• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 07 Ақпан, 2023

Зияткерлердің шетелде кездесуі

440 рет
көрсетілді

Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері Франкфурт қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығында кездесті. Онда «Alumni NIS» қағидаттарына айналған «Otanyńdy sui, Älemdi özgert, Adal bol» жалынды сөзі басты ұранға айналды. Неміс жерінде білімін шындап жатқан жастар ұстаздармен емен-жарқын әңгімелесіп, елге алғысын жаудырды.

Иә, NIS әлемді бағындыруды көздеген жастар үшін нағыз әлеу­меттік лифтке ұласып, үлкен мүмкін­діктер мекеніне айналды. Оны қазақ балаларының талабына таңдай қақ­қан әрбір шетел азаматы мойындайды. Мәселен, Hochschule Rhein-Waal студенті Амина Бақтиярова Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов атындағы қарапайым ауыл­дық мектептен қанат қаққан білім иесі. Бүгін­де неміс ті­лін жетік меңгеріп, өрі­сін кеңейтіп жатыр.

– Бір шет тілін меңгерудің аздық ететінін түсініп, неміс тіліне қызыға бастадым, 12-сыныпта IELTS емтиханынан 8.0 балл жинап, қатарынан бірнеше университетке, соның ішінде Экономика жоғары мектебіне грантқа шақырту алдым. Мен Германиядағы Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университетін таңдадым. Ол Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Клеве қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта биоинженерия саласында оқимын. Қазақ­стандық ғылымда, соның ішінде фармацевтикада өзімнің қолтаңбамды қалдыруды армандаймын. Бос уақытымда шығар­машылықпен айналысып, ағылшын ті­лін­де өлеңдер жазамын, екі кітап шы­ғарып та үлгердім, – дейді А.Бақ­тиярова.

Оның айтуынша, ауылдағы мектепте оқып жүрген кезінде шетелде білім алып, бірнеше тілді жетік меңгеремін деген ой мүлде болмаған. NIS асқақ арманына баспалдақ болды. Зияткерлік мектепке түскеннен кейін өзіне деген сенімі артып, «Отан алдындағы жауапкершілік», «академиялық адалдық», «қоғамға қыз­мет ету» ұғымын бойына сіңіреді.

Мойындау керек, Назарбаев Зияткер­лік мектептері өз оқушыларына бірегей үміт пен мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылар Германиядағы биохимия, цифрлық технология, машина жасау, инженерия, логистика және экология салаларында мамандандырылған үздік университеттерде білім алуда. Соның бірі – Бейбарыс Есенгелдин. Ол екі жыл бұрын Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-ті тамамдаған. Қазір Szent Istvan University-де оқиды. Жоғары оқу орнында Бейбарыстың жараты­лыстану-математикалық бағыт­тағы академиялық дайындығы ғана емес, NIS-тің жан-жақты білімі мен маңызды адами қабілеттерге баулитыны таңғал­дырды.

Талдықорғандағы Зияткерлік мек­теп­тің түлегі, бүгінде Technische Hochschule Würzburg-Schweinfurt студенті Назира Өмірбековаға ата-ана­сы осы жиыннан қалмауға кеңес берген. Ал Алматыдағы физика-матема­тика бағытындағы NIS түлектері Ели­кай Атабаева Мюнхен техникалық университетінде, Әдия Бекдәулетова Швайнфурт қолданбалы ғылымдар университетінде, Мадина Қарақұлова Мюнхендегі Людвиг және Максимилиан университетінде оқиды. Олар да осы жиынды асыға күткенін жасырмады.

Басқосу барысында Кристина Му­ляр Павлодардағы NIS түлектерінің алғашқы легін таныстырды. Бүгінде ол Гамбургте жұмыс істейді. Мектептегі акаде­миялық дайындығының нәтиже­сінде университеттегі замандастары­нан ерекшеленгенін мойындады. Петро­павл­дағы NIS-тің өкілі Ангели­на Бендер Technische Universität Munchen-де цифрлық технологиялар сала­сын меңгерген маман. Бүгінде ол Герма­ниядағы ең ірі сақтандыру компа­ния­ларының бірінде жұмыс істейді және сүйікті мектебінен мүмкіндіктер мен үлкен қолдау алғанын жасырмайды. Оралдағы NIS түлегі Данел Бегалиев Бранденбург қаласынан келген. Ол Котбус-Зенфтенберг техникалық уни­вер­ситетінде қоршаған ортаны басқару мамандығы бойынша оқиды. Ал Әлихан Нұрдәулет елордадағы физика-математика зияткерлік мек­тебін бітірген. Қазір Karlsruher Institut fur Technologie-де машина жасау мамандығында білім алуда.

Абдуллаким Замирбекуулу кездесу­дің күтпеген әрі ерекше қонағына айналды. Ол – болашақ дата-аналитик, The University of Messina-да білім алуда. Бішкек халықаралық мектебінің түлегі Абдуллаким Назарбаев Зияткер­лік мектептерінің түлектеріне тән қасиеттердің арқасында табысқа жету­дің жолын түсіну үшін Италиядан Франк­фуртқа арнайы ат басын бұрған.

Кездесудің шырайын келтірген Еуропаның озық университеттерінің үздік студенттері Зияткерлік мектептің түлектері. Олар NIS бауырластығын мақтан тұтады. Қиын уақытта бір-біріне қолдау көрсетіп, жеке оқиғаларымен шабыттандыруға әрқашан дайын. «Зият­керлік мектептер түлектерінің басты артықшылығы – академиялық жетіс­тіктер емес, адами қасиеттер», дейді А.Замирбекуулу.

Германияның әр жерінде тұрып, білім алып жатқан кездесу қатысушылары алғаш рет Франкфурттегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығында жиналып отыр. Дипломаттар тарапынан жасалған жайлы әрі отбасылық атмосфера, шынайы диалог пен дәмді дастарқан үйлерінен жырақта жүрген балалардың көңілінен шықты.

– Бүгінде Германияда білім алып жатқан әрбір қазақстандық студент – өз елінің өкілетті өкілі, олар Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және қазақтың басқа да біртуар перзенттерінің рухани мұрасын әлемге танытуда, – деп атап өтті Франкфурт қаласындағы Бас консул Тауболды Үмбетбаев.

Жиын соңында «Назарбаев Зияткер­лік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова әрбір түлек елге қызмет ету керектігін айтты. «Германиядағы кездесу желтоқсан-қаңтар айларында NIS түлектерінің туған жерінде басын қосқан бірінші «Samgau» форумының заңды жалғасы. Зияткерлік мектептің әрбір оқушысы, мұғалімі, ата-анасы біздің түлектеріміздің Қазақстанды әлемге лайықты танытып, «Alumni NIS» қағидаларына айналған «Отанды сүю», «әлемді өзгерту», «нағыз тұлға» болуды насихаттайтынын мақтан тұтады», деді К.Шәмшидинова.

Келелі кездесу қорытындысында түлектер естелік суретке түсіп, тар­қады.