Өз заманынан озып туған, белгілі бір шеңберге сыймайтын таланттардың тағдыры аумалы-төкпелі қоғаммен тайталасып жатады. Мың дауыстың ішінде шындығын айтқан бір дауыс мәңгілікке ұласатындай зарлы шығады. Ал Крыловтың даусы шегіртке болып шырылдады, аң-құс болып қимылдады. Адамдардың әділетсіздігін, озбырлығын, қараңғылығын бақа-шаянның тілімен сөйлетті.
Сол Крылов 1782 жылы 13 жасында Петербургке келеді. Халыққа әйгілі Радищев, Фонвизин, Новиковтермен кездеседі. Солардың соңынан ере шыққан жас талант театрмен әуестенеді. Сол уақытта Петербург сахнасында Фонвизиннің «Недорослі», Княжнин, Сумароков, Аблесиновтардың комедиялары жүріп жатты. Кейін Крыловтың «Кофейница» атты комедиялық операсы сахнаға шықты. «Филомела» мен «Клеопатра» деген көне грек өмірінен алынған екі трагедиясын ресми цензураның сүзгісінен өтпей, тартпада қалды. Мұндай әділетсіздіктен соң Крылов қалай шыдасын, театрға жазған бар жиған-тергенін жинап, мысал жанрына үзілді-кесілді көшті де кетті.
Крыловтың бар талантының бағасын орыс әдебиеті көтеріп тұр. Қаншама дүлдүл жазушылар осы Крылов ақсақалдың күпісінен шықты. Пушкин, Гоголь, Салтыков-Щедрин, тағысын тағылар. Демократиялық идеяны жақтап, теңсіздікке, әділетсіздікке қарсы қамшы басқан орыс халқының тұңғыш ұлы да осы Крылов.
Сиықсыз сұмпайы тіршілікті көре тұра үндей алмау да азап. Жан азабы. Десе де үңірейе қараған мылтыққа көрнеу қарсы тұру – ессіздік. Ал Крылов ессіз өлімге жығылмады, кезелген мылтыққа мысалмен жауап берді.
Жалпы, тап қоғамы туғаннан бері мысал жанры еріп келе жатқандай. Мысалдап айтудың, өз пікірін ашық айта алмай, мәймөңкелеп, әдемілеп берудің үздік үлгілері өткен заманадан сегіз жүз, алты жүз жыл бұрын көне грек елінде болыпты. Мәселен, ұлты грек, өзі италия тілінде жазып, Италия ақыны атанған мысалшыл Федр: «Енді, осы мысал деген нәрсенің қайдан шыққанын қысқаша баяндап кетейінші. Айтарын қаймығып айта алмаған, батылы барып өз сезімін ақтара алмаған езілген құлдық дәуірі еді, сондықтан күлкі-келемежді жамылып, олар (құлдар) осылайша мысалдап сөйлеуді шығарды», дейді.
Бұдан бұрын ауызша айтылған мысалдар бертін келе жазба әдебиет шығармаларына кіре бастады. Бұл мысалдарды ең әуелі Гесиод поэмасынан, Архилог ямбаларынан, Аристофан комедияларынан, Геродот тарихынан, сопылар мен сократшылардың философиялық сөздерінен ұшыратамыз.
Қазақта да уақ мысалдар толып жатыр. Соның біреуінде: шаңырақта асулы тұрған етке аузы жетпей мысықтың мысы құриды, сонда: «өзі жасық, исі сасық сол етті кім жесін!» деп менсінбей жүріп кетеді. Ежелгі грек, көне латын елдерінде «түлкі мен жүзім» атты мысал бар. Сонда биік ағаштың басында өскен жүзімге түлкінің бойы жетпейді, бірақ өзінің мешелдігін білдіргісі келмей, жүзімді қомсынады: «Әй қойшы соны, әлі жетіліп піспеген, көк екен» деп тайып тұрады. Мұны Крылов та жазды. Оның мысалдары 1825 жылы француз тіліне аударылды. Осы жинақты Парижде бастырған граф Орлов екен. Ал аударған француз жазушылары – Дарь, Эньян, Жансуль, Арно, Суме, Стассар, Сегюр және басқа да италиян авторлар қатысқан. Алғысөзін французша Лемонте, италиянша Сальфи жазған. Осы Лемонте Крылов французшадан басқа шет тілін білмейді деп жазады. Пушкин оны шіп-шикі өтірік дейді. Крылов негізгі Еуропа тілдерін түгел білген, ал елуге келгенде көне грек тілін де үйреніп алған. Тіпті Еуропа тіліне тұңғыш тәржімалаған осы Крылов емес пе?!
Ал қазақ оқырманына Крыловты алғаш алып келген Ыбырай Алтынсарин, кейін 1898 жылдары Абай да «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлыбай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз» атты мысалдарын аударды. Бұл дәстүрді Ахмет Баржақсин, Есет Өтетілеуов, Спандияр Көбеевтер жалғастырды. Әрине, әркім қадари-халінше аударды, жеткен жеріне жығылды.
Қарап отырсақ, Крылов әр халыққа түрлі мақсатта ой салыпты. Мәселен, Абай «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын аударғанда өзінің көшпелі елін отырықшылыққа үйретуге талпынады. Осы мысалдағы «Құмырсқа» бейнесінде поселке болып, қысы-жаздай еңбек етіп жүрген орыс крестьяндары айтылады да, «шегіртке» – көшпелі қазақ кейпінде көрініс береді. Сонда алажаздай көшіп-қонып, «рахатқа» батып, серуендеп жүрген қазақтар, қылышын сүйретіп қыс келгенде селкілдеп, дірілдеп, ауылға келеді.
Қарағым, жылыт тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра! –
деп үздіге өтінеді. Сонда отырықшы орыс:
Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа,
Алажаздай қылмап па ең?»
дегенде:
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
деп шегіртке сылтауратады.
Тарихты парақтасақ, Крыловтан бұрын талай мысалшыл ақындар болды: А.Сумароков, В.Майков, И.Хемницер. Аудармашы Сәйділ Талжанов Крылов туралы жазған мақаласында ақынның ауыз әдебиетінен, мақал-мәтелдерінен, нақыл сөздерінен көп нәр алғанын, ал бертін келе сол ауыз әдебиетіне өзі де мол үлес қосқанын айтады. «Крыловтың мысалдарында кездесетін жәндіктер мен хайуанаттар, құстар, бақа-шаян – бәрі де өздеріне лайық қимылдар жасап, қаз қалпында қарым-қатынас істейді, ендеше ол, оқырманды еріксіз нандырады. Ақымақ аю, мына мекер түлкіге мүлде ұқсамайды, өзіне ғана лайық сөздерді сөйлейді. Крыловтың үлгілі дана ақындығы да өмірді сонша жетік білуінен көрінеді», деп жазады автор. Сондай-ақ ол мақаласында Пушкин өзінің «Капитан қызы» повесіндегі «Қапитан Миронов» образын осы Иван Андреевич Крыловтың туған әкесі – капитан Андрей Петрович Крыловтың бейнесінен алған сияқты дейді.
Осы жұрт мысалдап айтқаннан гөрі тура айтылған сөзді тез түсінеді, ал күлкі-келемежді ұғыну үшін де белгілі бір деңгейде ішкі мәдениет керек. Мұны Белинский де айтқан. Қазақ сатирасына қалам сілтеген талантты авторларды білеміз. Оның бәрі өз дәуірінің меншігінде қалды. Ал қазір сатиралық шығармалар тіпті жазылмауға айналды. Бұл да бір уақытша тоқырау кезеңі болар дейміз.