• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Қаңтар, 2023

Көшекқали сұлтан

562 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары қазақ тарихын, оның ақтаңдақ беттерін ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеулер көптеп жазылып жүр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тұлғалар тарихын саралау жаңа белеске көтерілді. Ал бүгін Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Шығай сұлтанның ұлы Көшекқалидың өмір жолы мен оның ұрпақтарына тоқталмақпыз.

Алдымен, сөздің басын аз-кем Шығай әулетіне бұрсақ. Шығай сұлтан Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін 8 жыл Ішкі Қазақ ордасына басшылық етті. Оның ұлдарының барлығы да тегіне тартып, шетінен өжет болды. Ат жалын тартып мінгеннен ел басқару ісіне белсене араласты. Үлкені Өтебәлі 1825 жылы әкесі басшылық жасаған қызылқұрт руына рубасылыққа тағайындалды. Оның ізін ала табын руына – Хансұлтан, кете руына – Тоғым, тана руына – Мірхайдар, алаша руына – Қайыпқали, но­ғай-қазаққа – Дәулеткерей және Жақып, Жүсіп, Көшекқалилар басшы болды.

Орда мен Орынборда ел бас­қа­руға араласқан Көшекқали Шығаев ноғай-қазақ шежіресін, әлем тарихын жетік білген, кадет корпусынан еуропа мен шығыстың бірнеше тілін үйреніп шыққан білімпаз болатын. Соның ішінде орыс тілінің мәнері мен байлығын шебер қол­дануы талайды таңғалдырған.

Шекара комиссиясының бұ­рынғы төрағасы Ладыженский: «Көшекқалидай орыс тіліне же­тік адам осы өлкеде орыс пен қазақ ішінде санаулы», деген. Көшек­қалидың орыс тіліне шебер­лі­гін 1844 жылдың қараша айын­да Ор­даға келген тарихшы барон Ф.Бюл­лер де байқапты. Өз қол­жаз­басында: «Көшекқали Шы­ғаевпен сөйлесу қандай ғанибет, ол орысша тамаша сөйлейді», деп жазған.

Көшекқали мен інісі Мірхайдар Орынбор Неплюев кадет корпусын бітірді. Корпусты хорун­жий шенімен үздік аяқтаған Көшек­қалиды Жәңгір хан 1834 жы­лы қайтыс болған ағасы Өте­бәлі­нің орнына қызылқұрт руын бас­қаруға тағайындаған. Сол жылы желтоқсан айында оған есаул (жасауыл) шені берілсе, 1835 жылдың 1 қыркүйегінде Оралдың төменгі шекарасы Ішкі Орал және Ортааралық дистанциялары бойынша Орданың депутаты болып бекітілді.

Жәңгір 1840 жылдың 9 қаза­нында Көшекқалиды үкімет­тік мара­патқа ұсынғанда: «Ру басшысы, хорунжий, сұлтан Көшек­қали Шығайұлы 1833 жылдан бас­тап бүгінге дейін осы лауазымды атқарды. Тілді жетік біледі, өзіне жүктелген үкімет тапсырмала­­рын мұқият орындап келеді», деп ­полк сотнигі шенін беруді сұраған. ­Ол шенді 1841 жылы 11 қаңтарда алған.

Уақытша кеңес құрылған соң Көшекқали 1847 жылы Орын­бор әскери губернаторының өкімі­мен Орда басқарушысының іс-қағаз­дарын жүргізді. Ханның кезінде де, Уақытша үкімет тұсында да ел ішіндегі тергеу, қазақтар қоныс­танған жерлерді шолу жөнінен арнайы тапсырмаларды орындады.

Көшекқали осындай сан түрлі қызметте жүріп, бір кездегі әкесі Шығай секілді Орда билігін қолына алу ниеті де болған еді.

Қызмет бабында аталас­та­ры­ның қай-қайсынан да білі­мі артық сұлтан бұл ойын жүзе­ге асыра бастады. Әсіресе Уақыт­ша Кеңестің іс-қағаздарын жүр­гізуге тағайындалғаннан кейін Көшек­қали кеңесшілер Шөкі мен Меңдігерей сұлтандарды биліктен ығыстыруға күш салған.

Көшекқалидың шағыстыруына шыдамаған Жәңгірдің ағайындары жоғары жаққа хабарлап, оның қызметін төмендетуді сұраған. Тек көнекөз Шөкі немере інісінің түртпегіне оңайлықпен көнбеген.

1848 жылы Мемлекеттік мү­лік министрлігінің бірінші де­пар­таменті Орынбордан Көшек­қали Шығаев пен Жарас Нұралы­хановтың формуляр тізімін сұ­рат­қан. Генерал-губернатор еке­уін Сырдария бекінісін салу ке­зінде әскери жүк пен азық-түлік жет­кізуге Бөкей ордасынан түйе мен ат жинаудағы сіңірген еңбегін елеп, наградаға ұсынбақ болып, үкіметке бұған дейін жасаған қызметін білуді тапсырған екен.

Орда басшылығы Жарасқа: «63 жаста, Кіші жүз ханы Нұралы Әбілқайырұлының баласы. Ішкі Орал шебіне таяу Қамыс-Самар­да жаз жайлап, қыс қыстайды. Ордада тыныштық орнығуына жәрдемдескен өнегесімен белгілі. 1829 жылдың басындағы толқу кезінде Жайықтан өтпек елдің жолын кесу үшін Іргеқұмға аттанды. Шекара комиссиясынан мақтау қағаз алды», деген оң мінездеме берген.

Көшекқалиға да осындай формуляр жөнелтілген. Алайда олармен бір мезгілде хан ордасынан Орынборға басқа мазмұндағы мі­нездеме қоса жолданады. Шөкі сұлтан өз мөрін басып: «Көшекқали Шығаев пен Жарас Нұралыханов сұлтандарды наградаға ұсыну үшін формуляр тізімдерін аттестаттай алмаймын. Өйткені біріншісі менің және ұлым Медетғалидың үстінен жалған шағым жазуға жұртты арандатуда. Ал Жарас тек Орынборға дейін керуенге ілесіп барғаны болмаса, оны жасақтауға араласқан емес», деп мәселенің мән-жайын ашып берген.

Орынбор мұрағаты құжатта­рын­да Көшекқалидың орыс ұлық­тары алдында беделі жоғары бол­ған­дығын айқындайтын тағы бір дерек бар.

1854 жылы Ішкі Қырғыз орда­сы басқармасы бойынша Уақыт­ша Кеңесте Мемлекеттік Мү­лік Ми­нистрлігінің кеңесшісі, Бас штаб полковнигі Иванин: «Сұл­тан Көшекқали Шығаев – кеңесші, Меңлігерейдің тобында, ол қазақтың салт-дәстүрін жақ­сы білетін Ордадағы ең білімді сұлтанның бірі, орысша жақсы сөйлеп-жазады, орыс кітаптары мен журналдарын жаздырып алады, тұрмыс салтында орыстың көп әдет-ғұрпын қолданады, сол үшін Әділ, Шөкі және Шомбал Ниязов басқарған ескі қазақ тобын жек көреді. Жалқаулығына, қазақы жайбарақаттығына қарамастан орыстармен жақындасуда және Орда қызметінде пайдалы болар деп мен оны кеңесші етіп тағайындауға тырыстым», десе сол жылы Ішкі Қырғыз ордасына арнайы тапсырмамен келіп, полковник Иваниннің орнында уақытша қызметте болған майор Житков та осы пікірде болған.

Көшекқалиды орысша шебер жаза білу өнері қиын-қыстау кезде үкіметтің кәрінен талай құтқарса да, 1856 жылдың қысында «билігін асыра пайдаланды» деп қызметінен шеттетілді. Бірақ араға жылдар салып 1862 жылдың мамырында Көшекқали қызметке қайтарылып, Орданың Талов бөлігінің басқа­рушысы етіп қойылды. Ал өмірі­нің соңғы жылдары Қамыс-Самар қи­сымының правителі болған. Қайтып Ордаға оралуға тағдыр жазбай, осы әкімшілік бөліністе жүріп, елу жасында өмірден озып, сол маңда жерленген. Оның құл­пытасында: «Дешті Қыпшақ ха­ны хан Нұралының немересі Көшек­қали сұлтан Шығайұлы 1866 жылы 50 жасында уақытша өмірден мәң­гі өмірге көшті», делінген.

Өлке­танушы М.Жахатовтың «Құл­пытастар сөйлейді» кітабын­да Жаңа­қала ауданы Жаңажол (Айдар­хан) ауылындағы Шәріп деген жердің – правитель жатқан қо­рым екендігін, сол жерде «Кө­шек­қали бөгеті», «Көшек айдыны» деген жерлер барлығын, қо­рымнан 200 метрдей шығыс ба­ғытта үлкен-үлкен үйлердің орындары болғандығын осы жерде көп жыл қой баққан Жүзжасар Ша­бақов айтқан. Қамыс-Самарда Көшек­қали Шығайұлы, Мұхамед-Салық Бабажанов, Салахаддин Көшекқалиұлы (халық – Салық деп атаған болуы мүмкін), Шарафеддин Көшекқалиұлы (халық – Шәріп деп атаған) сияқты адамдар Бақты­ге­рей Құлмановтан бұрын правитель болған.

Көшекқалидың құлпытас дерегі бойынша 1816 жылы дүниеге келген. Ал өзі 1848 жылы 10 наурызда толтырылған формулярлық тізімде «жасым 33-те» деп көрсеткен.

Бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы демекші, ғасырдан ға­сыр­ға құлпытасы мұқалмай жеткен Көшекқали бабасының басына 2020 жылы ұрпақтары Айбек ­Аман­гелдіұлы, Артур Меңдібай­ұлы және Багир Өтеғалиұлы Құран бағыштап, ескерткіш-белгі орнатты.

Қамыс-Самардағы тағы бір құл­пытас – Шығайдың әйелі, Көшек правительдің анасы Жібек ханымдікі. Ол құлпытаста: «Дешті Қыпшақ ханы Нұралы хан ұлы Шығай сұлтанның зайыбы Жібек ханым Асанқызы Қарабай сұлтан немересі уақытша өмірден мәңгі өмірге көшті 78 жасында 1870 жылы» делінген.

Көшекқалидың 1848 жылғы формулярлық тізімінде оны «вдов», яғни әйелі қайтыс болған деп жазады. Ұлдары Салахаддин – 8 жаста, Шарафеддин – 5 жаста болған. Қайтыс болған әйелі жөнінде еш мәлімет жоқ.

Ал одан кейінгі әйелі Ханым­жан Хан қорымында жерленген. Ханымжанның құлпытасында: «Бұл жерде жатқан Көшекқали сұлтанның некелі әйелі Ханымжан Қайыпқали сұлтан қызы бақилыққа көшті 44 жасында 1874 жылы. Белгі қойған некелі күйеуі Көшек­қали сұлтан» делініп, төре таң­басы қойылған.

Ханымжанның әкесі Қайып­қали Есімов те, атасы Есім хан Нұ­ра­­лыханұлы да та­рихта орны бар тұлғалар. Ал Көшек­қали­дың беделінің зор екендігін дүние сал­ғанына 8 жыл өтсе де құлпытасқа есімінің жазылуы дәлелдеп-ақ тұр.

Көшекқалидың екі ұлы да әке ­жолын қуып Орынбордағы Неп­люев кадет корпусында оқыды. Неп­люев кадет корпусын тамамда­ған хорунжий шеніндегі Салахад­дин мен Жүсіптің баласы Сағынге­рей Шығаевты Орынбор мен Самар генерал-губернаторы 1859 жылғы 14 қазандағы бұйрығымен Орда­ны басқару жөніндегі Уақытша кеңеске жіберген. Олар кеңес төр­ағасы Герннің қарамағында іс-қа­ғаздарын жүргізіп, тілмаштық қыз­мет атқаруға тиіс болған. Сала­хаддиннің өмірі мен қызметіне қа­тысты басқа дерек табылмады.

Салахаддиннен тараған ұрпақ­тан бізге Жаңақала ауданында жерленген қызы ғана белгілі. Оның құл­пытасында: «Дешті қыпшақ ха­ны Нұралы хан ұрпағынан Көшек­қа­ли сұлтанның немересі Бибі-Хадиша Салахаддин сұлтан қызы уақытша өмірден мәңгі өмір­ге көшті 12 жасында 1880 жылы» делінген.

Бұлардан төрт жыл кейін оқу бітіріп келген Шарафеддин Орда қызметіне жиырма төрт жыл ғұ­мырын арнаған. Әуелі ағасы секілді тілмаштықтан бастаған ол бөкей­ліктің төрт бұрышын түгел қамтып: 1866-1868 жылдары Орта дистанцияда депутат, 1870-1873 жылдары – Талов, Қамыс-Самар, 1877-1881 жылдары – Тарғын, Қалмақ, 1881-1882 жылдары Нарын қисымында басқарушы болды. Ал 1882-1885 жылдары Ордаға полицмейстер қойылып, Ресейдің нысандық киімі­мен сән түзеген алғашқы қазақ тәртіп сақшысы болды.

Шарафеддин – қырда әкім­дік қызмет атқарғанымен, әскери адам ретінде шені өскен қазақтың бірі. Неплюев кадет корпусын бітірісімен 1863 жылдың 12 мау­сымынан Орынбор желіаралық 2-батальонына прапорщик шенімен кіріскен оған бір жылдан кейін корнет атағы берілді. Бес жыл қыз­меттен кейін армия кавалериясы бойынша иығына поручик белгісін тақты. 1871 жылдың 1 шілдесінде штабс-ротмистр атанған.

Орданың барлық бөлігінде дер­лік әкімдік лауазым, 1868-1870 жыл­дары Уақытша кеңесте кеңесші қызметтерін атқарған Шарафеддин де бір кезде атасы Шығай, аталас­тары Бөкей мен Жәңгір біртіндеп заңдастырған Орда шекарасын нақтылай түсуге атсалысқан.

1873 жылдың 27 наурызында қазақтар мен Орал казачествосы­ның жерлерін межелеу жөніндегі үкіметтік комиссияның мүшесі ре­тінде төрт ай шекара белгілеуге іссапарға жіберілген. Осы ең­бегі ерекше бағаланып, патша жар­лығымен Әулие Станислав орде­німен марапатталған.

1885 жылдан Қамыс-Самар бөлігінің әкімі болған Шарафеддин 1889 жылдың қаңтарында Астра­хан губерниясы бастығының бұй­рығымен отставкаға шықты. Қо­лына «қай жерде де еркін тұруына рұқ­сат беретін» паспорт алды. Айбек Шығаев архивтен алған құжатта 1901 жылы дүниеден озады деп жазылған.

Шарафеддин ата-баба салты­мен әуелі ақсүйек тұқымынан Бажақ Қасымовтың қызы Айжанға үй­лен­генімен, алғашқы жары жас­тай қайтыс болды. Екінші әйелі ордалық Итемген Ұрқымбаевтың қызы Қарашаш. Одан 1871 жылы дүниеге келген Уәсила есімді қыз бен 1873-1888 жылдары өмір сүрген Азаматкерей және 1876 жыл­ғы Әділгерей деген ұлдары бол­ған. Қарашаш Хан қоры­мын­да жерленген. Сонымен қоса ұр­пағы Айбектің айтуы бойынша Шара­феддиннің үшінші әйелі орыс бол­ған. Әзірге ол жөнінде дерек жоқ.

Бұл күнде Орал қаласында тұ­ра­тын Көшекқали ұрпағы Айбек Амангелдіұлы Шығаев алдағы уақыт­та Шарафеддин бабасының жерленген жерін нақтылап, басына белгі орнатып, қауымды ұзартып қоршамақшы.

Шарафеддиннің дүниеге келген уақыты нақты зерттеуді талап етеді. Себебі қолдағы бар мәлі­мет­тер бойынша 1848 жылы Ша­ра­­фед­дин 5 жаста делінсе, дүние­ге кел­ген жылы 1843 жылдың ша­масы, ал Шарафеддиннің 1885 жыл­ғы қызметі жөніндегі формуляр­лы тізімінде 35 жаста екендігін жазған. Бұл тізім бойынша дүниеге келген жылы 1850 болады. «Қамыс-Самар – Жаңақала. Өткені мен бүгіні» атты кітаптың І томында Шарафеддин 1846 жылы туған деген дерек келтірілген.

Бұл сұлтанның бейнесі мен тұл­ғасын толық көрсету әлі де жан-жақты ізденіп, зерттеуді қажет етеді. Сондықтан мақалада келтірілген мәліметтер мен болжамдарға қо­сымша деректер табылып, түзе­тіліп, толықтырылып жатса, күніл­гері ризашылығымызды білдіреміз.

 

Лаура МҰСАҒАЛИЕВА,

Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнография­лық музей-қорығы қызметкері

 

Батыс Қазақстан облысы