Алматыда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасы жанындағы Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі консультативтік комитеттің көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібінде талқыға түскен мәселелер – одаққа мүше «бестік елдердің» өндірушілері мен жеткізушілерінің мемлекеттік сатып алуларға тең қолжетімділігі, мемлекеттік сатып алу бойынша банктік кепілдіктерді өзара тану, сатып алу процесін толық цифрландыру мақсатында ЕЭК заңнамасын әзірлеу, сатып алудағы ұлттық режімнің жұмыс істеу принциптерін жетілдіру.
Осыған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі тауарлар ЕАЭО-да өндірілген болып есептелетін және Одақ мемлекеттерінде тағы 55 тауар позициясы бойынша мемлекеттік сатып алуға жіберілетін өндіріс шарттарын бекіткені туралы жазғанбыз. «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін жекелеген тауар түрлерінің шығарылған елді айқындау қағидаларына» №1 қосымшаға тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өнімдерге аэродром тракторлары, 3D принтерлер, микрофондар, дауыс зорайтқыштар, телефондар, дыбыстық жүйелер, құрылғылар мен компьютерлік қуат көздеріне арналған тізбектер, сканерлер, биометриялық жүйелер, жарық диодтары, талшықты-оптикалық кабельдер, тыныс алу аппараттары және басқа да өнімдер кіреді. Жалпы, енгізілген өзгерістер бес саланы қамтыды: станок жасау, арнайы машина жасау, медициналық мақсаттағы бұйымдар, музыкалық аспаптар өндірісі, сондай-ақ аудиотехника, электроника және радиоэлектроника. Барлық шарт пен өндірістік операция ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен және бизнесімен келісілген.
ЕЭК Кеңесі тұсқағаз өндірісінің илемделген поливинилхлоридіне арналған кедендік әкелу бажының ставкасын қоса алғанда 2024 жылғы 29 ақпанға дейін уақытша нөлге түсіру туралы шешім қабылдады.
ЕАЭО карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесі зиянды организмнің жаңа түрімен толықтырылды, тұқымдық және отырғызатын материал аталған карантиндік объектіден бос болуға тиіс екені туралы талап белгіленді.
ЕЭК Кеңесі осыған дейін Сәйкестікті бағалаудың типтік схемаларына өзгерістерді бекіткен еді. Бұл шешім осы салада ұйымдастырушылық-өкім етушілік сипатында жақсарту үшін жағдайлар жасайды. Олар Одақтың сәйкестікті бағалау туралы құжаттарына (сертификаттары мен декларацияларына) заңды тұлғаның атауы немесе дара кәсіпкердің тегі мен аты-жөні өзгерген кезде, сондай-ақ өндірістің нақтылы орны өзгермеген жағдайда өнім өндірілетін жердің мекенжайының жекелеген деректемелері өзгерген кезде (сөз қала, көше атауының өзгеруі, пошта индексінің, үй нөмірінің өзгеруі туралы болып отыр) ұтымды түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ЕАЭО елдерінің іс басындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерінің жұмысын жеңілдетеді.
ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ЕЭК Кеңесінің шешімі Одақ елдері өндірушілерінің бір-бірінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
«Қабылданған шарттар мен технологиялық операциялар одақ мемлекеттерінде құрылған қуаттарды өндіріс процесінде барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл импортты алмастыру және өндірісті көшіру жағдайында маңызды», деп түсіндірді министр.
Б.Сұлтанов айтып өткендей, жиынның өзекті мәселелері мен басымдықтары – мемлекеттік сатып алу саласындағы цифрландыру, одақ заңнамасын жетілдіру мәселелерін шешу, атап айтқанда, банктік кепілдіктер мен электронды цифрлық қолтаңбаны өзара тану.
«Біз күні бүгінге дейін бірқатар мәселе бойынша ымыраға келетін шешімдерді талқыладық. Бұл келісімге келе алмай жатқан мәселелердің алға жылжуына мүмкіндік береді», деді Б.Сұлтанов.
Беларусь монополияға қарсы реттеу және сауда министрінің орынбасары Андрей Картун банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге қол қою мәреге жақындап қалғанын, бірқатар мәселе тағы да талқылауды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе Беларусь банктері мен субъектілері үшін ішінара шешілген. Бүгінде жеті беларусь банкі Ресей нарығына банктік кепілдіктер береді.
Армения біржақты тәртіпте ЕАЭО елдерінің банктік кепілдіктерін қабылдауды бастап кетіпті. Армения Қаржы министрінің орынбасары Аваг Аванесян одаққа мүше елдердің орталық банктерінің лицензиялары Армения үшін жарамды деді. «Бізге одаққа мүше елдердің ортақ шешімге келгені тиімді. Сол кезде ғана ЕЭК кеңістігінде мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыптастыра аламыз», деп атап өтті ол.
АЛМАТЫ