• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Форум 05 Ақпан, 2023

Технологиялық ақыл-ой форумы: Ортақ энергетика нарығының мәселелері пысықталды

212 рет
көрсетілді

Алма­тыда «Digital Almaty» бесінші халық­аралық технологиялық форумы аяқталды. Форум бағдарламасы 29 панельдік сессия­ны қамтыды, оған халықаралық және қазақстандық IT-қауым­дастық өкілдерінің 150-ден аса спикері қатысты. 1 ақпан­дағы дерек бойынша фо­румға 17 мың­нан аса келуші тір­кел­ген. Іс-шараның екінші күні ЕАЭО-ға мүше елдердің үкімет бас­шы­лары­ның қатысуымен пленарлық отырыстар ашық есік жағдайында да, жабық есіктің ар жағында да жалғасты.

Ресми түрде мерекелік форум деп баға берілген бұл жиынға Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян, Беларусь үкіметінің басшысы Роман Головченко, Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғызстан үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин және Өзбекстан үкіметінің басшысы Абдулла Арипов қатысты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов құттықтау сөзінде Қазақстан Үкіметі жыл сайын еліміздің ІЖӨ-дегі жаңа технологиялардың үлесін ұлғайту үшін барлық қажетті шараны іске асырып жатқанын атап өтті. Олардың бәрі цифрлық трансформацияға, ІТ саласына қолайлы жағдай жасауға және адами капиталды дамытуға қатысты. ЕАЭО елдерінің ІТ-нарықтарын дамытуға мультипликативтік әсер беру үшін сенімді платформа қажет екені Премьер-министр назарынан тыс қалмады. Сонымен қатар ол «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры бүгінде Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары мен IT-нарығын біріктіретін экожүйе құрғанына тоқталды. Қор іске кіріскен жылдардан бастап Индустрия 4.0, геология, металлургия және тағы басқа да жобаларды қаржыландырған. Қазақ Премьері Үкіметтің мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government сапалы жаңа тұжырымдамасына көшіп жатқанын айтып өтті. Онда мемлекеттік саясат адамның және оның қажеттіліктері мен мүдделерін ескереді. «Бұл – қызмет көрсетудің мультиплатформалық қағидаты. Мемлекет «тар жер» үлгісі­нен алыстап, бизнеске мемлекеттік қыз­меттерді өз платформалары мен цифрлық экожүйелеріне интеграциялауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің пайдасы зор», деді Премьер-министр.

Ә.Смайылов байланыстың қолже­тім­ділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ трансшекаралық электрондық құжат айналымын дамыту тақырыптарына тоқталды, логистикалық компаниялар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан электронды көлік құжаттарына көшу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Мұндай тәжірибені ЕАЭО аумағында енгізуге мүмкіндік бар. Атап айтқанда, барлық шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматқа ауыстыруға болады. «Қағазбастылықты алып тастау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, өзара сауданың ашықтығын арттырады және ең бастысы, бизнеске шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, ЕАЭО елдерінің өзара сауда саласындағы электронды іс-әрекетін дамыту тағы бір маңызды тақырып болып қала береді. ЕАЭО кеңістігінде ортақ энергетикалық нарық құру туралы мәселе 2022 жылғы 20-21 қазанда Армения астанасында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында жан-жақты пысықталды. Премьер-министрдің айтуынша, ортақ қаржы және энергетикалық нарықтардың жұмысының құқықтық базасын қалыптастыру керек. Бұл бағыттар елдеріміздің өзара іс-қимылының маңызды салалары болып қала береді. Осы мәселеге қайыра соққан Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин энергетикалық нарықты реформалау еуразиялық интеграцияны дамытатынын тағы да еске түсіру қажет деп санайды.

«Ортақ энергетикалық нарықтарды қалыптастыру бойынша ұстанымдардың жақындасуы маңызды. Біз мұны еура­зиялық интеграцияны дамытудың негізгі элементі деп санаймыз. Әсіресе қазір – жаһандық турбуленттілік аясында көптеген ел энергия ресурсының тап­шылығына ұшыраған кезде. Біз мүше мемлекеттердің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге мүдделер тепе-теңдігіне негізделген дос елдерге көмектесе аламыз», деп атап өтті М.Мишустин.

Ресей Премьер-министрі электр энергиясын жеткізу қызметіне қолжетімділік ережелері бекітілгенін атап өтті. Бұл ереже ЕАЭО шеңберінде электр энергиясын саудалау кезінде ортақ нарыққа қатысушылардың мемлекетаралық электр энергиясын тасымалдау кезінде жалпыға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ М.Мишустин одаққа мүше елдердің экономикасын цифрландыру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын да айтып өтті. Бұл бағытқа басымдық беру бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, сыртқы экономикалық ортада қажетсіз бюрократияның жолын кеседі.

«Бұл мәселе бойынша халықаралық цифрлық форумда пікір алмастық. Үкімет­аралық кеңес отырысы барысында одақ­тың интеграцияланған ақпараттық жүйесі бойынша осындай жұмысты жандандыру туралы келісімге келдік. Еуразиялық экономикалық одақ елдерін өндіріске озық технологияларды енгізу үшін күш біріктіруі маңызды. Қазір жаңа міндеттер алға шығып отыр: алдағы ынты­мақ­тастықтың контурын белгілеу үшін тез және қазірдің өзінде жауап беру керек», деді ол.

Ресей Премьер-министрі Еуразиялық комиссия тиісті жұмыстарды ұйым­дас­тыруы керек деп есептейді. Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінің технологиялық әлеуетін ашуға тезірек берік негіз қалау үшін экономиканың жетекші салаларына озық ғылыми-техникалық шешімдерді енгізуде күш біріктіру маңызды. Мұндай бірлескен жұмыстарды министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен сарапшылар қауымдастығы арқылы да жүргізу керек. М.Мишустин цифрлық бағыттағы интеграция тақырыбына басымдық берді. Алдағы міндеттердің бірі технологиялық тәуелсіздік екенін айтты. Цифрлық трансформация ортақ қағидаттарға негізделген өз технологияларымызды қолдану арқылы жүру керектігін, мұндай тәсілдерді бірлесе әзірлеп, Еуразиялық үкіметаралық кеңес деңгейінде қабылдау қажеттігін ескертуді ұмытпады.

«Біз әріптестерімізді ЕАЭО интегра­цияланған ақпараттық жүйесі аясында өзара іс-қимылды белсенді дамытуға, осы бірыңғай платформада уәкілетті ведомстволар арасында ақпарат алмасуды жолға қоюға шақырамыз. Әртүрлі салада ортақ цифрлық шешімдерді енгізу өте маңызды. Бұл жобаларды іске қосуды кейінге қалдырмау туралы тиісті министрліктерге тапсырма беріп қойдық», деп атап өтті Ресей Премьер-министрі.

Цифрлық, технологиялық дербестік мәселесінің РФ Премьер-министрі тарапынан айтылғаны жиынға қатысып отырған өзге премьер-министрлерді толқытып жібергенін монитордың арғы жағынан бақылап отырған біз де байқап қалдық. Цифрлық форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Беларусь Премьер-министрі Роман Головченконың айтуынша, ЕАЭО елдері цифрлық дамуда өздерінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жа­сауы, ЕАЭО елдерінің жетістіктері мен ғылыми әлеуетін жинақтап, өздерінің әзірлемелеріне, технологияларына және инфрақұрылымдарына негізделген жаңа «цифрлық шындыққа» өз шарттарына көшуді қамтамасыз ету қажет. Жасанды интеллект технологияларына, үлкен деректерге, роботтехникаға, виртуалды және толықтырылған шындыққа негізделген жаңа өндірістік процестерді, материалдар мен жабдықтарды құру маңызды. «Форум алаңы іскерлік және сарапшылық топтарға, ЕАЭО елдерінің мемлекеттік секторының өкілдеріне еуразиялық цифрлық нарықты құру мәселелерін талқылауға және өңірлік цифрлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін шешу тәсілдерін бірлесіп әзірлеуге жақсы мүмкіндік береді», деді Р.Головченко.

Осыған дейінгі өткен III-IV форумдарда цифрлық тәуелсіздік мәселесін Никол Пашинян жиі айтатын, осы мәселені пысықтамасақ, түсінбестік осы тұстан басталатынын ескертетін. Армения Премьер-министрі осы жолы Еуразиялық одақтың технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін одақтың жоғары технологиялық салаларға қолдау көрсетуін жеделдету қажеттігін мәлімдеді. Ол ЕАЭО елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржылық қолдау туралы актілерді ертерек қабылдаудың маңыз­дылығын атап өтті. Оның пікіріне қарағанда, бұл өнеркәсіпшілердің күш-жігерін машина жасау, радиоэлектроника, ұшақ жасау, фармацевтика салаларына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа технологиялық тәртіпке көшу кезінде маңыздырақ. Н.Пашинян айтып өткендей, жаһандық үдеріске ілесу үшін жоғары технологиялардың келешегі зор тенденцияларын болжау жүйесін құру, оның ішінде ең үздік қолжетімді технологиялардың деректер базасын құру қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі үшін де ұжымдық ақпараттық жүйе қажет. Мұндай жүйе қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, азық-түлік инфляция­сын тежеуге мүмкіндік береді.

Цифрлық әлемге енбеген тілдер жазу таңбасы жоқ болғандықтан жоғалып кеткен тілдердің тағдырына тап болады.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзін дайындауға ChatGPT жасанды интеллекті араласқанын, жасанды интеллект жақын арада денсаулық сақтау, білім беру және басқа да маңызды салаларда төңкеріс жасайтынын атап өтті.

«Британдық ғалымдар жасанды интеллект арқылы 30 күн ішінде бауыр обырын емдеудің ықтимал әдісін таба алды деген хабар тарады. Денсаулық сақтауда жасанды интеллект алгоритмдері ауруларды ерте диагностикалауға, емдеуді жоспарлауға және дәрі-дәрмектерді жасауға көмектеседі. ChatGPT қазірдің өзінде мектептерге емтихандарды сәтті тапсырып, онлайн сұхбаттан өтіп, жұмыс тауып жатыр. Менің бүгінгі сөзімде ішінара жасанды интеллектің көмегімен жасалды», деп атап өтті А.Жапаров.

Бюджет қаржысына өтетін кез келген іс-шаралардың мемлекеттік тілде өтуін талап ететін норманы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізу керек.

А.Жапаровтың осыған дейін «Алиса мен Siri жасанды интелектері қырғыз-қазақ тілдерінде сөйлемейді», деген пікірі бізге де жеткен. Оның айтуынша, цифрлық әлемге енбеген тілдер жазу таңбасы жоқ болғандықтан жоғалып кеткен тілдердің тағдырына тап болады. Қырғыз премьері ЕАЭО-ға мүше елдер бас қосқан жиын мінберінен осы пікірді қайталап айтқанда, іштен тына күрсінген қазақ тілді журналистердің демі сезілді. Осымен бесінші рет өтіп жатқан форумда мемлекеттің тілдің қолданыс аясының қандай деңгейде болғанын білеміз. Бағдат Мусин мырза бастаған министрлік мемлекеттік тілді дамыту және қолдау ісіне соншалықты мән бере қоймайтынын биыл да аңғартып қойды. Тіпті қарапайым форумда мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ете алмағанын көрдік.

Форумға Ресейдің «Ивентишес» компаниясы ақпараттық-технологиялық қолдау көрсетті деген пікір алғашқы күні тарап кетті. Аталған компанияның сайтында халықаралық деңгейде өтетін форумдарды ақпараттық-технологиялық жарақтандыру қызметін көрсететіні айтылған. Демек форумды өткізуге жұмсалған қаражаттың қомақты бір бөлігі ресейлік компанияның қалтасында кетті. Осы жиынға қатысқан қазақстандық IT мамандары мұндай жиындарды цифр­лы технологиямен жабдықтандыруға өзіміздің де мүмкіндігіміз жететінін айтады. Демек бюджет қаржысына өтетін кез келген іс-шаралардың мемлекеттік тілде өтуін талап ететін норманы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізу керек.

Өзбекстан үкіметінің басшысы Абдулла Арипов Алматыда өткен үкімет­аралық кеңес жұмысына бақылаушы ретінде қатысты. Өзбек жағының ЕЭК ауылын сырттай зерделеп жүретіні осыған дейін айтылған. Өткен жылдың 30 тамыз күні ЕЭК пен Өзбекстан үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 2-отырысы барысында Еуразиялық экономикалық одақ пен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды қарышты дамыту жөніндегі ұсыныстар жобасы айтылған. Бұл жиын ЕЭК штаб-пәтерінде Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидовтің тең төрағалығымен өткен. Кеңес жұмысына бақылаушы ел деңгейінде қатысып отырған А.Арипов өнеркәсіптік кооперацияда, әсіресе, автомобиль өнеркәсібінде оң тәжірибе жинақталғанын атап өтті. Мұнай-газ, химия, энергетика, металлургия және басқа да салалардағы перспективалық жобаларды зерделеу басталды.

«Ауыл шаруашылығы мен көлік-ло­гистикалық сектордағы, әсіресе жаңа көлік дәліздерін дамытудағы тығыз ын­тымақтастықты бөлек атап өту қажет. Біз сондай-ақ бауырлас халықтарымыз ара­сындағы ынтымақтастық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік беретін елдері­міздің өңірлері арасындағы тікелей байла­ныстарды жоғары бағалаймыз», деп атап өтті Өзбекстанның Премьер-министрі.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің көлік, авиациялық құрылыс және агротехникалық салаларға қатысты бірқатар ірі бірлескен жобасына қатысқаны осыған дейін хабарланған. ЕЭК ресми өкілі Ия Малкинаның айтуынша. өнеркәсіптік кооперация жобаларын жеңілдетілген қаржыландырудың әзір­ленген жаңа форматы 2024 жылдан бастап жұмыс істей бастауы керек еді. «Бұл – мемлекет пен үкімет басшыларының қолдауына ие болған өте жаңашыл ұсыныстар. Біз барлық мүше-мемлекет ұсынатын бастамалар бойынша өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде қазақстандық тараптың бастамалары да бар», деді Ия Малкина.

Сондай-ақ ол Қазақстанның қаты­суымен өнеркәсіптік кооперацияның нақты жобалары туралы да айтты. 2022 жылы «Азаматтық авиация өнеркәсібі» жаңа технологиялық платформасы іске қосылыпты. Оның тең құрылтайшысы қазақстандық «Қазақстан авиация өнеркәсібі» компаниясы болды. Сонымен қатар ЕЭК күн тәртібінде Қазақстанның қатысуымен жүзеге асырылуға тиіс басқа да кооперативтік жобалар бар. «Атап айтқанда, Қазақстан агроинновациялық корпорациясының ауыл шаруашылығы техникасының өнеркәсіптік өндірісін кеңейту. Бұл жоба Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасының қатысуымен жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Қостанай трактор зауыты» серіктестігінің «Кировец» маркалы энергияға қаныққан тракторларының өнеркәсіптік өндірісін кеңейту жобалары туралы айтқым келіп отыр. Тыңайтқыштар өндірісін жолға қою мәселесі қарастырылуда. Бұл жобаның қатысушылары Қырғызстан мен Ресей Федерациясы болуы әбден мүмкін», деп түйіндеді сөзін Ия Малкина.

Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мәселесі одақтық келісімнен туындап отыр. 2018 жылы қазан айында ЕАЭО кеңістігінде Қаржы нарығындағы заңна­маларды унификациялау туралы келісімге Ереванда қол қойылды. 2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ортақ қаржы нарығын құрады. Содан бері осы одақта ортақ валюта туралы мәселені Ресей сарапшылары жиірек айтып жүр.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссияның күн тәртібінде бұл мәселенің талқыланбайтынын айтты. «Біздің барлық негізгі құжаттарымызда бұл талқыланбайды. Біз тек қаржы нары­ғындағы заңнаманы үйлестіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы аясында бірыңғай валютаны енгізу мәселесі қарастырылмаған», деді Б.Сағынтаев.

Оның айтуынша, ортақ қаржы нарығы банк, биржа және сақтандыру салаларында біркелкі ережелерді қалыптастыруды білдіреді. Жұмыс 2012 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия құрылғаннан бері жүргізіліп келеді.

«Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мәселесі одақтық келісімнен туындап отыр, соған сәйкес біз 2025 жылға дейін ЕАЭО елдерінің ортақ қаржы нары­ғын қа­лыптастыруымыз керек», деді Б.Сағын­таев.

Аталған шешім аясында мүше мемле­кеттердің қаржы нарығындағы (банк­тер, бағалы қағаздар, сақтандыру нарығы) заңнамасын үйлестіру бойынша келі­сімдер қабылдануға тиіс. Еуразиялық экономикалық одақты құрудың 2019 жылғы тұжырымдамасы да – күшінде. Келісімге сәйкес 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінің ұлттықтан жоғары қаржылық реттеушісі құрылуға тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссияның хабарлауынша, Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысының қорытындысы шығарылды. Бұл ЕАЭО-да тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі мақұлданған ұсыныстарды қамтиды.

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша электр энергиясын берудің мемлекетаралық қызметтеріне қол жеткізу ережелері бекітілді. Бұл мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру мәселелері бойынша ережеге өзгерістер енгізуді қамтиды. Сондай-ақ «Еуразиялық Агроэкспресс» бірлескен жобасы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бойынша тасымалдауды қамту мәселелері, ЕАЭО кеңістігінде интеграцияланған ақпараттық жүйені қалыптастыру, индикативті баланстары жасалатын тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізу де осы жолғы келісімдер тізбесінен орын алды.

Еуразиялық экономикалық комиссия мен ТМД Атқару комитеті ынты­мақ­тастықты тереңдету жөніндегі меморандумды жүзеге асыру бойынша 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.

 

АЛМАТЫ