• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 01 Ақпан, 2023

«Қаныш» фильмі көрерменге жол тартты

561 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылымның қалыптасуы мен өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын суреттеген телехикаяның толықметражды нұсқасы бүгіннен бастап ел кинотеатрларында прокатқа шығады. «Қаныш» деп аталатын телесериалға Қарсақпайдың тақыр даласында Қ.Сәтбаевтың жанкешті жігерінің арқасында әлемдегі ең қоры мол пайдалы кен орындарының бірінің пайда болу тарихын баяндаған 1926-1934 жылдардың оқиғасы негіз етіп алынған.

Жаңа кинокартина «Қазақстан» ұлт­тық арнасының тапсырысы бойынша 2021 жылы түсірілген «Қаныш. Қазына» атты алты сериялы телетуындының негі­зінде жарық көріп отыр. Ұлтының тағ­дыры үшін алаңдап, білімге үндеп, ғы­лым­ның өзге саласына да бар қажы­рын жұм­сап, қыруар игілікті іс атқарған алып тұлғаның бай әрі бұралаң жолдан тұратын өмірбаяны киноға өз-өзінен сұранып тұр­ғаны бұрыннан айтылып келеді. Бар ғұмырын қазақ жерінің кен байлығын зерттеуге арна­ған ғұламаның басынан кешкен қилы тарихы туған халқының тағ­ды­рына алаңдаған перзенттік махаб­баты мен жанашырлығынан туын­даған. Сондықтан фильмді түсір­ген шығармашылық топ ғылым көшбас­шысын кәсіби тұрғыдан ғана таныс­тырып қоймай, халқының қа­мын ойла­ған терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетеді.

Фильм авторлары Қазақстан ғылы­мы­ның тарихында терең із қалдыр­ған сан қырлы талант иесін тек ғалым ретінде ғана емес, қанатымен су сепкен қарлығаш секілді ашаршылық жылдары ондаған баланы аман алып қалған мейірімі мол адамгершілік қасиетін бас­ты сюжеттің қазығы етіп алған. Өткен ғасырдың ба­сын­дағы ашаршылық пен қуғын-сүр­гін нәубеті қатар жүрген қасіретті кезең­­дегі халықтың рухы фильмде бояма­сыз баяндалады. Сон­дай-ақ біртуар ғалым­ның Алаш қай­рат­керлерімен жақын дос, жолдас бол­ғаны ескеріліп, өмірде болған тарихи тұлғалардың прототиптері фильм кейіпкерлері ретінде көрініс тауып, зұлматты жылдардың шындығын көрсететін сирек деректі кинохроника да сәтті пайдаланылған.

– Бұл фильм арқылы біз халқымыз­дың тарихындағы тұлғалардың биіктігін көрсеткіміз келді. Бүгінгі ұрпақ көшбас­шы аталарына қарап бой түзеп өссе деген ниеттен туды. Білімі мен табанды мінезінің арқасында Қаныш Сәтбаев 27 жасында сол кез үшін ең ірі кен орнын тапты. Ғалым өмірін зерттеп, өмірбаян тарихымен және кәсіби қырымен таныса жүріп, рухының мықтылығына қайран қалдым. Ол отбасында болған қасіретке қарамастан ғылыммен айналысып, өз хал­қына қалтқысыз қызмет етті. Өзінің отбасы, халқы, елі үшін аянбай еңбек ет­кен тұлғалардың өмірі рухтандырмай қой­майды, сол себепті халқымыздың тари­хындағы мықты тұлғаларды үлгі етіп көр­сетуді мақсат тұттым, – дейді фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Ерлан Нұрмұхамбет.

Фильм продюсерлерінің бірі Айгүл Байбек те «Қаныш» картинасының телесериал нұсқасымен салыстырған­да едәуір айырмашылыққа ие екенін атап өтті. Түсірілім алаңын декорациялауда өте үлкен жұмыс атқарылған. Студия павильон­дарында ғалым өмір сүрген уақыт­пен үндес декорация, кабинеттер, пәтер­лер, зертхана­лар жасақталған. Фильм Астана мен Алматы қалаларын­да, Алматы және Қарағанды облыстарында, Баян­ауылдағы Теңдік поселкесінде түсі­рілген. Қарсақпай ауылындағы сол кезең­ге тиесілі ғимараттарды уақытқа икемде­ліп қайта жөндеуден өткізілсе, Керегетас аумағында киізүйлер тігіліп, Қаныштың жастық шағындағы қажетті реквизиттер жеткізілген.

– Кинокартинаны жарыққа шы­ғар­мас бұрын жоба авторлары ғалым­ның туыстарымен жүздесіп, барлық қаныш­танушымен әңгімелесіп, ке­ңе­сін тың­даған. Белгілі жазушы Ме­деу Сәрсекенің Қаныш туралы жа­зыл­ған романы сценарий желісінің негізі етіп алынған. «Қаныш аға туралы фильм баяғыда түсірілу керек еді. Ештен кеш жақсы. Бағасын кө­рермен берер. Өз басым шығарманың жа­рыққа шыққанына қуанып тұрмын. Қаныш ағаның тағдыры, оның өмір жолы, еңбектері біздің ұлтымыз үшін әрқашан үлгі болып қала береді, – деді «Қазақтың Қанышын» жазған Медеу Сәрсеке.

Қаныш Сәтбаев құрған Қазақстан Ғылым академиясында 1967 жылдан бас­тап жұмыс істеп, бүгінде академик архи­вінің жетекшісі болып отырған Надежда Ниретина да фильм авторларына көп көмегін берген.

Фильмде басты рөлде Әсет Есжан, Анна Оразбаева, Айдос Әуесбаев және Максим Горбанев ойнайды. Жоба жұмы­сына театр және кино актерлері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындары мен музыка училищелерінің студенттері қатысқан 300-ге жуық адам тартылған.

«Қаныш» фильмі қазірдің өзінде шетелдік киногерлердің бағасын алып, бірнеше халықаралық жүлдеге ие болды. Өткен жылдың желтоқсан айында Буэнос-Айресте өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінің «Үздік фильмі» атанса, биылғы қаңтар айында Үндістанның «Athvikvaruni Inter­national Filme Festival» халықаралық кино­фестивалінің үш аталымы бойынша жүл­десін жеңіп алды.

 

АЛМАТЫ