Қазақ поэзиясында Еуропаға алғаш «жорық» жасаған Абай болса, сол жорықты тереңдеткен, поэзиямызға Еуропалық ырғақ әкелген – Мағжан. «Еуропалық әшекейлері» сылдырлаған өрнекті өлеңдер әдебиетімізге жаңа тыныс қосты.
Ақынның ізденісіне сүйінген дегдар Мұхтар Әуезов: «Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын» деген-тін. Әңгімеміз Мағжанның «Пайғамбар» атты өлеңі хақында болмақ.
«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күнi батып, жаңа таңы атпаған.
Түнерiп жүр түннен туған перiлер,
Тәңiрiсiн табанына таптаған».
Мағжан Еуропа поэзиясына ғана емес, проза, философия, психологиясына дендей білді. Мәдениетімен танысты. Шығыс-мұсылман білімін медресседе оқып меңгерген ақын Батыс білімін ақыл көзімен өлшеп, таразыға салды. Осылайша, Шығыс пен Батыстың аражігін, аспан мен жердей айырмасына қанықты.
«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгiнде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған,
Түн баласы тәңiрiсiн өлтiрiп,
Табынатын басқа тәңiрi таппаған».
XX ғасыр, расында, әртүрлі ілім жер бетіне шыққан тұс еді. Дарвин ілімі, Ницшенің «асқан адамы», коммунизм ұраны, дадаизм, Зигмунд Фрейд психоанализі, т.б. ілімдер қоғамда насихаттала бастады. Қайбір адамдыққа жат, ақылға тұрпайы қағидаттарды көрген ақын дабыл қақты.
«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Бiлген емес иман деген не нәрсе,
«Қарын» деген сөздi ғана жаттаған».
Еуропа білімі материалдық құндылықтарды алға шығарып, дүние білімін жаңғыртқаны рас. Сол арқылы экономикалық, цифрлық даму көкжиегіне көтерілді. Бірақ зәулім темірлер арасында рухани құндылықтар зардап шегіп жатты. Мейірім, ізгілік, бауырмалдық, жаны ашу, махаббат пен әділет кейінге шегінді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қитұрқы әрекеттер, адам бостандығына жасалған қастандықтар, азап лагерьлері, жазықсыз құрбандар – осының бәрі Еуропалық гуманизмнің деңгейін көрсетті.
«Түн баласы өмiрiнде арзан таңменен,
Қабыл ұлы ауызданған қанменен.
Табынатын құр денеге жануар,
Болған емес жұмысы оның жанменен».
Адам жан мен тәннен тұратынын ескерсек, тән өмірі қысқа. Біз тәнді жанға бағындырсақ қана адам атты даңқымызды сақтаймыз. Ал ақын күнбатыс жұртының көп халқының жанмен жұмысы жоқтығына налиды. Жан мен рухты зерделемей өмір мәні қалай айшықталсын? Құр денеге киім беріп, тек дене өмірін көріктендірумен шұғылдансақ ғұмырдың зая кеткені емес пе? Шығыс ілімдерінің артықшылығы – жанға терең үңіле білуінде. «Тән көретiн бастағы көз, байқамайды жан сырын» немесе «жанға көнсем, жан иесi Тәңiрiге де көнгенiм» деген бабаларымыз жан өмірін бақылауда ұстап, зерделей білді.
«Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтедi,
Ой артынан ойлар келiп кетедi.
Түн баласы көр көзiнен жас төгiп,
Күншығыстан бiр пайғамбар күтедi...
...Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар».
Мағжан түнек иісі сіңе бастаған күнбатысқа жарық шашуды қалады. Ақ пен қараны айырған білімдар ақын «жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған, жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем!» деп жар салды. Бірақ заңғар арманын жүзеге асыруға мүкіс заман ерік бермеді. Шын мәнінде, Мағжан телегей талантының үштен бірін де толық беріп үлгермеді. Бізге жеткені желігі басылмаған жастық жырлары ғана.