Жыл сайын қаңтар туып, аяз қысқанда бура жарайды. Бұл табиғи заңдылық. Өйткені бұл кез – інгеннің күйті келіп, шағылысатын уақыт. Бураның жарауы көбінде қазақтың ескі жыл қайыру амалы бойынша қамбар тоғысымен қатар келетіндіктен, кейбір өңірлерде бұл мезгілді бура тоғыс деп те айтады.
Жалпы, Құдай жаратқан қоңыр аңдардың (бұғы, бұлан, марал, елік, киік, т.б.) бұлжымайтын өмір сүру дағдысы бар. Бұл хайуандар келеге түсер (шағылысу) кезінде еркек текелері өзара сайысып, жеңіп шыққаны үйір қайыру мәртебесіне ие болады. Бір сөзбен айтқанда, мықтысы ғана ұрпақ өрбітуге құқылы. Осылай табиғи сұрыпталудың арқасында даланың қоңыр аңы сапасын жоғалтпайды.
Осы үрдіс, яғни осы тәсіл бек түлік малдың ішінде тек түйе баласына ғана тән. Қаңтарда жараған буралар сайысады. Жеңгені інгендерді қайырады. Бала кезімізде буралар шайқасын талай көрдік. Біздің ауылда Зияданның сары бурасы және Баймырзаның қара бурасы деген екі жануар болды. Былайғы күндері моп-момын. Ал жараған кезінде маңына жан баласы жоламайды. Шабынғанда аузынан ақ көбік шашып, тісін қайрап сықырлатады, артқы тірсегін бүгіңкіреп, аяғын талтайтып, бөксесін шөмейтіп, кеудесін көтеріп, құйрығымен қос тақымын ерсілі-қарсылы сабалап, айбат шегеді. Қыс қаншалықты қатты болса, бура да соншалықты ұзақ жарайды. Атақты Базар жыраудың «Қаңтардағы бурадай, Азу тісін қайраған» дейтіні дәл осы. Бір қызығы, жараған бура бір ай оттамайды, су ішпейді, қаншырдай қатып, ішін тартады.
Жараған бура күйлі болса өте қауіпті. Тіпті адам алатындары да болған. Мұндай адам алатын бураның алдыңғы өркешіне желбіретін қызыл шүберек байлап қояды. Қабаған иті бар үйлер қақпасына «Осторожно! Злая собака» деп жазып қоятыны сияқты. Өйткені ертеде бурасы адам өлтірсе, иесі құн төлейтін жосын болған. Ал жоғарыдағыдай ескерткен жағдайда жеңілдік бар дегендей. Яғни желбіреген қызыл тулы бурадан ақылы бар адам алыс жүреді. Одан қалды кісі алатын бураның иесі малының ауызын шайнай алмайтындай етіп құрсаулап тастайды. Бұны «қаусар» деп атайды. Бір ай шөп жеп, су ішпейтін хайуанға бәрібір.
* * *
Халқымыздың көне жырлары мен фольклорында, одан қалды әдеби шығармаларда жараған бураның адамға шапқаны жайлы әңгіме жетерлік. Мысалы, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты ғұмарнамалық туындысының бірінші кітабында «Ақжамбас» атты әңгімесі бар. Ақжамбас деп отырғаны – айғыр. Оның жамбасын жараған бура шайнап жаралағандықтан, кейін жазылған жараның орнына ақ түк (жүн) шыққан екен. Сөйтіп, күрең айғыр осылай атанған.
Оқиға былай болыпты. Тұртай деген түйелі байдың кісі алатын бурасы бар екен. Ол қаңтарда жарағаны былай тұрсын, ессіз құтыратын көрінеді. Ел құтырған бураны шаужайлап қайыр деп Бәкей деген жылқышыны жұмсайды. Бәкең мың жылқының ішінен үйірін қасқырға алдырмайтын азулы алты жасар күрең айғырды бірнеше күн жаратып, етін қатырып мініп жолға шығады. Қолында қызыл қайыңнан жонған сойыл. Салт атты адамды көрген бура шабынып тұра келеді. Астындағы атына сенген Бәкей борбайлатып қарсы шабады. Бура да ұмытылады. Епті жылқышы орайын тауып бураны сойылмен салып өтеді. Мойнына таяқ тиген хайуан жалт бұрылып тағы ұмтылады. Алда-жалда аузына іліксе шайнамай жұтатын түрі бар. Бәкей тағы соғады. Сөйтіп, айқас ұзаққа созылады. Бураның беті қайтар емес. Ақыры Бәкейдің өзі қашады. Бура қуып келеді. Он шақырымдай жерде Қарпық ауылының ағаштан салған қыстауы бар. Соған қарай тартады. Бура да қояр емес, қарды бұзып-жарып тартып келеді. Құтылмасын аңғарған жылқышы Қарпық ауылының шеткі ауласына кіріп үлгереді. Сыртқы қақпаны қақ жарып бура да кіріп келеді. Бәкей ат-матымен үлкен ағаш үйге кіріп үлгереді. Үй иесі есікті жаба қояды. Ашулы бура дәл есіктің көзіне шөгіп жатып алады. Сол жатқаннан екі күн жатады. Үшінші күні орнынан тұрып, маңайды айналсоқтап жүреді. Тегі тоңазыған болса керек. Бәкей басқа қақпадан шығып құтылып кетеді. Бірақ кекті бура бұл оқиғаны ұмытпаған екен. Бір жыл өткенде үйір қайырып жүрген күрең айғырды іздеп келіп айқасады. Айғыр да аянып қалмайды. Осы шайқаста бураның тілерсегі тілініп, айғырдың қоңы жараланады. Сөйтіп, атақты күрең айғыр «Ақжамбас» атанды.
* * *
Жоғарыдағыдай әңгіменің тағы бір сұлбасын этнограф-жазушы марқұм Жағда Бабалықов жазып қалдырған екен. «Ертеректе, – депті жазушы. – Еренқабырғаның Мана өзені маңын мекендеген керей жұртында әрі найзагер, әрі қамшыгер Бәлел деген кісі болды. Бұл кісінің әкесі Лақ батыр болған адам екен. Қысқасы, нағыз көкжалдың тұқымы. Бәкең 1945 жылдары 50 жас кезінде қақаған қаңтарда бүркіт салып, тауға шығыпты. Қыраттап келе жатса, сайдың ішінде қалмақтың бір келе түйесі жатыр. Бүркіт ұстаған адамды көріп қалмақтың қара бурасы тұра ұмытылады. Жараған бура ақ көбігі бұрқырып келе жатыр. Сасқалақтаған Бәлел оң қолында балдақта отырған құсын ұшырып жіберіп, ердің алдыңғы қасына іліп қойған қамшысын алып үлгереді. Буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып, азуын айға білеп келіп қалған бураны қақ маңдайдан тартып жібереді. Бура шөке түсіп жатып қалады. Бураның иесі моңғол дау көтереді: «Сен қазақ бурамды қылышпен шаптың, құнын төле» дейді. Бәкең:
– Мынамен ұрдым, – деп әбден ысылған таспалы қамшысын көрсетеді.
– Оны қалай дәлелдейсің? Бәлел қамшыгер «қазір» дейді де, өлген бураның басын көлденең қойып, ат үстінен ызғытып келіп, қамшымен салып өтеді. Қараса қамшы түйенің бас сүйегін тесіп жіберген екен дейді. Сөйтіп, даудан құтылыпты».
* * *
Осыған орайлас жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаевтың да «Шаған бүлігі» атты деректі әңгімесі де бар. «Ертеде Назар Жанақұлы дейтін жұлымыр жігіт болыпты, – дейді жазушы. Бұл азамат ел қыдырып жүріп бір келе түйеге кез болады. Оның ішінде жараған бура бар екен, ол тұра ұмтылады. Жотаның басында тұрған бір кісі: «Балам, бері қарай қаш» деп айғайлайды. Алайда Назар қасқайып тұра қалып, бураны дырау қамшымен қақ маңдайдан тартып қалып, мұрттай ұшырады да, «жотада қарақшыдай қалқайып тұрған түйешіні ұрып тастайын да, малын алысқа айдап кетейін» деген шайтан ойдың жетегінде сайланып тұрады. Содан қасына келген адамға енді қамшы сілтей бергенде, ол жігітті ат үстінен жұлып алып, тізесімен басып отыра қалады да:
– Қарғыс жейсің бе, қамшы жейсің бе? – дейді.
– Ақсақал, қарт кісі екеніңізді байқамай қалдым. Кешу жасаңыз. Бураңызды өлтірдім. Сақалыңызды сыйламай сізге қол көтердім. Айы-бымды кешіңіз, кешпесеңіз өз қолыңызбен басымды кесіңіз, – деп, сапысын суырып алып қартқа ұсынады.
– Ныспың кім? Қай туған боласың?
– Атым – Назар. Әкем – Жанақ.
– Е, тұзақшы Жанақ бидің бір жұлымыр ұлы бар деуші еді. Сол екенсің ғой.
– Иә, сол – менмін, ата. Ешкім бетімнен қақпаған, аузымды ешкім бақпаған бейбастақ, ауыздықсыз өскен байдың еркесімін. Енді өлтіре беріңіз.
– Жоқ, балам, жас жаныңның, бос мойныңның обалына қалып қайтемін, жай қолыңды, батамды берейін: «Жеткіншектік, желкөбік мінезіңді таста. Азаматқа тән жөндем ісіңді баста. Бай баласы бір жығылмай жер танымас деген, жығылғаным жердің жары емес, қарт адамның зоры деп біл. Атың Назар екен, көпшіліктің базары бол. Қолыңның қарындағы күштен гөрі, көзіңнің қырындағы істі аңғар. Айтұяқтының асылы, әділдік жолдың жасыны бол. Жақсылыққа жақ бол, жамандықтан сақ бол! Әумин! Ал, балам, атыңа мін, жолың болсын», деп Назарды аттандырыпты. Сол Назар қарияның сөзінен кейін мүлде өзгеріп, ел қамын жеген би атанған екен…».