атмосферасын идеялық һәм психологиялық тұрғыда суреттейді. Мәселен, фильмдегі жағымсыз кейіпкер Шәріп бейнесінің сыртқы көрінісін оқиғаға сай қу, іші тар, арам ойлы екенін шапанының алалығымен көрсетеді.
Иә, оны осы тақырыпқа алып келген Абай. Сынаған да, үйреткен де Абай. Қайнаған жанның бүлкіліндегі бұла талантты қозғап, көзін ашқан да Абай. Ақкүмістенген ақынның сәулесі суретші шығармашылығына жаңа жол салды, соны леп құйды. Екінші тыныс ашылғандай шабытты шабыт қуа түсті.
Абай рухынан күш алған бұл қадам ұлт мәдениетіне қосар орасан зор үлестің бастауы болды ма дейсің. Айша Ғалымбаеваның кино саласындағы бұдан кейінгі еңбектері де бір тарих. Костюмдерінің эскизін жасаған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан» (1954), «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Дала қызы» (1966) кинофильмдерінің әрқайсысы классикалық туындыға айналғанына куәміз. Оған қоса киносуретші Шоқан Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді» картинасының түсірілу кезінде де қазақ тұрмысы мен костюм бойынша кеңесші болып қызмет атқарады.
Киносуретшінің кино саласындағы жұмыстары оның ұлттық киімдер тақырыбындағы мықты һәм алғашқы мамандардың бірі болуына жол ашты. Сондай-ақ ол қазақ билеріне костюм үлгілерін де жасады. Матаның жаңа түрлерін пайдалану, халық киімдерінің дәстүрлі үлгілерін жетілдіру арқылы сәнді костюмдердің билеуге қолайлы сахналық нұсқаларын сызды. Ұзақ жылдарғы шығармашылық еңбектің бір нәтижесі 1958 жылы суретшінің талай жыл тер төккен «Қазақтың ұлттық киімдері» суретті альбомы басылып шығады.
Айша Ғалымбаева творчествосының тағы бір қыры – қондырмалы кескіндеме. Шебердің колорист ретіндегі таланты мен талғамы, көркемдік орындау тәсілі, ұлттық образдарды жасау қабілеті нақ осы жанрда толығымен ашылғандай.
Ол өнер атты асыл да асқақ әлемде әрқашан өз ұлтының, өз топырағының мәдениеті мен тұрмысын жырлады. Өз ауылының адамдарын бейнеледі, өз халқының бар мінезін, болмысын айшықтады. Түрлі тағдырлардың жанына үңілді, әсемдігі мен іңкәрлігін қағазға сызды. Әсіресе қазақ әйелінің табиғатын ерекше қырынан бейнеледі – сәнді өмірі, салтанатты қалпы. Мәселен, «Белгілі халық шебері Р.Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық таланттары», «Біз заманымызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана». Осы туындылардың бәрі өз уақытынан алыс кетпеді. Суретші ылғи әр шығармасында сол дәуірді, сол қоғамды, сол тынысты беріп отырады. Бірақ көзқарасына сай образды беруде де жылы күйді сақтап отырады.
Суретшінің шығармашылық жолына қарасақ, қай салада болмасын, ұлттық ерекшелікті, ұлттық рухты беруге тырысқан бұлқынысты көреміз. Қаламын қай тақырыпқа малса да ұлттың үні шығады. Және ол қобыздың қоңыр сарыны емес, яки алаботаның боздаған үні емес – әсемдікті, іңкәрлікті жырлаған сазды әуен. Сан бояудың ішінде халқымызға тән нәзіктік те байқалады. Дәл бір осы халық «тар жол, тайғақ кешуді» көрмегендей, аласапыран заманды кешпегендей әсер аласың. Суретші қаламы жарқын шақтар мен шуақты күндерді ғана жырлайды. Ұлтыңның бар қияметін талантыңмен жасырып, бүтін бір тарихты тек жақсы сәттермен, жарық түстермен бейнелей алуда өнерден де терең бір күш жатқан шығар.