Тараз қаласында «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешені қосылатыны туралы ақпарат өткен жылы тарап үлгерген еді. Бейнебақылау жүйесінің нақты қашан іске қосылатыны туралы ел арасында сан түрлі қауесет те жүрді. Халық «Сергекті» алаңдай күткен еді...
Сөйткен «Сергек» Тараз қаласында 16 қаңтар күні ресми түрде іске қосылды. Аппараттық бағдарламалық кешен іске қосылған алғашқы күннің өзінде қазынаға 2 млн теңге түсірген.
Еліміздегі айлық табысы аз қаланың тұрғындары қалтаға қол салған, қол салғанда мол салған бейнебақылау жүйесі жүйкемізді жұқартты дегенді алға тартып отыр. Ал полиция департаментіндегі жауапты мамандардың жұрт назына қатысты өз айтары бар.
«Облыстық полиция департаменті тесттiк режімнiң аяқталуына байланысты 2023 жылдың 16 қаңтарынан бастап облыс орталығында «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі іске қосылғанын хабарлайды. Бүгінде 48 аппараттық бағдарламалық кешен (35-і – желілік учаскеде және 13-і – қиылыстарда) қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жүйе жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салған белгісіне өтіп кету, жол белгілерiн сақтамау (тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау және тұрақтау) секілді жол ережелерінің бұзылуын тіркейді. Тәжірибе көрсеткендей, жол-көлік апаттары көбінесе жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыру, бағдаршамға тоқтамау, жол қиылысынан дұрыс өтпеу салдарынан болады. Осы орайда «Сергек» интеллектуалды қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі автокөлік апаты салдарынан жарақат алу және өлім көрсеткіштерін азайтуға, апаттарды алдын алатын негізгі жол ережелерін сақтауға көзделген жүйе екенін атап өткен жөн», дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының өкілі Нұрсұлтан Әлішев.
Астанада жоба іске қосылған бірінші жылдың өзінде жол-көлік оқиғасынан қаза болғандар саны 43%-ға дейін азайған екен. Алматыда 2019-2022 жылдары қайтыс болғандар саны екі есеге төмендеген. Шымкентте де жағдай өзгерген.
«Жүйені орнатудағы басты мақсат – Тараз қаласындағы қауіпсіздікті күшейту. Бұл автокөлік жүргізушілердің санасын өзгертіп, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», дейді Нұрсұлтан Әлішев.
Әкімшілік полиция бөлім басшысы Н.Әлішевтің айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркеу автоматтық режімде жүргізіліп, бұл мәліметтер полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі. «Барлық ереже бұзу жағдайлары Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде автоматты түрде тіркеледі. Хаттамаларды ЭЦҚ көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ Каспи банктің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінде жүктеуге болады. Ал егер қала тұрғыны аппараттық-бағдарламалық кешенде тіркелген құқық бұзушылықтармен келіспесе, нұсқамада көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалады», дейді Н.Әлішев.
Әйткенмен, аппараттық бағдарламалық кешеннің қосылғанына наразылар да аз емес. Олар жергілікті халықтың табысының аздығын алға тартып, айыппұл төлеудің қиындығын айтып отыр. Айтуларынша, әлеуметтік теңсіздік онсыз да қос бүйірден қысқан шақта «Сергектен» келген айыппұлды төлеу оңайға соқпайды.
«Қалада «Сергек» аппараттық кешенін әр жерге бір орналастырып жатыр. Жамбыл халқының басым бөлігі 60-80 мың теңге көлемінде ғана жалақы алады. Соған қарамастан табысымыз Астанадағыдай деп ойлап, аталған бақылау жүйесін қосып жатыр. Кешен арқылы бір тәулікте 2 млн теңге айыппұл жиналыпты. Қалада такси болып әупірімдеп нәпақа тауып, күнін әрең көріп жүргендер бар. Олар қалай айыппұл төлемек?» дейді Тараз қаласының тұрғыны Күмісбек Оңлабаев өз ойымен бөлісіп.
Жергілікті көлік жүргізушілер ауыл-аймақтан келетін туыстары қаланы дұрыс білмейтіндіктен «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешенін әлі талай уақыт бойы айыппұлмен жарылқайтынын айтып күйініп отыр. Әйткенмен, бейнебақылау жүйесі ресми түрде іске қосылды. Енді көлік жүргізушілер сауысқандай сақ болмаса, айыппұл төлегені төлеген. Өйткені қаланың 48 жерінде орналасқан бейнебақылау жүйесі әрбір заңсыздықты қалт жібермейді.
Жамбыл облысы