Қазақ даласында жолбарыс жортқан. Жолбарыстай жігіттер болған, әйтпесе Жолбарыс деп ат қоя ма баласына? Онымен аттас хан да бар тарихта. Мұның бәрі жаңалық болмауы мүмкін зерделіге. Ал жалаң қолмен жолбарыс соққандар туралы әңгіме бөлек. Оқысаңыз да, тыңдасаңыз да жалықпайсыз. Сіз бірден Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» романын айтарсыз. Біз де соны атаймыз. Ол – теңдессіз шығарма. Алайда жолбарыс жайлы жазған тағы бір автор – ақын-жазушы Сапарғали Бегалин, «Тайатқан тауынан табылыпты» атты әңгімесінен ұшырастық.
Басында Тайатқан атты тақырыбына бола қызыққанбыз шығармаға. Кенесары ханның қазасынан соң Ағыбай батыр барып тұрақтап, мәңгілік мекеніне айналдырған қасиетті жер. Көл мен шөлдің арасы, Арқа мен Бетпақтың бітісі. Өлім мен өмірдің шекарасы сынды қасиетті қонысты көрген де, көрмеген де арманда. Сапарғали Бегалиннің Ақметі мен Әшімі жолбарыспен бұл жерде кездеспейді, бірақ. Бізге әңгіменің айтар ойы мен нені көксегені маңызды емес, анығы. Негізі ұжымдастыруға байлардың малын тапсыруы туралы, соның есеп-қисабымен жүргендердің сапарын жазғанымен, біз тоқталатын құнды тұсы. – Балқаштың ну қамысында отырып, бір емес, бірнеше жолбарыс соққан Ақмет пен Әшімнің жанқиярлық ерлігі. Шығарманың жаны да осы жерінде тұр, Ақмет пен Әшім ерлігінде. Неге? Себебі халық қазір саяси науқан мен Құдайдың жарық күнін заманауи қалыптауға тырысқан пендеуи жүйеден әбден мезі болған. Жеркенуге айналған десе артық емес. Кітап оқып немесе кино көріп, табиғаттың аясына шығып кететіні сондықтан шығар адам баласының. Әлгіндей сейіл-серуенге неге шығатынын кейде түсінбей, «жұмыстан қажыдым» дей салады. Ал жұмыс деген баяғыдай мал бағып, далада жүру емес қой. Біз оны айтпаймыз. Оған мүлде жуымаймыз. Өйткені қазақтың түбіне жеткен сол жүйе – ұжымдастыру. Пәленің басы содан басталды. Сондықтан біз қарусыз, мылтықсыз-ақ жолбарыс аулаған қазақ өміріне тоқталуға міндеттіміз. Баяғыда теледидар қараған адамдардың көбі ВВС арнасының жануарлар туралы түсірілімдерін тамашалап кете беретін. Біздің де жай соған жетеқабыл, ендеше.
Әңгімедегі Наймантай батырдың жарғағы туралы кейінірек кеңірек тоқталуға тура келеді. Наймантай батыр – атақты Байғозы батырдың әкесі. Демек оқиға тарихта болған. Және жазушы кейіпкері Тәнешке бір жерінде «1929 жыл» деп жазғызып қоятыны бар ғой. Ал жолбарыстың әңгімесі, ол енді туындыдан оқып қана білетін ғажайып. Мүмкін жазушы сол кеңес заманында осындай әңгіме жазу арқылы батыр бабаларымыздың ерлігі мен өмірін тарихқа таңбалап кетейін деген шығар, кім біліпті. Өйткені мұндағы жер атаулары нақты, кісілер де тарихта болған тұлғалар. Мәселен Наймантай батырдан Байғозы туса, Байғозының қызы Қойсана анамыздан Ағыбай батыр туады. Әңгімеде де сондай емеуріндер бар. Әлгі Ақмет пен Әшімге жарғақ әжелерінен мұраға қалған. Ал әжелері Наймантай батырдың шөбересі болып шығады.
Енді жолбарыс жайы. Жалпы, Сапарғали Бегалин қазақ даласындағы аңшылық туралы аз жазбаған. Этнографиясы елең еткізбей қоймайды оқырманды. Аңшылықтың неше түрлі қыр-сырын «тәпсірлеп» шығады былайша айтқанда. Мына әңгімесінде де солай. Ақмет пен Әшім Балқаштың ну қамысында жолбарыспен жекпе-жекке шыққаны тіпті керемет. Мұның бәрін бұрын Мағауиннің «Шақан-Шерісінен» оқып-білсек те, мынаның жөні бөлек. Шөлде отырған үйге қонақ боп түскен Тәнештер жолбарыстың терісін көріп таңданады, алғашында жолбарыс терісі екенін танымаса да. Сонда Ақмет айтты дейді: «Азулы аң (жолбарыс) екені рас. Бірақ адамнан азулы емес», деп. Бұл – сол кездегі дала қазағының сөзі ғана емес, рухы мен айбыны.
«Жолбарыстың өзі соқпа, көшпелі аң» дейді. Сол көшпелі аң әкелерінің айтуынша Балқашқа Іле мен Сырдан ауып келеді екен ғой. Демек әкелері де шері болған. Жолбарыс мекенінде өссең, сол топырақтың ауасымен тыныстап, шөбімен қоректенген малдың етін жеген соң, сенің де рухыңда сонша айбат пен қайрат кездесуі мүмкін. Мына шығарманы оқығанда сондай ойға қаласыз.
Ақмет пен Әшімнің жолбарысқа шыққанда қолдарына ұстаған қаруы – шоқпар ғана. Оны өздері «Бірқағар» дейді екен. «Сыбыс таяна түсті. Байқаймын, жымия басып келе жатқан ірі аңның лебі сезіледі. Бірқағарды кезеніп тұрмын, бұрын мұндай жекпе-жекті көргенім де жоқ. Әкем айтатын, «алдымен буынды бекітіп, жүрек тоқтат. Сонда қапы ұрмайсың, қайратың қолыңа жиылады», деп. Таяқтай мұрттары тарам-тарам болып, алдымен басы көріне берді. Періп кеп жібердім. Етпетінен түскендей болып, ыршып келіп қалды, тырнағы маған ілінбеді. Тағы басын көтере алмады» деген тұстары әңгіменің бергі беті ғана. Ал арғы бетіндегі құзар шыңы мен терең сай, ұңғыл-шұңғылындағы жолбарыстың жымы туралы хикаяттарға еріксіз бас шайқайсыз. Әрі қарай баяндап қажеті жоқ, оқу керек...