Биыл 1953 жылдың наурызында жаппай кешірім жарияланғанына 57 жыл толып отыр. Бұл қырғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз жандардың көлдей көз жасының қайтарымындай құжат еді. Бірақ, мұндай кешірім баршаға бірдей қуаныш алып келмегені белгілі. Ол сот және соттан тыс (НКВД, ГПУ, “екілік”, “үштік”) органдардың үкімімен еңбекпен түзеу мекемелерінде жазасын өтегендерге ғана қатысты еді. Ал, саяси көзқарастарымен немесе еріксіз жер аударылғандар үш жылдан кейін, 1956 жылы ғана бостандыққа шықты.
Тарих бетіне қара әріптермен жазылған нәубет жылдардың ызғары әлі де талай жүректі дірілдететіні анық. Бүгінгі күндерімізге дейін ата-бабаларының, әже-аналарының, туған-туысқандарының есімін ақтап алуды арман қылған азаматтар көп. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы оны арнайы Заңмен кепілдендіріп отыр.
Ақмола облысында ойсыз да қатыгез мемлекеттік саясаттың қалай жүзеге асқаны, оның зардаптарын жою мәселесі қалайша шешімін тауып жатқаны жөнінде облыс прокурорының орынбасары Серік Хайруллинді әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Өндірістегі аз-кем ауытқушылық диверсия немесе зиянкестік, лауазымдық міндетті орындауда болмашы шалыс басудың кез келген көрінісі контрреволюциялық бүлік, ал мемлекет басшыларының атына сырттай өкпе-наз айту содырлық әрекет ретінде бағаланды, – дейді Серік Құбашұлы. – Сондай-ақ, адамдар ұлттық ерекшелігіне, діни ұстанымына, әлеуметтік жағдайына байланысты да қудаланды. Әсіресе, жат нанымдардың ықпалында болды деген күдіктілер аяусыз жазаланды. Жапа шеккендердің жартысынан астамы “кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізді” деген жаламен атылып, итжеккенге айдалғандар “халық жаулары” еді. Жалпы, бұл өлке сырттан лықсып ағылған бес дүркін жер аудару науқанын бастан кешті.
Ақмола облысының аумағында 467 арнайы комендатура жұмыс істеп, онда 98530 адам тіркеуге алынды. Целиноград ауданындағы бұрынғы Малиновка ауылында (қазіргі Ақмол) үрей шашқан атақты “АЛЖИР” лагері қоныс тепті. Мұнда өздері ешқандай қылмыс жасамаса да “отанға сатқындық жасағандардың” 20 мыңға жуық әйелдері мен апа-қарындастары азап шекті. Елбасы Н.Назарбаев қазір аудан орталығы атанған Ақмолда қуғын-сүргін құрбандарына арналған еңселі ескерткіш кешенді салтанатты жағдайда ашып, ол жұртшылықтың тағзым тұғырына айналды.
Облыс прокурорының орынбасары С.Хайруллин 2008-2009 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты 802 азамат пен 54 заңды тұлғаның өтініші қаралғанын айтады. Нәтижесінде 49 азамат саяси қуғын құрбаны, ал 249 кісі жапа шегуші ретінде танылып, арнайы анықтама беріліпті. Яғни, олар толық ақталған.
Солардың ішінен бір-екі мысал келтірелік. 1883 жылы туған Давыд Черевик бұрынғы Көкшетау облысының Богодуховка ауылында тұрған. Шала сауатты бақташы колхозшылар арасында контрреволюциялық үгіт жүргізді деген жаламен ұсталған. “Үштіктің” 1937 жылғы 6 қыркүйектегі үкімімен ату жазасына кесіліп, сол заматта үкім жүзеге асырылыпты. Оның немересі Алексей Черевиктің өтініші қанағаттандырылып, 2009 жылдың желтоқсан айында ақтау жөніндегі анықтамаға қол қойылған.
1898 жылы туған ауыл шаруасы Иван Кармазин жапондықтардың пайдасына тыңшылық әрекеттермен айналысты деген жаламен тұтқындалған. Айыртау НКВД-сының 1938 жылдың 30 қыркүйегіндегі үкімімен ертеңінде атылыпты.
Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ләззат Төлегенова да толық ақталып отыр.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.