"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
«Алтын белгі» алуға 1-2 балы жетпей қалған балалардың жұмысына өте мұқият қараған жөн Мәжілісте палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Гүлмира Исімбаева Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді: «Таяуда ғана елімізде мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тест тапсыруы аяқталды. ҰБТ-ны өткізу биылғы жылы біршама тәуір ұйымдастырылып, өткен жылдармен салыстырғанда жақсарғанын атап өту керек. Алайда, жекелеген проблемалар да жоқ емес. Парламент Мәжілісінің депутаттары – «Нұр Отан» фракциясының мүшелері орыс тілінде оқытатын мектептердің түлектері үшін қазақ тілі бойынша, қазақ тілінде оқытатын мектептердің түлектері үшін орыс тілі бойынша балдарды ескеру қажеттігі туралы мәселені әртүрлі деңгейлерде бірнеше рет көтерді. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Осы пәндер бойынша балдар білім беру грантын алуға арналған конкурста ескерілмейді. Алайда, балдың төмендеуі ескеріледі. Мысалы, Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның «Алтын белгіге» үміткер оқушысының ата-анасынан хат алдық. Олардың баласы қазақ тілі пәнінен – 24, Қазақстан тарихы пәнінен – 24, математика пәнінен – 24, ағылшын тілі пәнінен – 24 балл, яғни 4 пәннен де 5 деген баға алып, жоғары ұпай жинаған, бірақ қазақ мектебіндегі орыс тілі пәнінен кем алған 1 балы «Алтын белгіге» 1 балл жеткізбей тастаған. Бұл оқушы он бір жыл бойы үздік оқыған. Ағылшын тілі пәнінен аудандық, қалалық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. ҰБТ-да берілген тапсырмадағы жауапта тыныс белгісі қойылмағандықтан қателескендігін айтып, апелляциялық комиссияға өтініш жазған. Расында да, №6224 нұсқадағы 14-тапсырманың жауаптарының бірі ретінде берілген: «Доброе начало половина дела» деген жауапта тиісті сызықша белгісі қойылмаған. Дұрысы: «Доброе начало – половина дела». Сөйлем ортасына сызықша қойылуы қажет екендігі айдан анық. Тест тапсырмасындағы қателік жауаптың дұрыс болмауына апарып соқтырған. Бұл – дұрыс ескерту. Сондықтан да, оқушының талабын ескеріп, 1 балл қосуға болатын еді. Ол заңды. Бірақ апелляциялық комиссия оның өтінішін қарамаған деп шағымданып отыр ата-анасы. 11 жыл бойы кілең беске оқып, тестілеуде де негізгі пәндердің бәрінен бес алып, «Алтын белгіге» лайық болған оқушыға қазақ мектебіндегі орыс тілі пәні, орыс мектебіндегі қазақ тілі пәні неге кедергі болуға тиіс?! Сондықтан, ол пән білім беру грантын алуда ескерілмейтіні сияқты, «Алтын белгі» алу үшін де ескерілмеуі керек деп санаймыз. Сонда ғана әділдік орнар еді. Апелляциялық комиссиялар алдағы уақытта өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, сұрақтардағы тыныс белгілердің, типографияның кінәсінен кеткен, тағы басқа қателердің де бала тағдырына әсер ететіндігін ескеріп, білікті мамандар ретінде әділ шешім шығаруға ұмтылуы қажет. Әсіресе, «Алтын белгі» алуға 1-2 балы жетпей қалған балалардың жұмысына өте мұқият қарап, күмән жағдайдың бәрі оқушының пайдасына шешілуге тиіс деп есептейміз. Аталған мәселелер мұқият қаралып, оң-шешім табуына ықпал етуіңізді сұраймыз».Тамыры – бір, мақсаты – айқын, болашағы – ортақ
Бакуде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) 5-пленарлық отырысы өтіп, оған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған парламенттік делегация қатысты. Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы Бакуде ТүркПА-ның алғашқы пленарлық отырысы өткен болатын. Құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдері кіретін Парламенттік Ассамблея Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Осы уақыт аралығында ұйым түркілік бірлікті жақындастыру мен нығайтуда тиімді үнқатысу алаңына айналды. Кезекті пленарлық отырыс Ассамблеяның дамуына қатысты және күн тәртібіндегі салмақты сауалдарды қамтыды. Маңызды шара басталмас бұрын төрт елдің парламенттік делегация жетекшілерін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қабылдады. Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов «Туризм саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында Бодрумда өткен Түркі кеңесінің 4 саммитінің қорытындысы экономиканың аталған маңызды бағытын дамытуға серпін беретінін жеткізді. Түркітілдес елдер іс-әрекетіндегі бірлік-берекеге айрықша назар аударылды. Ильхам Әлиев пен Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, мұнай және газ тасымалдау бойынша бірлескен жобалар аясында инвестиция саласын, ауыл шаруашылығын, көлік және коммуникацияны дамыту екі ел арасындағы ықпалдастықты күшейтудің басым бағыттары болып табылады. ТүркПА жиыны ұйым төрағалығын Түркиядан Әзербайжанға өткізу рәсімінен басталды. Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері Джемиль Чичек өз елі төрағалық еткен бір жыл ішіндегі жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ, халықаралық қарым-қатынастар, әлеуметтік-мәдени, гуманитарлық, экономика, сауда және қаржы, сондай-ақ, құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиялар 2013 жылы атқарылған жұмыстар бойынша өз есептерін тапсырды. ТүркПА 5-пленарлық отырысында барлық парламенттік делегация басшылары алдағы жұмыс бағытына қатысты өз ойларын ортаға салды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов өз әріптестерін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шанхайда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 4-саммитінде АӨСШК негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы идеясын қолдауға шақырды. Қабиболла Жақыпов: – Аталған ұйым Азия кеңістігіндегі бейбіт даму үдерісін қамтамасыз етуде маңызды құралдардың біріне айналары сөзсіз. Сондықтан, біздің Ассамблеяның осы бастаманы қолдап, өз ұсынысын енгізетініне сенімім зор, – деді. Мәжіліс Төрағасы, сондай-ақ, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия парламентшілерінің түркітілдес елдер жастарының білім саласына қатысты көтерген сұрақтарына да назар аударды. Қабиболла Жақыпов ТүркПА ықпалын одан әрі күшейтудің маңыздылығын сөз ете келіп: – Біздің елдеріміз парламенттері ынтымақтастығының ұзақ мерзімді стратегиясы қажет. Осы жолда «Түркітілдес елдер парламенттері ынтымақтастығын дамытудың жол картасын» әзірлегеніміз жөн болар еді. Онда көпжақты ынтымақтастықтан басқа, біздің заңнамаларымызды одан әрі үйлестіруге бағытталған жеке тараулар болады, – деді Мәжіліс Төрағасы. Жиын барысында жаңа комиссия құрылды. Жаңашылдықтың қолданыстағы 4 комиссияның үшеуіне тікелей қатысты болмақ. Енді халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер бірыңғай комиссия аясында қаралады. Экономика, сауда және қаржы мәселелері толықтай Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия еншісінде. Қосымша тағы да Экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия құрылуда. Ал Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияға өзгеріс енгізілмейді. Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Каспий теңізі экожүйесін сақтау, сондай-ақ, трансшекаралық өзендерді пайдалану Экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Одан әрі Қабиболла Жақыпов: – Баламалы және жаңғыртылатын энергия көздеріне арналған «Болашақ энергиясы» тақырыбында 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу қарсаңында Астанада осы тақырыпқа қатысты аталған комиссияның отырысын өткізген дұрыс болар еді, – деді. Пленарлық жиында, сондай-ақ, комиссиялар төрағалары сайланды. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияны Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев басқаратын болды. Ал мәжілісмен Нұрлан Әбдіров Халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары атанды. Жиын барысында аталған ұйымға кіретін елдер парламентшілері Венгрия Мемлекеттік жиналысына ТүркПА-да бақылаушы мәртебесін ұсыну мүмкіндігін де сөз етті. Жиын қорытындысы бойынша Баку декларациясы қабылданды. ТүркПА шаралары аясында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан келген әріптестерімен кездесті. Тараптар халықаралық бірлестіктер аясында ынтымақтастық пен өзара қолдау аталған елдер арасындағы стратегиялық әріптестіктің жарқын көрінісі екенін сөз етті. Парламентшілер келесі жылы маусым айында АстанадаТүркПА-ның 6-пленарлық отырысында бас қосатын болып белгіленді. Сәулебек БІРЖАН.Мәдениет саясаты тұжырымдамасы
заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілетін болады
Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Президенттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы аясында еліміздің Мәдениет саясаты тұжырымдамасының әзірлену барысы және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы» тақырыпта дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Отырысқа Парламент депутаттары, салалық министрліктер мен мекемелердің өкілдері, ғалымдар, еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов отырысты аша келіп, талқыланып отырған Мәдениет саясаты тұжырымдамасының жобасы мен оны келешекте іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Сенатор Қазақстанды әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына шығару Президент стратегиясындағы қоғамды мәдени тұрғыда жаңғыртуда негізгі міндеттерінің бірі екеніне назар аударды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қоғамның мәдени деңгейі жоғары болған сайын оның даму әлеуетінің тиімділігі де жоғарылай береді, деп атап өтті А.Бижанов. Осыған байланысты, уақыттың өзі Мәдениет саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді талап етуде және біздің мемлекетіміздің дамуының стратегиялық міндеті болып отыр. Отырыста баяндама жасаған Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы әзірленіп жатқан Мәдениет саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелері туралы айта келіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Министр Қазақстанда жеке тұлғаны дамытуды басты мақсат ететін, барлық азаматтарды біріктіруді көздейтін отандық төл мәдениетті дамытуға баса назар аударылатынын атап өтті. Мәдени саясаттың негізгі мақсаты – еліміздің біртұтас көпұлтты мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған бүкілқазақстандық мәдени және идеологиялық бағдарды дамытуға жаңа серпін беру, мәдени тұрғыда бәсекеге қабілетті және рухани деңгейі биік қазақстандықтарды қалыптастыру, еліміздің қарқынды дамуы мен халықаралық салада тартымды келбетін паш етуге ықпал ететін қазіргі заманғы мәдени кластерлер жасау. Дөңгелек үстел отырысында күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары А.Әбибуллаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Е.Аманшаев, Музыка қайраткерлері одағының төрайымы А.Мұсақожаева, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Б.Өмірбеков, «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Н.Ерімбетов, Театр қайраткерлері одағының төрағасы Т.Жаманқұлов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті О.Батурина, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Б.Тілеухан қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Н.Оразалин отандық мәдениеттің өзекті мәселелері мен келешегі жайында өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Мәдениет саясаты тұжырымдамасының жобасын жетілдіру және оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі шаралар жөнінде мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірленетін болды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Тиісті қадамдар тиімділікті арттырады
Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын және «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңды іске асыру аясында «Аймақ экономикасының салалық және кластерлік басымдықтарын дамыту» тақырыбы бойынша Павлодар облысында көшпелі отырыс өткізді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған заңнамалық негіз жасауда салалық комитет мүшелерінің тікелей қатысуымен Парламент 50-ден астам заңдарға тиісті өзгерістер енгізіп, қабылданғаны туралы хабардар етті. Таяуда «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Заң қабылданды. «Біздің еліміздің экономикасын ұзақ мерзімде дамыту үшін келесі бесжылдық шешуші рөл атқарады. Бір жағынан Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енуі мен алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты бұл өз кезегінде қатаң нарықтық жағдайдағы бәсекелестікті аңғартады. Сондықтан күрделі мәселелерді сындарлы түрде ойластырып, қазіргі кезде мемлекеттік органдар мен бизнестің үйлесімді жұмысын дұрыс жоспарлау керек», деп атап өтті Т.Абайділдин. Көшпелі отырысқа қатысушылар бұл тақырыптың жан-жақты талқыланғаны индустриялық-инновациялық дамуды ынталандыру жөніндегі жаңа тиімді шешімдерді табуға, отандық өндірістің тиімділігін арттыруда жаңа қадамдарды іске асыруға және аймақтағы барлық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі іс жүзіндегі ұсыныстарды әзірлеуге жәрдемдесетінін атап өтті. Шараға Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Индустрия және жаңа технологиялар министрінің, Мұнай және газ министрінің орынбасарлары, сондай-ақ, облыстық мәслихат пен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Көшпелі отырыс аясында сенаторлар шағын және орта бизнестің бірқатар кәсіпорындарын аралап, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.Өзара іс-қимылды үдеткен ұтымды
Сенаторлар Икрам Адырбеков пен Дулат Құсдәулетов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитетінің төрайымы, Португалия Парламентінің депутаты Изабель Сантушпен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. И.Сантуш жылы шырайлы кездесулер үшін депутаттарға алғыс айтып, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы қазақстандық делегацияның белсенді жұмысын атап өтті. Қазақстан экономикасының соңғы жылдардағы дамуын оң бағалай келіп, ол Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығы қарсаңында Ассамблеяның аймақтағы елдермен ынтымақтастықты үдетуде Астананың оң рөліне сенім артатынын жеткізді. ЕҚЫҰ ПА-дағы Қазақстанның парламенттік делегациясының мүшесі, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.Адырбеков португалдық әріптесінің Астанаға алғашқы сапарын құптай отырып, ЕҚЫҰ қызметін оның барлық үш өлшемінде күшейту жөніндегі Парламенттік Ассамблея басшылығының күш-жігерін Қазақстан тарапы жан-жақты қолдайтынын нақтылады. Біз «Хельсинки+40» үдерістерін» жаңару, тиімділікті және біздің Ұйымның беделін арттыру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырамыз», – деді сенатор. Кездесу барысында, сондай-ақ, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитетінің аясындағы Қазақстан мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бірлескен жұмыстарындағы басымдықтар да талқыланды. Атап айтқанда, депутат Д.Құсдәулетов жүздесушіні Парламенттегі заң шығару жұмыстарының үдерістерімен, сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ, Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдармен өзара сындарлы іс-қимылымен жан-жақты таныстырды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының биылғы 28 маусым – 2 шілде аралығында Бакуде болатын ХХІІІ жыл сайынғы сессиясы қарсаңында өзара іс-қимылды үдетуге уағдаласты.