«Қаладағы су құбыры және кәріз желілерінің тозуы - 55-58 пайыз шамасында. Ескі аудандарда желілердің тозуы әлдеқайда көп - шамамен 80%, 1965 жылдан 1985 жылға дейін салынған ескі желілер бар. Бірақ қазір бізде апат деңгейі төмен, жөндеуге уақыт бар. Биылғы жылы «Алматы Судың» инвестициялық бағдарламасы өткен жылғымен бірдей - сумен жабдықтау желілеріне 2,6 млрд теңге және кәріз желілеріне 1 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған», деді Алматы мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ілияс Қазиев.
Ол биыл жөндеу жұмыстары негізінен желілердің тозығы жеткен Медеу, Түрксіб, Жетісу және Алмалы өңірлерінде жүргізілетінін айтты.
Баяндамашы профилактикалық жұмыстарды ескере отырып, инженерлік желілерде күрделі апаттар болмауы керек деп жауап берді. Оның айтуынша, қаладағы барлық желілерге қызмет көрсетіледі.
«Алматы су» мекемесінің мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы су құбыры желілерінің тозуы 54,2 пайызды құрап отыр, тиісінше 1943 шақырым су құбыры желілері ауыстыруды қажет етеді. Бұл ретте канализацияның тозуы 56,6% құрайды, яғни 1000 шақырымнан астамы қайта құруды қажет етеді.
«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ресми өкілі Серік Шағыров жаңа бас жоспар жобасында 2030 жылға дейін 900 шақырым, 2040 жылға дейін 1500 шақырым желіні салу және қайта жаңғырту көзделгенін қосып айтты.
«Тозу қарқынын төмендету үшін жыл сайын кемінде 104 шақырым су құбыры желісін және 73 шақырым кәріз желісін қайта жаңғырту қажет. Бірақ біздің қолданыстағы инвестициялық бағдарламамыз жылына небәрі 20-25 шақырым құбырды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді», деді ол.