Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы академиялық драма театрда «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңейтілген кеңес өтті. Жиынның модераторы, «Аmanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов білім саласы қызметкерлері мен ата-аналар қатысып отырған кеңес облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылғанын айтып, талқыға салынатын тақырыптарды таратты.
Еңбектің адам өміріндегі маңызы жайлы қанша айтсақ та, онымыз бүгінгі қоғамның келбетімен қабыспай тұрғанын жасырудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желіде жарнамасы жарқылдаған жеңіл өмір елесі жастарды «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге еліктіріп кетіп-ақ тұр. Ал өмірдің барлық саласында еңбекқор, шығармашылық іс-әрекеттерге қабілетті, еркін ұрпақ тәрбиелейміз десек, отбасы, мектеп, қоғам және жұртшылықтың тәрбиесі кіріктірілуі керек.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы 20-30 жылдың көлемінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты көп олқылық жіберіп алғанымызды айтты. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен сол уақытта білім мен тәрбиеде жіберген кемшіліктің бүгінгі көрінісі бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтар мен жік-жікке бөлініп, жаға жыртысу болып тұр.
– Білім саласындағы тағы бір мәселе – мектептер арасындағы алшақтық. Мысалы, еліміздегі оқушылардың 44 пайызы ауылдағы мектеп партасында отыр. Бұл балаларға зияткерлік мектепте білім алатын қатарласының деңгейіне жету үшін кемінде алты жыл уақыт қажет екен. Осы орайда қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы бойынша қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін сәйкестендірудің маңызы өте зор, – дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Жиында облыстық полиция департаменті мамандары кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы хабарлама жасады. Бірлесіп атқарған профилактикалық жұмыстар нәтижесінде 6 415 құқықбұзушылық анықталса, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 305 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылыпты. Осыған байланысты 5 мыңнан астам жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет баяндама жасап, бала тәрбиесіндегі бірқатар мәселені атап өтті. «Осыған дейін балаға берілетін білімнің құрылымы мен мазмұны басты орында болып келсе, алда мектептегі тәрбие жұмысын жаңарту, оны заман талабына лайықтауға міндеттіміз. Қазір әлемдік педагогиканың өзінде тәрбие білімнің алдына шыққанын көріп отырмыз», деді басқарма басшысы.
Қазір кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзу, топтық төбелес, қыз балалар арасындағы әлімжеттік, буллинг, кибербуллингтің көбейіп тұрғаны мектеп қабырғасында білім берумен қатар, ұлттық тәрбиеге ден қойып, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін аңғартады. Басқарма басшысының хабарламасында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс пен құқық бұзу 36,7 пайызға, топтасып жасалған қылмыстар 30,8 пайызға төмендегені айтылды. Бірақ бала тәртібін қадағалауда босаңсуға болмайтынын естен шығармаған жөн. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың барлығы да сабақтан тыс уақытта болған. Демек ата-ата «балама мектеп жауап береді» деген ойдан алыс болуы керек.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Мырзанова мен Балалар құқығы мәселелері бойынша өңірлік уәкіл Ж.Ұзақбаева тақырып аясында баяндама жасады. С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейіндегі ата-аналар комитетінің төрағасы А.Қосанова білім ошағындағы «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі» және «Аналар академиясының» жұмысы оң нәтиже беріп отырғанын атап өтті.
Ал бұл кездесуге облыс әкімі ғана емес, әке ретінде ашық пікірлесу үшін келгенін айтқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірде балалар үшін атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жыл «Балалар жылы» деп жарияланып, демеушілер қолдауымен аймақта құны 1,6 млрд теңге болатын 80 спорт-ойын алаңын пайдалануға бердік. Бұрын мұндай игілікті тек қала орталығындағы балалар көріп келсе, бұл жолы шеткері аймақтардың да жеткіншектерін қуантуға тырыстық. Өткен жылы 19 балабақша ашылып, 6 мектепті тапсырдық, жағдайы апатты деп танылған екі білім беру ұйымының мәселесі шешімін тапты. Жалағаш ауданында 250 орындық заманауи оқушылар үйі ел игілігіне берілді. Үкімет басшысының облысқа сапары барысында 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, көпсалалы спорт кешенін салу жобасы қолдау тапты, – деді облыс әкімі.
Білім саласындағы бастамаларға жергілікті ірі компаниялар да демеушілік танытып отыр. Осы жылы «ҚазГерМұнай» мекемесі заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастайды. Алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында 150 орындық мамандандырылған екі мектеп дарынды балаларды қабылдамақ. Облыста үш жылда 64 балабақша ашу жоспарланып отыр. Осылайша, 11 мыңға жуық балдырған мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Биыл Жаңақорған, Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында 940 орындық 4 мектеп пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 білім ошағы салынады. Аймақта жеке мектептердің де үлесі артып келеді. Қазірдің өзінде өңірде осындай 21 білім ошағы жұмыс істесе, алдағы үш жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдіріп отыр.
Өңірдегі жетістіктерді саралаған аймақ басшысы қоғамда белең алған интернетке тәуелділік, құмар ойынға салыну, оқушылар арасындағы әлімжеттік және өзге де мәселелердің алдын алуда тиісті басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін іс-шаралар кешенін қолға алуды тапсырды. Жиын қорытындысында отбасы құндылығын нығайтып, жас ұрпақ тәрбиесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған үндеу қабылданды.
Қызылорда облысы