Облыс орталығы Тараз қаласынан 15 шақырым қашықтықта жатқан Байзақ ауданы өңірдегі халық тығыз орналасқан аймақтардың қатарына жатады. Орталыққа жақын болған соң, жергілікті жұртшылықтың жағдайы жаман емес. Әйтсе де көгілдір отын мәселесі шешілген аудандағы кейбір елді мекеннің тұрғындарын ауыз су, электр энергиясы мәселесі мазалайды.
Аудандағы 30 елді мекеннің 13-і әзірге ауызсумен қамтылмаған. Алайда бүгінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы аясында жергілікті халықты таза сумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған.
«Елді мекендерді ауызсумен қамту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес бүгінге дейін аудан аумағындағы 13 елді мекен ауызсумен қамтылмаған. Орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған 8 елді мекенге (Аққия, Сарыбарақ, Ақтөбе, Ботамойнақ, Қосақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік) ауызсу жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мәселені жедел шешкен абзал. Сондықтан құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыру мақсатында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлығы 2 644 950 теңгені құрайтын бюджеттік өтінім жолданды. Республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігерлер анықталды. Қазіргі таңда жоғарыда аталған 8 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде», дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жамалов жағдайды түсіндіріп.
Оның айтуынша, аудан аумағындағы Төрткүл, Қайнар және Жаңасаз ауылдары халық саны аз ауылдардың санатына жатады. Мәселен, Қайнар ауылында 128 адам қоныстанса, Төрткүлде 290, Жаңасазда 278 адам тұрады.
«Халық саны аз ауылдарда ауызсуды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспарланып отыр. Ал Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауызсумен қамту бағытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жамбыл облысындағы ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, Шахан ауылын Сарыбарақ ауылы арқылы орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр», дейді аудан өкілі.
Байзақта аудандық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы 132,07 шақырымды құрайды. Жергілікті жұртшылық негізінен Сарыкемер – Мырзатай, Жібек Жолы – Жақаш – Көкөзек және Шахан ауылына кіреберістегі жолдың жағдайы жақсарғанын қалайтынын айтып, жиі қайырылады.
Аудандағы елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 421,1 шақырымды құраса, оның 175,6 шақырымы жақсы, 115,2 шақырымы қанағаттанарлық және 130,5 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Алдағы уақытта аудандық маңызы бар жолдың 96 пайызын және елді мекен көшелерінің 92,3 пайызын жақсарту бағытында жұмыстар қолға алынбақ.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 959 млн 278 мың теңге және аудандық бюджеттен 111 млн 853 мың теңге қарастырылып, жалпы 56 шақырымды құрайтын 53 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2023 жылы 17 аудандық маңызы бар автожолдарға, жалпы 2385 м2 жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдарға 33 жол белгісін орнату жоспарланған.
Бір қуантарлығы бұған дейін аудандағы 43 елді мекеннің 42-сі көгілдір отынмен қамтылғанын білетінбіз. Жуырда ғана аудан тұрғындары толықтай газбен қамтылды деген хабарды естідік.
«2021 жылдың қорытынды есебінде елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 99 пайыз көрсеткішке қол жеткізілген еді. Төрткөл ауылы көшелеріне газ жүйесін жүргізу жұмыстарына облыстық бюджеттен 57538,0 мың теңге қаражат қарастырылып, өткен жылдың желтоқсан айында аталған жұмыстар толықтай аяқталды. 2022 жылдың қорытынды есебінде елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізілді», дейді Т. Жамалов.
Деректерге сенсек, аудан аумағындағы елді мекен көшелерін жарықтандыру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы жергілікті халық толықтай табиғи газбен қамтылып отыр. Қалған мәселелер алдағы уақытта ретімен шешімін таппақ.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы