Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобасының мақсаты - Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды жою.
Құжат мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
Атап айтқанда, мұғалімдер мен мектеп директорларының еңбегіне ақы төлеу жүйесін Үкімет емес, министрлік айқындайды.
Педагогпен еңбек шартын жасасудың нақты мерзімі (кемінде 1 жыл) оны ұзарту еселерінің санын шектемей белгіленеді. Еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе белгіленген мерзімге кемінде бір жылға ұзартуға құқылы.
Сонымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін бауырлары мен апа-сіңлілерін, оның ішінде туған және асырап алған кәмелетке толмаған балаларды қоспағанда, төрт баладан аспайтын бала тәрбиелеуге қабылдаған отбасына «патронаттық кәсіптік отбасы» санаты енгізіледі.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің жекелеген жаңа бабында атасының, әжесінің, бауырларының, әпкелерінің және басқа да туыстарының баласымен қарым-қатынас жасау құқығы регламенттеледі.
Сондай-ақ баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру мәселелері Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен шешіледі.
Балаларды асырап алушы кәсіби отбасына беру туралы шартта баланы орналастыру мерзімі (шұғыл, қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) айқындалатын болады.
Ведомствода атап өтілгендей, заң жобасын қабылдау салалық заңның мемлекеттің өзекті мүдделеріне, қоғамның сұраныстарына және білім беру мен бала құқықтарын қорғау саласын дамытудың заманауи үрдістеріне сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Құжат 24 ақпанға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.