• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Ақпан, 2023

Ахмет Жұбановтан бата алған дарын

874 рет
көрсетілді

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының құрметті профессоры, дирижер, композитор Қайырғали Қожанбаевтың 85 жылдығы аталып өтті. Жарты ғасырдан аса ғұмырын Ақтөбе өңірінің мәдениетін дамытуға, музыка мамандарын тәрбиелеуге арнаған, бойына бекзаттық пен дегдарлықтың үлгісін тоғыстырған Қайырғали Үсенбайұлы туралы академик-композитор Ахмет Жұбановтан артық баға берген маман жоқ.

Өтелген борыш

Қазақ музыка мәдениетінің ірі қай­раткері «Ән-күй сапары» кітабында консерваторияның жоғары курсында оқитын студентіне: «Дирижерлік техника, аппарат жағынан ол өз алдына ерекше тұрған жас. Қайырғали – шебер домбырашы, ойлы музыкант. Ол орындаған М.Қойшыбаевтың «Қазақстаны» да – тыңдаушыларға белгілі шығарма. Ком­позицияға домбыра, оркестр арқылы кел­ген М.Қойшыбаев Құрманғазы ор­кестрінің табиғатын терең түсінеді. Сон­дықтан да оның «Қазақстаны» да дәс­түрдегі күйдің әуені салған жерден жарқ ете қалады. Шығарма басынан аяғына дейін жарқын кейіпте, қайта туған қазақ елінің осы кездегі бақытты шағына бағытталған шаттық әуенде орындалады. Қайырғали осы бір түйінді дұрыс ұғыпты. Көпшіліктің құлағына әбден сіңген Бизе «Карменінің» кіріспесі мен төртінші антрактасы бұл оркестрден үлкен ұқыптылық тіледі. Жас дирижер бұл қиын асқардан да бірде тік басып, бірде бұлтарып өтті. Қайырға­ли Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Серперін», Динаның «Он алтыншы жылын» орындады. Тыңдаушылардың «Сарыарқаны» ойнатпай, оркестрді түп етегінен алып жібермеуі – баяғыдан келе жатқан көрініс. Соның үшін де «Сары­арқаны» бабына келтіріп орындау – үлкен көркемдік борыш. Қайырғали ол борышты әдемі өтеді», деп баға береді. Алайда қазақ музыка өнерінің майталмандарынан білім алып, үлкен сахнада өнердің биік шыңдарын бағындырмақ­шы болған талантты студенттің өмір жолы Ақтөбеге бұрылды. 1964 жылы Ақтөбеде халық аспаптары ансамблін ұйымдастырмақшы болған облыстық филармония директоры Тұрдыбек Оспа­нов (марқұм спикер Марат Оспанов­тың әкесі) пен көркемдік жетекшісі Мұхтар Жалғасов Алматыға дирижер іздеп келіп, Қайырғали Қожанбаевқа таңдау жасай­ды. Сол жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік кон­сер­ваториясының ха­лық аспаптар факуль­тетін бітіріп, Қазақ радио­сының музыка редакциясында еңбек жолын бастаған жас маман алыс облысқа жол тартқанымен, ансамбль сол жылы ашыл­май қалды. Консерватория түлегі Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқытушылық жұмысқа орналасты. 1966 жылы филармония жанынан екі жыл күткен 35 адамдық оркестр құрылды. Қайырғали Қожанбаев ел ішінен дарынды әнші-музыканттарды жинауға кірісті. «Бірақ жарты жылға жетпей-ақ тарауға мәжбүр болдық. Ең аяғы өкіметтің оркестр қажеті үшін бөлген қаржысын да ала алмадық», дейді композитор сол жыл­­дарды ренішпен еске алып. Шы­ғар­машылық пен ұстаздықты қатар алып жүрген Қайырғали Үсенбайұлы 1971 жылы ашылған Ақтөбе музыка учи­лищесінің директоры болып таға­йын­далды. Осы оқу орнын 18 жыл бас­қарып, шығармашылық пен білім қатар ұштасқан КСРО-дағы таңдаулы орта оқу орындарының қатарына қосты. Бұл кісі әрі ұстаз, әрі ұйымдастырушы, әрі композитор, әрі дирижер, әрі күй­шілігін өмір бойы қатар ұстап келе жатыр. 1978 жылы «Әлия гүлі» ән-би ансам­блін құрды. Қай кезде де жос­пардағы жобаның орайынан келуі бас­шының шын талантты тани алатын қабілеті мен көрегендігіне, ұжымды бір қолға ұйыстыра білу шеберлігіне байланысты ғой. Ол Байғанин аудандық ұлт аспаптар ансамбліне халықтық атағын алып берді, Ерсайын Елубаев, Зәйтуна Губайдуллина, Геннадий Шульга сияқты әншілердің бағын жандырды.

90-жылдары осы жақтағы рухани өмірдің шырағын жаққан Ақтөбе пед­институтының ректоры Мұхтар Арын осы оқу орнында музыка кафед­расын ашып, 40 адамдық оркестр құрды. Бірақ Мұх­тар Ғалиұлы өмірден өткен бойы ка­федра да жабылды, оркестр де та­рады. Ұлт­тық өнерді ұлықтау жолын­дағы кө­рін­бес кедергілер мен суық көзқарас ұлт­тық аспаптар оркестрін ұйым­дас­ты­ру үшін жарты ғасыр жүгірген Қожан­баев­тың өмірбақи қыр соңынан қалмай келді.

Ақтөбеде оркестр ұзақ уақыттан соң 2003 жылы құрылды. Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі атағын алғанда, өзі оның көркемдік же­текшісі әрі бас дирижері болды. Тәлім алған талантты шәкірттері жан-жақ­қа тарағанда Қожанбаевтың қасында Ақ­тө­беде қалған шәкірттері – Марат Әйті­мов, күйші Жайлау Асылхан. Олар өт­кен ғасырдағы Ақтөбені еске түсі­ретін, көненің иісі шығып тұратын музы­калық колледжді құтты ұямыз дей­ді. Қазақ му­зыка өнерін әлемге та­ныт­қан Димаш Құдайбергеннің де жү­рек қа­лауымен келген алғашқы оқу орны Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі.

 

Ахмет Жұбановтың шәкірті

«Музыка қоғамның рухани бағдарын түзеп, адамдардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің таза болуына ықпал етеді. Қай заманда да ән-күйсіз адам өмірі сүреңсіз болады. Ән жан-жүрегіңді сағыныш бау­рап алғанда туады ғой. Мен ерке Жайық­тың бауырындағы шағын ауылда өскен баламын. Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық курсында оқып жүргенімде туған жерге деген сағыныштан «Ақ Жайық» әні туды. Сөзі – Ғафу Қайырбековтікі. Шынымды айтсам, осы кезге дейін ән, күй шығарған күндерді жазып жүрген емеспін», дейді композитор.

Ол 1938 жылы Атырау облысы Есбол ауданы (қазіргі Индер) Құмшынақ ауылында дүниеге келген. Зобалаң жылдары жарық дүние есігін ашып, балалық шағы соғыс ауыртпалығына тап келген ұрпақтың бірі. Әкесі Үсенғали со­ғыс­та хабар-ошарсыз кеткен. Қазбек бас­тауыш мектебіндегі мұғалімі Қалу Қал­бағаев домбыра ұстауды үйреткен. 1955 жылы Индер ауданы Кулагино мектеп-интернатынан онжылдықты аяқ­тап, аудан­дық мәдениет үйінде көркемдік же­тек­ші болып жұмыс істейді. Соғыстан ке­йінгі жылдары елде көркемөнерпаздар фестивалі жиі ұйымдастырылатын. 1957 жыл­дың мамырында Атырауда аудан көркемөнерпаздары фестивалі өтеді. Осы фестивальге ел ішінде сақталған қа­зақтың ән-күй нұсқаларын, халық ком­позиторларының өмірдерегін жинап жүрген Ахмет Жұбанов келіп қа­ты­сушыларға халық композиторлары күй­лерін орындау тәсілін үйретіп, ауыл өнер­паздарының кемшіліктерін түзейді. Жас жігіт ауылына келген соң Алматы консерваториясына барып, бағын сынауға шешім қабылдайды.

«Қабылдау емтиханын Ахмет Жұба­нов, Малгаждар Әубәкіров, Фатима Бал­ғаева, Құбыш Мұхитов, Сарбай Болатов жүргізді. Мен қабылдау емтиханында Құрманғазының «Бозшолақ» күйі мен Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» кү­йін орындадым. Сынақтан сәтті өтіп, кон­серваторияның даярлық курсына қабыл­дандым. Алғашқы екі жылда музыка учи­лищесінің оқу бағдарламасын мең­гердік. Консерваторияны жеті жылда тәмамададым. Консерваторияда ха­­лық аспап­тары кафедрасының мең­геру­шісі болып жұмыс істейтін Ахмет Қуан­ұлы Жұбанов қазақ халық музы­касы­ның тарихы, дирижерлік өнер мен аспап­тану пәндерінен сабақ берді. Ол лек­торлық шеберлігі жоғары, тілі майда, кеңінен ойлайтын байыпты кісі ғой. Ди­ри­жерліктің жалпы курсын Латиф Хамиди, ал арнаулы курс­ты опе­ра театрының дирижері Тұрғыт Осма­нов жүргізді. Кейін Мәскеудегі Үл­кен театрға ауысқан Татарстанның халық әртісі Фуат Мансуров, белгілі дири­жер Алексей Ковальский сабақ берді. Домбыра сабағын Қабидолла Тасманов, Құбыш Мұхитов, Малғаждар Әубәкіров оқытады», дейді Қайырғали Үсенбайұлы ұстаздары жайында. Өзі Ахмет Жұбановтан тәлім алғанын зор бақыт санайды: «1917 жылға дейін қазақ­та кәсіби музыка болмады, әркім дом­бырада өзінше ойнады. Ахмет Жұба­нов Алматыда өзі ашқан музыка учи­лищесін басқарып, кейін оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезінде де қазақтың ұлт аспаптарын жетілдіруді қолға алып, қобыз бен домбыраның түр-түрін жасайтын шеберхана ашты. Ленинград консерваториясында алған білімін осы­лайша елінің кәсіби музыка өнерін да­мытуға аянбай жұмсады», дейді ұстазы жөнінде.

 

Оркестрді бағындыру оңай емес

С.Бәйішев кітапханасындағы кездесуде Қайырғали Қожанбаевқа «Сахнада оркестр ойнап тұрғанда, арасынан бір аспап ілеспей қалса, оны дирижер бір­ден байқай ма?» деген сауал қо­йылды. «Оркестрде алуан түрлі му­зыкалық аспап бар. Үрмелі аспап пен ұрмалы аспапты біріктіріп ойнату дайындықсыз келген дирижердің қо­лы­нан келмейді. Бір сөзбен айтқанда, оркестр – жұрт алдында көп аспаптың бір аспап сияқты ойнауы. Ол үшін ең алдымен дирижер музыка құрылымын түсіну керек. Оркестрдегі әр аспапты жеке-жеке есту оңай емес. Музыка дыбыстарын естуге келгенде әркімнің қабілеті әртүрлі. Әр музыка аспабының дыбысы да әртүрлі болып келеді ғой. Мәселен, қобызға қарағанда қос ішекті домбыраның дыбысы төмен болады. Адамның есту қабілеті де әртүрлі. Біреудің есту қабілеті өте жоғары болады. Оны ең жоғары есту қабілеті дейді. Яғни дирижер аспапсыз берілген дыбыс деңгейін бірден анықтайды. Менің шексіз есту қабілетім жоқ, менікі оқу арқылы меңгерілген қабілет. Дирижерге қиындық туғызбау үшін оркестр музыканты алдындағы нотаны анықтап оқып, партияны жақсылап ойнауға тиіс. Соған қарамастан адам музыка қа­былдау қасиетін өзі қалыптастыра ала­ды. Мәселен, атақты дирижер Фуат Ман­сұровтың абсолютті есту қабілеті бол­маса да, өзін-өзі жетілдіру арқылы есту қа­білетін абсолютті деңгейге жоға­рылатты. Ол Алматы консерватория­сынан Татарстан, Мәскеудегі сим­фо­­ния­лық оркестрлерді басқарып, атақты дирижерлердің қатарына қосылды».

1980 жылдары Қайырғали Қожан­баевтың «Гүлдәурен» әнін «Әлия гүлі» ан­самблінің қыздары орындауында кеңінен танымал болды. Ансамбль әншілері осы әнді шетелдік гастрольдік сапарларда талай шырқады. Ал оның «Ризамын, тағдырға» әні Марат Әйті­мовтің орындауында жоғары орын­даушылық деңгейге көтерілді. Облыстық кітапханадағы басқосуда Қазанғап атын­дағы байқаудың бас жүлдегері Құр­манғазы Асылханов «Қайырғалидың желдірмесі» күйін орындады. Айта кету керек, Қайырғали ағамыз – он шақты күйдің авторы. Тағдырын Ақтөбемен байланыстырып, жары Ғалия апаймен бірге алпыс жыл қол ұстасып бір­ге өмір сүріп келеді. Кейінгі жылдары көзі көрмей, үйден шыға алмай қал­ға­ны болмаса, бойын тік ұстап, баяғы дег­дар­лық болмысын сақтап жүр. Ол кісінің қызы Бибінұр – еліміздегі алдыңғы ­қа­тарлы пианистердің бірі. Кездесуде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситетінің доценті Әбдірашид Ра­йым­бергенов ұстазының өмір бойы сабырлы да байыпты болмысынан айнымай, өнерге адалдығымен шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқанын айтты. «Сахнаны, өнерді, көрерменді сыйлауды, қарапайымдылық пен кісілікті осы кісіден үйрену керек» деп түйіндеді. Ертеректе ел ішін аралап, отыз адам әзер сыятын ауыл клубының сахнасында алыс жолдан шаршап-шалдығып жетсе де, оркестрге барлық шығарманы соңына дейін орындатып, жиналған жұртты талай риза дирижер болғандығын айтып өтті. Тағы бір шәкірті, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов: «Қа­зақ музыка мәдениетін кәсіби түрде дамыт­қан алыптардың көзін көріп, тәлімін алған Қайырғали Үсенбайұлы – ғасырға жуық ғұмырында адал жүріп, анық басқан тума таланттардың соңғы тұяғы», деп баға берді.

 

Ақтөбе облысы