Жеке сектордан үй рәсімдемек болған жұрт ақшасынан айырылып, баспанадан қағылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында «баспаналы боламыз» деп үміттенген тараздықтар әкімдіктегілерге алдандық деп дабыл қақты.
Ашу қысқан азаматтардың айтуынша, Тараз қаласының билігі «үй алғысы келетіндер құрылыс компанияларына 5 миллион теңгеден жинап берсе, баспана мәселесі шешіледі» деп сендірген екен. Жеме-жемге келгенде халық не құйған қаражатына, не үйге жете алмай қалған.
Бес жыл бұрын несиеге үй рәсімдеген тараздық тұрғындар «шенеуніктер бізді алдап кетті», деп күйініп отыр. Айтуларынша, әкімдіктегі жауапты қызметкерлер «компанияға қажетті қаражатты жинасаңдар, кейін сол ақша баспана бағасынан шегерілетін болады» деп сендірген екен. Алайда шенділердің сөзіне құлақ асқан халық «біз алданып қалдық» деп аһ ұрып отыр.
Деректерге сенсек, құрылыс компаниясы жүзге жетеқабыл үйді салуға ниеттенгенімен, оншақты баспана қалып кеткен. Жалпы, құрылыстың бар болғаны алпыс пайызға жуығы ғана аяқталған көрінеді. Осылайша, Ыбырайым Сүлейменов көшесінің аяқ тұсындағы алқаптан баспаналы болудан үміттенген жұрт әлі де болса мәселенің оңынан шешілгенін қалайтыны айтпаса да түсінікті.
«Уақытында қала әкімінің орынбасары шақырып алды да: «Компания өкіліне 5 миллионнан беріңдер, олар үйді аяқтап береді» деді. Айтуын айтқанымен жеме-жемге келгенде жауаптылар сөздерінен секіріп, жалтарды. Қараша халық шенділердің сөзіне сенеміз деп сақылдаған аязда не ақшасыз, не үй-күйсіз жүр», дейді ызаға булыққан тараздық тұрғын Мақпал Ноғайбаева мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Баспанасыз жүрген бұқара «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстың жүйелі жүргізілмегенін алға тартады. Олар шенеуніктер мен құрылысқа жауапты адамдар халықтан алған қаржыны талан-таражға салды ма деп те күдіктеніп отыр. Қысқасы, тараздық әлеумет жергілікті атқарушы билік мәселені толық әрі жан-жақты тексеріп, дұрыс шешім шығарса дейді.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілген құрылыс болса, олар қандай негізге сүйеніп ақша алып отыр? Жұмыстарын қаржы сұрамай аяқтаулары керек еді. Жауаптылардың жауапсыздығынан қазір үй-күйсіз сабылып жүрміз. Жұрт қашанғы пәтер жалдап күнелтеді», дейді ашуға булыққан қала тұрғыны Гүлмира Оңасбаева.
Жергілікті жұрттың талабы да түсінікті. Олар маңдай тер, табан ақымен тапқан табысын баспаналы болу үшін жұмсаған. Жалдамалы пәтерде тұрудан жалыққан халық уақтылы баспаналы болатынына сенген.
Алайда уақыт өте келе өткір мәселе тіпті ушыға түскен. Қалай алып қарасақ та, тұрғындар жанайқайының жаны бар. Баспаналы болудан үмітін үзбеген елдің сеніміне селкеу түсірмей, мәселені жедел түрде шешудің жолы бар ма?
Ашынған халық ештеңеге қарамай, қала әкімі Бақытжан Орынбековпен жүздесудің түрлі жолын қарастырды. Қалалық әкімдіктің алдына жиналған халық ақыры дегеніне жетіп, көне шаһардың жаңа әкімімен кездесті. Жаңа әкім деуіміздің де өзіндік сыры бар. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде Таразға тағайындалған әкімдер «құдайы қонаққа» айналып кетті. Аз ғана уақыт қызмет етеді де, ауысып кетеді. Жергілікті халықтың дауымен танысқан Бақытжан Орынбеков мәселені майшаммен қарау үшін уақыт сұрады.
«Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тиісті тараптармен кездесу барысында жүзбе-жүз отырып анықтайтын боламыз. Өйткені барлық мәселе заң аясында шешімін табуы керек. Егер мәселе біз ойлағандай болмаса сот арқылы мәжбүрлеу мәселесін де қарастыратын боламыз», дейді қала әкімі Б.Орынбеков.
Оның айтуынша, мәселені нақты шешу үшін шамалы уақыт керек. Өйткені халық талабы орындалуы үшін ушыққан жағдай жан-жақты саралануы тиіс.
Бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан дау бірнеше күнде шешімін таба ма? Шенділер заңгерлер арқылы уақытында жасалған келісімшарттарды қайта зерделеуге ниетті секілді. Мәселе олай өрбіген жағдайда халықтың талабы жедел орындала қоюы қиын.
Тараз қаласына әкім болып тағайындалғалы бері жұрттың мәселесін бетпе-бет тыңдаудан танбаған Бақытжан Орынбеков бәлкім бұқараның байбаламын жедел шешудің жолын табар. Қалай десек те, шаһар тізгінін ұстаған әкімдердің ішінде Орынбековке деген елдің ықыласы да, сенімі де бөлек. Енді сол сенімнің үдесінен шықса дейміз.
Жамбыл облысы