Сұлтанахмет Қожықовтың есімі аталғанда даңқы дәуірге дастан болған «Қыз Жібек» фильмі ойымызға оралады. Көркем өнердің көкжиегін кеңейтіп, қазақ киносын шырқау биікке көтерген киногердің биыл ғасыр тойы.
Ол талантты боп туған адам. Қаннан келген қасиет қолына алдымен қылқалам ұстатқан. Кенептегі кемел ойды қос ағаның еншісіне қалдырып, өнерден өз жолын, өз арнасын іздепті. Шығармашылық адамына ең алдымен еркіндік керек. Себебі өнер қалыпқа құя беретін кірпіш емес, ол шетсіз, бәлкім шексіз әлем. Суреткер бойындағы осы еркіндік пен халқына деген сүйіспеншілік егіз өрілгендіктен де ұлтының бекзат болмысын, өр рухын экранда жарқырата көрсетті. Фильмге кілең тулаған таланттарды таңдап алып, олардың да есімінің ел жүрегіне енуіне жол ашты.
Қазақтың аяулы қызы Меруерт Өтекешова өз естелігінде: «Өнер деген өте нәзік әлем, ешқандай астамшылықты көтермейді. Жібектің бейнесін сомдау үшін тек әдемілік қана емес, талант керек. Қағілез режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гулфайруз Ысмайылова, композитор Нұрғиса Тілендиев, оператор Асхат Ашрапов бастаған комиссия мені 400 үміткердің ішінен ақтық сынға қатысатын 10 қыздың қатарына енгізді. Артынша барлығымыздың өнерімізді сараптап шыққан көркемдік кеңес басты рөлге мені бекітті. Кино әлеміне енуіме, өмірлік бойтұмарыма айналған Жібек рөлі арқылы елге танылуыма көреген режиссер Қожықовтың әсері мол», деп толғанады.
Терең мазмұнымен, көркемдік қуатымен көпшіліктің көңілінен шыққан картина 1972 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде көрсетіліп, үш бірдей дипломға ие болды. Ұлт танымын этникалық планда кең де тынысты етіп бедерлегені үшін айтулы марапат Сұлтан Қожықовқа, суретші Гульфайрус Исмайыловаға, актер Кенебай Қожабековке берілді. Туынды Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылды.
Сол тұста кеңестік баспасөзде режиссердің даңқын асырған түрлі мақалалар жарық көріп жатты. «Бұл – С. Қожықовтың үлкен табысы, кемелді суретші болғанының айғағы» деп жазды «Комсомольская правда» газеті. Өмір есігін ашқан мыңдаған сәбиге Жібек есімі қойылды. Университет қабырғаларынан «Қыз Жібек» атауымен эстетикалық үйірмелер ашыла бастады.
Халық дәстүрімен сабақтасып жатқан мазмұнды идеяны миллион жанарды жаулаған жауһар туындыға айналдыруда режиссердің табанды еңбегі жатыр. Картинадағы әр деталь, әр штрих үлкен талғаммен өрілген. Мәселен, жасанды, арзан шыт-шыбыр экранда білініп қалады деп костюмдерге барқыт, мақпал, жібек, шәйі, пүліш секілді қымбат маталар, құндыз, сусар, елтірі, інжу-маржан қолданылған. Арнайы қаулы негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне фильмге таңдаулы 40 ат тауып беру жүктелді. Тіпті ат әбзелдері, сауыт-саймандар, киіз үй жиһаздары, кілем, текеметтер таңдаулы шеберлердің қолынан шықты. Батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекейді Алматыдағы әйгілі «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, бағалы металдардан жасап шығарды. Қожықов қазақ даласының көркем табиғатын көрсету үшін түсірілім жұмыстарында Алатау, Алтай, Ақтау, Жайық, Қарқаралы, Іле жағасы секілді ең шұрайлы жерлерді қамтыды. Жанкешті жұмыс, еселі еңбек, тынымсыз төгілген тер. Бұл Сұлтанахмет Қожықовтың өз мамандығына ғана емес, ұлтының асқақ арманына деген адалдығы еді. Картинадағы ұшан-теңіз еңбекті уақыт бедерінде сан сынаққа түскен халқының еңсесін көтеру, ұлттық рухын ояту, қалғыған намысын қайрау деп қабылдамай көріңіз. Сұлтанахмет соғысқа қатысты, майданда мұқалмаған жігер жалынға айналды. Көңіл түкпірінде шымыр-шымыр қайнаған әппақ арман ұлтының асқақ келбеті болып экранда жарқ етті.
Бұл тұрғыда сыншы Әмина Құрманғали: «Қазақ неткен сұлу халық деп әлем екі рет таңдай қақты. Бірі – «Абай жолын» оқығанда, екіншісі – «Қыз Жібекті» көргенде. «Қыз Жібек» - көркемөнердегі тылсым құбылыс. Оның өмірге келуінің өзінде бір ғажаптық бар. Бейне бір қазақты жебеуші Тәңірдің өзі «ғасырдың қайталанбас ғажабын жасасын» деп, ылғи дарындарды бір жерге әкеліп тоғыстырғандай. Осы фильм тұңғыш рет қазақтың әдемі, сұлу, сергек, дені таза, таза қанды халық екенін көрсетті. Шынардай сымбатты, сұңқардай сұлу, тұлпардай текті халық екенін көрсетті. Қазақ киносын ақсақ, соқыр, таз, қалқан құлақ, орсақ тіс, бүкір, талтақ, тәштек-тапал (әдейі жинап алған) сайқымазақ кейіпкерлерден арылтты. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін тәмамдап, Довженконың өзінен сабақ алған Сұлтанахметтің біліміне, нәзік эстетикалық талғамына, көрегендігі мен табандылығына таңдануға болмас. Таңданатын нәрсе – оның осы қабілеттерінің мойындалмауы» деп күйінуі де ретті.
Расында суреткердің алға ұстаған арманы ұлттық ойтанымның кәусарын алдыңа тосатын мөлдір бұлақ па дерсіз. Алайда қазақ киносының жауһары ретінде жарты әлемді шарлаған осы бір туындыға ой арманын сығып бергенімен, киноға қатысты сын-пікірлердің қарша борауы режиссердің жанына жүк түсіріп, жүрек талмасына ұшыратқаны да өмір шындығы.
Фильмнің алғашқы түсірілім материалдарын талқылау барысында Шәкен Айманов: «Төлеген, Бекежанның қасында әлсіз, жасқаншақ. Біздің көріп отырғанымыз – ойсыз, алаңсыз жүрген біреу» десе, Ғабит Мүсірепов те осы ойды құптап, басты рөлдегі әртістерге сын арқылы жігер берген. Картинаның айналасында сценарий авторы Ғ.Мүсірепов пен режиссер арасында келіспеушіліктер орын алғанымен, фильм жарыққа шыққанда Ғабең: «Енді мен бұл фильм үшін оппозиционер емеспін. Бұл сөзімді С. Қожықовтың алдында шын көңіліммен айтамын», деп ағынан жарылыпты.
Әрбір суреткердің арманы тұтас ғұмырға татитын туындысымен тарихта қалу. Шығармашылық жолында қаншама дүниені қалыптастырса да, «Қыз Жібек» кинорежиссер ретінде Қожықовтың қайталанбас қолтаңбасы болып қала бермек. Оның арманы да, аңсары да, дерті мен өрті де, қуанышы да осы туындының өзегінде өріліп жатыр. Ендеше дегдар таланттың өмір жырын, көңіл сырын болашаққа жеткізетін байыпты қадамдар биылғы мерейлі жылдың еншісінде деп білейік.
АЛМАТЫ