• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 25 Қаңтар, 2023

Ескірмейтін «Ералаш»

238 рет
көрсетілді

Біз ертегіні де тыңдап, есепті де шешіп, есекті де мініп, «Ералашты» да көріп өстік. Өмірге қалағанымызша еркеледік, енді бәрі естелік. Сол «Ералаш» біздің балауса күніміздің бүлдіргені секілді, қайыра көре бергіміз келеді. Тіпті балаларға арналған әзіл-оспақ журналының анимациялық интросы әлі күнге есімізден кеткен емес. Бұл жалынды мотивті Алексей Рыбников ойлап тапқан екен. Қараңызшы, тағы ойымызға оралып отырғаны…

Біздің балдәурен шақ екі мыңыншы жылдардың басында еліміз ес жинап, бұғанасы қатайып келе жатқан кезеңмен қатар келді. Кішкентай көкжәшіктен үлкен өміріміздің айнасын көретінбіз. Ол тұста қазіргідей «Балапан» телеарнасы жоқ, телміре тамашалайтынымыз «Ақсақ құлан» мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» секілді бірді-екілі қазақша мультфильмдер. Олар­дан жалықпайсыз ғой, тек «Ералаш» секілді өзіне еліктіріп әкет­пейді. Сол әзілге толы шағын сюжет­тердегі бұзақы балалардан өзімізді көргендей қыран-топан күлкіге көмілеміз. Қазір бәрі түу алыста жатқан асу сияқты бұл­дырайды.

Жалпы, «Ералашты» құрас­тырушылар Александр Хмелик пен Борис Грачевский әйгілі рифмді өздері жазған. Құрметті оқырман, естеріңізге оңай түсіру үшін әуезді әннің тұпнұсқасын ұсынсақ.

«Мальчишки и девчонки,

а также их родители,

Весёлые истории услышать

не хотите ли?

Весёлые истории журнал

покажет наш,

Весёлые истории в журнале

«Ералаш»!

Қос каламгер мәтінді мәңгілік жауһар туындыға айналдыру үшін композитор іздеуде өте байып­ты қарекет етті. Сол үшін арнайы конкурс та ұйымдастырды. Ол аз десеңіз, өтініш беруші­лер­дің ешқайсысы бір-бірін біл­меуі үшін шығарманы ано­нимді қа­былдады. Сөйтіп, алғашқы сәтті нұсқаны атақты балалар хит­мейкері – «Антошка» мен «Чебурашканың» авторы Вла­­­димир Шаинский әкелді. Әуен көңілді һәм ырғағы жеңіл бол­ғанымен, композитор мә­тінді нотаға сай қысқартқан еді. Бұл атүсті шешім Хмелик пен Гра­чевскийге ұнамады. Осы­­лайша же­ңіске композитор Алек­сей Рыбников жетті.

«Әнді бірден өз орындауым­да жазып, ұсынып көрдім. Көп ұзамай ұйымдастырушылар «Ералашқа» кіріспе болатынын хабардар етті. Музыка өте тез дүниеге келді. Менің ойымша, әндегі ең басты ерекшелік ыс­қыру үшін ойлап тапқан ша­ғын фразалар болды. Бұл қа­лам­гер­лерге майдай жаққан се­кіл­ді. Әрі оқушылардың қиқар қы­­лықтары мен балдәурен күн­дерінің белгісі іспетті көңілге жылы тиеді», дейді А.Рыбников өз естелігінде.

1997 жылға дейін, дәлірек айтсақ, «Ералаштың» 117-санына дейін экран сақшысын әнші Елена Камбурова орындады. Алайда бертін келе әннің таспасы ескірген соң, режиссерлер заманға сай түрлендіріп, әнді қайта жазуға шешім қабылдайды. Бұл жолы олар үлкен апайды емес, нағыз мөп-мөлдір үлбіреп тұрған ұл-қыздарды шақыруды жөн көреді. Жаңа скринсейверде болашақ эстрада жұлдыздары да болған. Ал музыкаға тән ыс­қырықты Борис Грачевскийдің өзі орындайды.

Айтпақшы, композитор Алек­­сей Рыбников «Ералаш» скринсейверінен идеяны одан әрі дамытып, әуендегі ысқырықты Буратино туралы хит әнінде де тағы бір рет қолданады. Онысын тісқаққан қаламгерлер аса жақ­тыра қоймаса да, кішкентай оқыр­мандар жылы қабылдады.

Ән дегеннен шығады, 1984 жылы жарық көрген «Ералаш» тележурналының «40 шайтан мен бір жасыл шыбын» бө­лімі ерекшелігімен халықтың кө­кейінде қалды. Бұл ретте бізді де елең еткізген еді. Италья мек­те­біндегі жаңа мұға­лім­нің қаскөй бұзақылармен бір сыныпқа түсуі естеріңізде шығар? Біріншіден, дубляжбен қоса шыққан итальян тілі қуан­тады. «Бонгиорно, бамибини...». Екіншіден, жалмауыз басты бұзақы Гверрески. Үшін­шіден, оспадар Геннадий Ха­занов және, әрине, ғажайып Че­лентаноның әні! Оны ұмытуға бола ма?!

Мұғалім сыныпқа кіріп, он­дағы оқушыларды көргенде бар дауысымен шектеусіз «Уу! Уу! Вах! Вах!» деп ән айтады. Бұл – Адриано Челентаноның «Бинго Бонго» фильміндегі «Ух... ух...» композициясы еді. Аталған кинокартина 1983 жылы ХІІІ Мәскеу халықаралық кинофестивалінің аясында көрсетілген. Сол комедияда Челентано маймылдар тәрбиелеп өсірген, жануарлармен сөйлесе алатын жабайы адамның рөлін сомдайды. Онысы адамзат пен жан-жануарлар табиғаттың ортақ баласы екенін жеткізу еді.

Иә, «Ералаштың» арнайы сол әнді пайдалануының себебі фильмнің негізгі идеясында жатыр, яки оқушыларды жануар­ларды құрметтеуге шақыру. Әрі әлемдегі ең қатыгез де ақылды жа­нуар адам екенін еске салу. Бұл туралы біз бұрынырақ та жаз­­ғанбыз. «Ералаштың» мұндай қы­зықтары толып жатыр, бірі  еске түссе, енді бірі санадан өшіп ба­рады. Бірақ бәрібір кө­ңіл­ге ыстық көріністер, қайта­лап кө­руден жалықпайсыз.

Кез келген кинокартина үлкен идеологияның бастауы. Сол заманда асық ойнап, ләңгі теуіп жүрген балаларды теледидарға жақындатқан осы «Ералаш» теле­журналы болды. Сондағы оқу­шылардың есерсоқтығын мек­тепте қайталап, ұстаздан оңбай таяқ жегеніміз бар. Ол да бір тәтті таяқ еді, біз сонда мұғалімге артық ауыз сөз қай­тар­майтынбыз, еркелігіміз еркінді­гіміз деп бағаладық. Қазір бәрі басқа… Ұялы телефонға жабыс­қан балдырғандарды ештеңе қызық­тырмайды. Еркіндігі кіш­кентай экранның ішінде адасып жүргендей…